• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Мамыр, 2023

«Әулиеата жастары»: 40 отбасының баспана қуанышы

410 рет
көрсетілді

Көздерінде от ойнаған жастары мықты елдің келешегі жарқын екені рас. Бүгінде билік тарапынан жалынды жастарды қолдау мақсатында ілкімді істер қолға алынған. Ал биылғы наурыздан бастап, еліміздегі 14-35 жас аралығындағы азаматтар жас­тар санатына қосылды. Бұрын 14-29 жас аралығындағы азаматтар жастар санатына жататын.

Еліміздегі «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің нәтижесінде Қазақстандағы жас буынның саны 3,5 миллионнан 6 миллионға жетсе, Жамбыл облысында 93 мыңға артқан. Өңірде салаға қатысты жұмыстар жүйелі түрде жолға қойылған. Әсіресе, NEET санатындағы жастармен нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оларды жұмыспен қамту мәселесіне жергілікті атқарушы билік өкілдері басымдық беріп отыр.

«Бүгінде облыс жастарының саны 327 мыңнан асады. Бұл өңір халқының 26,8 пайызын құрайды. Олардың 41,9 пайызы қалалық болса, 58,1 пайызы елді мекендерде тұрады. Облыс бойынша барлық «Жастар ресурстық орталықтарында» NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу бөлімі ашылып, аталмыш жастармен жұмыс жүргізетін инспектор бекітілді», дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде жұмыссыз жүрген жастардың саны бірінші тоқсанның қорытындысымен 5,1 пайызды құраған. Бүгінде NEET санатындағы азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне назарға алынып отыр.

«Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірде NEET санатындағы жастардың үлесі 8,6 пайызды құрайтыны анықталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, өңірде анықталған 36 987 уақытша бос жүрген жастың әлеуметтік мәртебесін анықтау мақсатында адрестік талдау жұмыстары жүргізіліп, «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйеде өзектендірілді. Адрестік талдау жұмыстарының нәтижесінде 5 818 азаматтың NEET санатындағы жастардың қатарына енгені анықталды. Осы жылдың 1 мамырындағы дерек­терге көз жүгіртсек, жұмыспен қамту мекеме­лерінің ықпалымен 35 жасқа дейінгі 8 988 жас азамат жұмыспен қамтудың белсенді шарала­рына тартылған. Олардың қатарында уақытша жұмыссыз жүрген 140, пробация қызметі тізімінде тұрған 16 тұрғын бар. Нақтырақ айтар болсам, 3 106 адам бос тұрған жұмыс орындарына орналасса, 553 жас онлайн оқуға, 631 түлек «Жастар тәжірибесіне», 275 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 1 836 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сондай-ақ 12 жас «Ұрпақтар келісімі шарты» жобасына, 149 азамат «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 2 335 азамат «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданды, 91 жас қайтарымсыз грант алды», дейді Ж.Зұлпыхар.

Басқарма басшысы келтірген деректерге сенсек, өңірде ұйымдастырылған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі де жастардың екі қолға бір күрек ұстауына сеп болған. Нәтижесінде 111 адам ақылы қоғамдық жұмыстармен қамтылса, 168 азамат тұрақты жұмыс орындарына жолданған. Ал «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында жолданған азаматтардың саны 50 түлекті құраған. Өңір жастарын маусымдық жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмаған.

«Өңір жастарын жұмыспен қамту мәселесіне облыс әкімі Нұржан Нұржігітов айрықша ден қойып отыр. Биыл жергілікті бюджет есебінен 136,2 млн теңге қарастырылып, 1800 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланды. Қазіргі таңда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы өз жұмысын бастап, Тараз қаласы мен аудандардан жалпы 556 жас маусымдық жұмыстарға тартылса, оның 92-сі уақытша бос жүрген жұмыссыз жас екенін айта кеткен жөн», дейді ол.

Өткен жылы қолға алынған «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында жеңілдікпен несие алып, баспанамен қамтылған жастардың саны арта түсті. Олардың қатарында облыс орталығы Тараз қаласының тұрғындарынан бөлек, барлық ауданның азаматтары бар.

«Өңірімізде 2022 жылы басталған, облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасының жастардың үйлі болуыны зор мүмкіндік тудырғанын айтпай кетуге болмас. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пәтерге зәру жас отбасылар арманына жетті. 2022 жылы бағдарламаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 млн теңге қаражат қарастырылды. Бағдарлама аясында тұрғын үй алуға барлығы 737 өтінім түсіп, 89 қатысушыға «Отбасы Банк» АҚ-на жолдама берілген. «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалы тарапынан 40 қатысушының өтінімі мақұлданып, аталған азаматтар бағдарламаның шарапатын көріп, баспаналы болды. Жаңа пәтерге қоныстанған жастардың 35-і тараздық болса, қалған бесеуі – аудандарда тұратын азаматтар. Жалпы алғанда білім беру саласының – 12, денсаулық сақтау саласының – 21, спорт саласының – 2, мәдениет саласының – 2, журналис­тика саласының 3 маманы тұрғын үймен қамтылды. Аталған бағдарлама аясында атқарылатын жұмыс аз емес. Баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы сомасы 2 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 1 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 1 млрд теңгесі «Отбасы банк» АҚ тарапынан қарастырылды. Өңір жастары үшін мол мүмкіндік тудырып отырған бағдарлама аясында жобамен биыл 140 жасты баспанамен қамту жоспарланып отыр», дейді Ж.Зұлпыхар жағдайды түсіндіріп.

Жауапты басқарма басшысының айтуынша, NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Сондай-ақ «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды ширата түсу назардан тыс қалмақ емес.

 

Жамбыл облысы