• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Ауыл 22 Мамыр, 2023

Үкімет ауылды қалай түлете алады?

506 рет
көрсетілді

Ел Үкіметі ауылды дамытуды қолға алып жатыр. Құптарлық шара. Енді «Үкімет ауылды қалай дамытады?» деген үлкен сұрақ туады. Өйткені өткен кемшіліктерден сабақ алып, содан дұрыс қорытынды жасай ала ма деген күрделі сауал жалпы халықты мазалайтыны анық. Осыған дейін жүріп өткен жолымыздағы ең үлкен қателік – ауыл шаруашылығы сауатсыз жекешелендірілгені туралы белгілі ғалым, экономист Бейсенбек Зиябеков көп дәлелмен тәптіштеп айтып берді.

Мұнымен бірге, қателіктердің басында «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген қисық-қыңыр қағида тұрды. Әр нәрсе өз заңдылық алгоритммен жүретінін билік басындағылар білмеді дегенге ешкім сенбейді. Қандай да бір елдің экономикасы дұрыс саясатсыз алға жылжымайды. Түбі бәрібір саясатқа барып тіреледі. Халықтың әлеумет­тік мәселесі де сауатты жүргізген экономикалық саясаттан нәтижелі шешімін табады. Осы тұрғыдан келгенде, 30 жылда реформа жасалған әр салада қателіктер болды. Билік содан пайдалы қорытынды жасап отыр ма, жоқ па – әлі беймағлұм... Елдің экономикалық саясатын дұрыс бағытта жүргізу үшін алға қойған мақсаты айқын болуы керек. Қазіргі Үкіметтің нақты мақсаты әлі анық көрінбей тұр.

Ал ендігі мәселе, ауылды қалай дамытамыз, әбден тозығы жеткен инфрақұрылымын қалай көтеруге болады дегенге келіп тіреледі. Үкімет осыны ескеріп, тәуелсіздікті алғаннан бері жіберген қателіктерін қайта зерделеп, оларды қайталамауды тағы бір пысықтап алғаны абзал.

Дамыған елдердің сауатты жүргізген реформалары мем­лекетті құрушы халықтың, титулды ұлттың менталитетіне, табиғатына, мінезіне, тарихына негізделіп жасалады екен. Ғалым Бейсенбек Зиябеков те өз тұжырымында дамыған елдердің рефор­малық экономикалық жетіс­тіктері өзінің тарихына, жүріп өткен жолына негізделгендіктен оң нәтиже бергенін айтады. Мысалы, Жапония мәдениетін, экономикасын, әлеуметін ауыл шаруашылығымен байланыстыру арқылы дамытқан мемлекет ретінде қаралады. Жапондар – ауыл шаруашылығын дамытпай, өндірісті дамыту мүмкін емес екенін терең ұғынған халық. Ал бізде бар дүние керсінше жасалды, аграрлық мемлекет бола тұрып, ауыл шаруашылығын құртып барып, индустриялық мемлекет боламыз дедік.

30 жылда мынадай-мынадай өндіріс орнаттық деп ауыз толтырып айтатын дүниеміз саусақпен санарлық қана. Оны халық жақсы біледі. Ауыл шаруашылығын сауатсыз жекешелендіру бір жағынан қарағанда білместіктен болған дүниеге ұқсамайды. Сол кездегі басшылық фермерлік шаруашылық орнатайық десек кеңшар, ұжымшар директорлары бөгет жасайтын сияқты. Сондықтан олар өздері басқарып отырған шаруашылықты жекеше­лен­діргенде 45 пайызын алсын, деді. Осыны пайдаланған кейбір пысық директорлар алдын ала қам жасап, кеңшар таралғалы тұрғанда, яғни жоғарыдағы нұс­қау жарлыққа ұлас­қанда әрқайсысы сол шаруа­шылық мүлігінің 45 пайызына иелік етіп, үлкен байлыққа кенелді. Басында халықты ұпай сандарымен біріктіргенімен соңы сиырқұйымшақтанып жоқ болды.

 Бұл тек кеңшарға қарасты мүлікті ғана емес, ауыл шаруашы­лық мақсатындағы жерді де осылай бөліске салды. Бүгінгі үлкен жер иеленушілердің бастауы осы кезеңдерден басталады. Осы жағдайдан кейін, нақтылап айтсақ 1997 жылдан кейін ауыл көшкен жұрттың орнында қалғандай болды. Ауылда ештеңе қалмаған соң жұмыс іздегендері үлкен қалалардың маңайын қара нөпірге айналдырды. Жаны сірі ауыл халқының жұртта қалғандары әсіресе қазақтар азын-аулақ малын өсіріп, тіршілігін жасады. Бұларды Үкімет әлемде жоқ ерекше бір әлеуметтік категорияға жатқызып, «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» деп ешбір санатқа қоспай әлеуметтік пакеттен үнемі қағып тастап отырды. Содан бұл әлеуметтік топ зейнетақы жинақтаушы қорларға қатыса алмады, зейнет жасы келгенде ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі зейнет ақымен аштан өлмес, көштен қал­мастың күйінде тіршілігін жал­ғап келеді. Бұл – ауылдағы әлеу­меттік жағдайдың жалпы көрінісі.

