• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 22 Мамыр, 2023

Ақынның «Болмаған балалық шағы»

943 рет
көрсетілді

Ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағының» әу баста повесть болып жарық көріп, оқырман жүрегіне жеткенінен кітапсүйер көзіқарақты қауым хабардар. Көңіл пернесіне дөп түскендігінен де болар, соңғы кезде айтулы шығарманы сахнаға шығаруға ниетті режиссерлер де көп. Соның бірі – осыдан бір ай бұрын Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Фархат Молдағали қолтаңбасымен қойылған нұсқасы болса, енді міне, елордалық Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік комедия және драма театрында жас режиссер Әли Бидахметтің сахналық сараптауында тағы бір туындының тұсауы кесілді.

Атауы айтып тұрғандай, жетім ба­ланың тағдырынан сыр шертетін авто­биографиялық әңгіме желісі көмескі тартқан өткен жылдарды суреттейді. Драмада автор Ақберен Елгезектің қия­лындағы ғұмыры, өмірден көрген тау­қыметі, арпалысқа түскен бақытсыз күн­дері бейнеленген. Əкесінен жас­тайынан айырылған ол, анасынан да тірідей айырылып, қоршаған ортадан пана іздейді. Өмірден өзі армандаған орнын табуға ұмтылған мақсаты, ұлы мұраттарға бас­тар асқақ арманы баян­далатын драма режиссерді ең әуелі шы­найылығымен баурап алыпты.

«Ақын Ақберен Елгезектің «Болма­ған балалық шағын» оқып шыққаннан кейін қатты толқыдым. Жүрекке жеткен шығарма болды десем де болады. Әдетте, көпшілік шығармашылық адамдары «тағдырым ұқсас болғандықтан осы туындыға тоқтадым» деп айтып жатады ғой. Менде ондай сәйкестік жоқ. Бірақ бұл – өміршең дүние, өмірде болған оқиғаларды баяндайтын тағдырлы туынды. Оның үстіне өзім де Ақберен аға­ны іздеп жүріп оқитын оқырмандары­ның бірімін. Әсіресе поэзиясын жақсы көремін. Сондықтан сүйікті авторымның шығармасын сахнаға алып шыққаным мен үшін үлкен бақыт десем де болады. Бұл туындының өміршеңдігі сол – әрбір көрермен тұтастай шығармадағы оқиғаны басынан кешірмесе де, әрқайсысы өзінің балалық шағындағы сәттермен жолығады деп ойлаймын. Автордың кітапқа жазған балаң шақтағы қияли ойлары талай тағ­дыр­ластарының өткенін еске алуға сеп­тігін тигізеді деп сенемін. Бүгінгі қойы­лымнан кейін лебізін айтып келген көрерменнің риясыз көңілі соның айғағы», дейді спектакльдің режиссері Әли Бидахмет.

Повесті төрт жыл санасында әбден пісіріп алып, сахналық нұсқасын жасаған режиссердің суреткерлік шешімімен драмада оқиға негізінен автордың атымен баяндалады және сол негізде қойылым сюжеті әрі қарай өрбіп отырады. Әрине, театр ұжымдары әсіресе прозалық шы­ғармаларды сахнаға шығаруда мұндай тәжірибелерге жиі барғанымен, дәл осы туындыда бұл әдіс повестің спектакльге айналуына көп кедергісін келтіргендей әсерде қалдырды. Әдебиет тілі басқа, сахна тілі мүлдем бөлек екендігін ес­кер­сек, повестің қойылымға айналу үрді­сінде әлі де бір қайнауы ішінде кеткен әттеген-айлар көп. Соның бірі де осы – автордың атынан берілетін бірсыдырғы баяндау тәсілі. Осының салдарынан қойылым сахналық конфликті мен шы­тырмандығын бәсеңсітіп алған. Яғни инс­ценировканың әлсіздігінен қойылым повеске есе жіберіп алды, біздіңше. Одан бөлек, болатын оқиғалардың бар­лығы сюжетінен алдын ала хабар беріп қоя­ды, салдарынан сахна туындысы сыйлар эмоциялық әсерлер әлсіреп қалып жат­қанын да баса айту әділетті болады деп есептейміз. Қойылымға әлі де жүйелілік һәм сахналық туынды ретіндегі бей­несін айқындайтын көркемдік пен суреткерлік тәсілдер жетпей қалып жатты. Кейіпкерлер мінезінің мүсінделуі тұр­ғысынан екпін тек бас кейіпкерге түс­кен де, оның мінезі мен жалпы болмыс табиғатын, ішкі психологиялық күй­­лерін жеткізуге қызмет етуші айна­ла­­сындағы қосалқы кейіпкерлердің харак­­тері көмескілікке ұрынған. Ішінде жү­­рекке жететін жалғыз монолог естісек, ол – анасының қайын інісіне жазған хатындағы ана мен баланың байланысы турасындағы жүрек тебірентерлік аяулы сөздер ғана.