Бұдан өзге ауылдық аумақ­тарда ауыл кәсіпкерлері деп атала­тын фермерлер мен шаруа қожа­лық­тары бар. Оларды ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерді заң бойынша мемлекеттен жалға алушы жер пайдалану­шылар деп көрсетіп, жер пайдалану­шылардың есебін толтырып отыр. Олардың әр ауылдық аумақта әлеуеті әртүрлі, үлкені, орташасы бар. Тіпті шаруа қожалығының атын жамылып жүрген ұсақ­тары да кездеседі. Бұлар Үкімет­тен азды-көпті жеңілдік алып, жұмыстарын жүргізіп жүр.

Ал біздің бүгін көтеріп отыр­ған мәселеміз – жалпы ауыл­­дың ахуалы немесе елді ме­кеннің инфрақұрылымы, сондағы халық­тың тұрмыс-тіршілігі қан­дай де­ген сауалға жауап іздеуіміз керек. Өткен қоғамды, қазіргі билік­ті ауылға еш нәрсе жасамады десек, шындықтан алыстаған бола­мыз. Кезінде «ауыл жылы» деп бір жылдарды ауылға арнап, мә­дениет үйлері, спорт кешен­дері салынды. «Ақ бұлақ» бағдар­ламасы бойынша ауылдар таза ауыз су және интернетпен қамты­ғанын білеміз. Әйтсе де бұл шаралар ауылдың мәселесін 100 пайызға шешпеді.

Мүмкін атқаратын шаруалар шаш-етектен болар. Онда әуелі заңдылық негіздерді айқындап алу керек еді. Өйткені кейбір заңдардың бір-біріне қайшы келуі Үкіметтің өз жұмысында көп кедергі келтірді. Жүйелік ұстаным ежелден дұрыс жолға қойыл­мағанын жоғарыда айтылған дамыған елдердің мысалынан көруге болады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған жергілік­ті өзін-өзі басқару заңы күні бүгінге дейін жаңармай, енді ғана жобалық талқылауға шығып жатыр. Енді тым кеш қабылдануда. Елге керек бұл заңның кешігуінде ескі билік үшін өзіндік себептер бар болуы ықтимал. Егер осы заң Жер кодексінен бұрын қабылданса ірі жер пайдаланушылардың аяғына тұсау болуы мүмкін еді.

Ендігі жағдайда Үкімет ауылды дамытуда ең алдымен жергі­лікті өзін-өзі басқару заңын сапалы деңгейде қабылдауы керек. Ол үшін халықтық талқылауда ұза­ғырақ ұстағаны жөн еді. Әр ауылдың әлеуетін өздері анық­тайтын жағдайда ауыл әкімі аппараты мен кеңестің сүзгісінен өткен нақты бағдарлама керек. Енді муниципалды билік пайда болатындықтан өз бюджетін көтеретін тетіктер заңда нақты­лы көрініс тапқаны абзал. Үкі­мет тағы да сенімсіздігі мен сараң­дығына басып, бюджеттен ла­йық­ты қаржы бөле алмаса, ауыл еш­қашан көгермейді, көтерілмейді.

Ақпарат құралдарынан қарап отырсақ, кейбір жағдайда заңдар­дың шикілігінен қоғам өкілдері мен ауыл кәсіпкерлері арасында дауға ұласқан жағдайларды көреміз. Осыған зер салғанда, жер­гілікті өзін-өзі басқару заңы­ның жоқтығынан олардың жерге таласы етек алып бара ма деген ойға қаласың. Бұл орында екі жақты мәселе бар. Бірінші тарап, ауыл халқының азын-аулақ қолдағы малы жайылатын жер жоқ, жердің бәрі жеке кәсіпкерге берілген, дейді. Ал екінші тарап, кәсіпкерлер Үкіметке салығын төлеп бюджет бүйірін толтыруға септесіп отыр, деседі. Оған қоса, халықты азық-түлікпен қам­та­масыз етіп, ауыл адамдарына азды-көпті жұмыс орнын аш­қа­нын да айтады. Осынау жағдай­лар­ды тыңғылықты ойланбаса «әрі тартса өгіз өледі, бері тартса арба сынады» дегеннің кері болып кете береді.

Осы мәселеге келгенде тіпті Парламенттегі кейбір депутаттар халықтық популизмге салынып, бір жақты көзқарасқа кетіп жатқан сияқты. Негізі елдегі барлық ауыл бірдей емес. Тіпті оңтүстік пен солтүстіктің үлкен айырмашылығы бар. Әр ауылдың орналасқан жері үлкен өзен судың бойында болуы мүмкін. Шаруалар егістік жерлері су көзіне жақын жерде болуын қалайды. Ал депутат, шаруаның малына жер қалдырмай егіске алып қойды. Сондықтан әр ауылдың маңынан радиусы 7 шақырым жерді босату туралы Жер кодексіне норма енгізу керек, дегенді айтыпты. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде халық тығыз орна­ласқан жерлерде ауылдың ма­ңын­да жайылымдар тапшы болуы мүмкін. Ал солтүстік өңір­­лердегі ауыл маңында қолда ұс­тай­тын мал үшін жайылымға мүм­кіндіктер бар деп ойлаймыз.