Режиссердің көрермен көңіліне күлкі сыйлаймын деп сахнаға көлікті шығарып, оның ішіндегі ер мен әйел арасындағы қарым-қатынасты тәптіштей баяндауға ұмтылған шешімдерін де театр мәдениеті мен эстетикасы биігінен қарасақ, аса сәтті шешімдер деп айта алмас едік. Бірақ дәл осындай арзан дүниелерді режиссер езуге күлкі шақырудың һәм өткен дәуірдің атмосферасын беруші басты көркемдік құралдары етіп алуы көңілді күмілжітті. Шыны керек, сахнаға ескі машинаның жарығын жағып шығып келе жатқанын көргенде елең етіп, жаңалық күткен көңілмен жадырай қарсы алғанымыз рас. Алайда әрі қарайғы оқиғаның өр­буі, өкінішке қарай, ол үмітті ақтамады. Алдыңғы оқиғалармен еш қабыспайтын, тек қолда бар сахналық реквизиттерді ретті-ретсіз пайдалана салу үшін ғана жасала салған сәтсіз шешімдердің біріндей әсер қалдырды. Есесіне, сценография жағынан ізденістер көңілге құрмет ор­нық­тырды. Сахна төрінен көрініс берген жауын мен бас кейіпкердің өксік толы жанының қабысуы немесе жарқыраған баданадай жұлдыздармен егіз өрілген болашақ ақынның арманшыл көңілі – осы сынды сәтті шешімдер аз да болсын театрдың заманауи техникалар сый­лаған жетістіктерін паш етті және сонысымен көңілге қуаныш та сыйлады. Қойылымды музыкамен көркемдеген Сұлтан Тұрсынбековтің ізденістеріне де қуана қол соқтық.

Ал жоғарыда атап өткеніміздей, екпін түсірілмегендіктен де жарқырай көрінуге тиісті, драмаға өткірлік сыйлауға қызмет етер қосалқы кейіпкерлердің көпшілігінің мінезі көмескі тартқан, әлі де ізденіске сұранып тұр. Салдарынан бас кейіпкер бейнесі де солғындыққа ұрынған.

– Бұған дейін де «Маугли» сияқты ертегілерде балалардың рөлін ойнап жүргеніммен, дәл Ақош сияқты тағдыры қиындыққа толы кейіпкер бейнесін шы­ғару оңай болған жоқ. Спектакльге да­йындалған бір жарым ай уақыттың ішінде барынша жан-жақты ізденуге тырыстым, ішкі эмоцияларыма ерік бердім. Одан кейін премьерадан бұрын автормен алдын ала кездесіп, көңілімізде жүрген сұ­рақтарымызды қойып, сауалымызға то­лыққанды жауап алуымыз да рөл сом­дауға көп көмегін тигізді. Әрине, автор­дың алдында оның прототипін ойнау оңай емес. Бірақ Ақберен аға бізге барлық жағынан еркіндік берді. Кейіпкерімізді іштей қалай көрдік, солай сахнаға да барынша шынайы шығаруға тырыстық», дейді спектакльде бас кейіпкерді ойнаған актер Қазыбек Аманжол.

Рас, режиссер де, актер де баса атап өт­­­кен­дей, болған оқиғаны, боямасыз өмір­­­ді баяндайтын шығарма қай кезде де кө­­­рер­­мен көңіліне жетеді. Осы тұрғыдан кел­­­генде «Болмаған балалық шақ» өз діт­­­те­­генін бағындырды. Оны автор да қуаттады.

«Болмаған балалық шақ» екінші рет сахналанып жатыр. Бірінші рет Алма­тыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында талантты інім Фархат Молдағалиев қойды. Қойылым күні бүгінге дейін аншлагпен өтеді. Енді міне, Астанадағы Ә.Мәмбетов атындағы Мем­лекеттік драма және комедия театрын­да жас болса да талантты режиссер Әли Бидахметтің сарапта­уында повесіме тағы бір сахналық өмір сыйланды. Екеуі екі бөлек спектакль, екі бөлек режиссердің көзқарасымен қойылды. Сондықтан да әр қойылым­ның әсері бөлек. Контрасты душ қабыл­дап тұрғандай бір күліп, бір жыладым», деп қойылым соңында сахна төріне көтерілген автор Ақберен Елгезек «Бол­маған балалық шағы» туралы сөзі мен сезімін тебірене түйіндеді.

Өмірдің өзінен өрілгендіктен де ақынның «Болмаған балалық шағы» көрерменін түрлі көңіл күйге жетеледі. Күліп отырып жылаған да, жылап алып күлген де көрермен көп болды. Демек қойылым көпшілік көңіліне жетті. Ал біз айтқан азды-кем кемшілік уақыт және дайындықпен бірге өз орнына түседі деп сенеміз.