Әрбір ауылдың орналасқан жері десте-десте қылып бір стан­дартқа салып қойғандай емес, әр елді мекеннің жағдайы әр бас­қа. Жалпы кабинетте отырып ауыл туралы біржақты шешім шы­ғаруға болмайды. Мүмкін ол жер­ге бірер рет барған шығарсың. Онымен ғана мәселенің анығына көз жеткізе алмайсың. Мұндайда қисынды шешімді ауыл әкімі және әр ауылда өзін-өзі басқару қоғамдық комитеті деген ұйымдар шеше алады. Сондықтан қазіргі жағдайда қоғамдық кеңестер тұралы заңды осы мәселеге үйлес­тіру ләзім. Аталған кеңестің туын­­даған мәселені ың-шыңсыз шеше алатын себебі, бұл ұйым­ның статусы ауыл әкімнің жанын­­дағы кеңесші-бақылаушы мәр­те­бесінде басқа қоғамдық ұйым­нан бір саты жоғары тұрады. Заң­да көрсетілгендей ұйымның шеші­міне және ұсынысына жоғар­ғы тұрған мемлекеттік орган және тағы басқа ұйымдар міндет­ті түр­д­е жауап қайтарады. Қайтар­ма­са заң алдында жауапқа тартылады.

Осы ұйым өз құзыретінде ауыл­дық аумақтың өзекті мәсе­лесін жіті қарап, ауыл әкімімен ақылдаса отырып, өз ұсыныстарын жоғарғы жаққа жолдай алады. Қандай да бір жағдайда ауыл-аймақтағы орын алған мәселе бір­неше топ адамдардың айғайымен шешілмейді. Сондықтан мәсе­лені ауыл аумақты жақсы біле­тін, ауылдың өзекті мәселесін жан-жақты талдай алатын, сол елді мекеннің тұрғындарынан құрылған ұйым ғана шеше алады. Әйтпегенде, Мәжілісте отыр­ған депутат немесе лауазымды шенеуніктер болсын ауыл кеңе­сінің жұмыс қорытындысына сүйенбей шешім қабылдаса, ол біржақты болып кетеді.

Мұндай ұйымның қазіргі күнде де ауылдарда жақсы жұмыс істеп жатқандары бар болуы мүмкін. Керісінше жұмыс істей алмай, аты барда заты жоқ болып жүргендері де кездесуі бек ықтимал. Оның бірнеше себебі бар:

Біріншіден, бұл ұйымға жетек­шілік ететін тұлға қоғамдық негізде жұмыс істейді. Оған өзінің негізгі қызметі мен ұйым жұ­мы­сын қатар алып жүру қиын соғатын болады.

Екіншіден, жұмыстың нәти­желі болуы осы ұйым жетек­шісінің өмір тәжірибесі, білімі мен біліктілігіне, дүние танымына тікелей байланысты.

Үшіншіден, ұйым мүше­лерін іріктеу кезінде сол адам­ның қоғамдағы орны және белсенділігі, сондай-ақ қандай мәселе болса да жан-жақты талдай алатын қабілеті болуы керек. Мұнымен бірге, тұлғаның тұрғындар арасындағы беделі, ұстамдылығы, сабырлығы өте маңызды. Осы орайда белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлының тұжырымды ой толғауын мысал­ға келтірсек: «Негізі қоғамдағы нақты іріктелген 10-15 адамның ақыл-ойы сол қоғамды түбегейлі өзгертуге жетіп артылады. Оның алдында аппарат машинасының өзі қауқарсыз қалар еді».

Ауыл аймақтардағы айтыс-тартысты мәселелер жергілікті әкімнің қабілет-қарымына және айтылған ұйымның қаншалық­ты нәтижелі жұмыс істей алуы­на байланысты туындайды немесе мүлде болмайды. Қазір Үкімет 90-жылдардың басында қабылданып, әбден ескірген жергілікті өзін-өзі басқару заңын талқылауға ұсынды. Осы заңда қоғамдық ұйымның орнын толтыратын ауылдық кеңестің мәр­тебесін айқындайтын баптар бар екен. Мұны ауыл адамдары құптайды. Десем де, онда әлі де толықтыратын тұстар көп сияқты.

Мысалы, кеңес мүшелері қоғамдық негізде сайланбалы түрде жұмыс істегені дұрыс. Сондай-ақ төрағасымен қоса хатшысы да штатта болғаны ләзім. Себебі тұрақты жұмыс істеген соң кеңестің іс-қағаздарымен төрағаның айналысып отыруға шамасы келмеуі мүмкін. Өйткені ауыл аймақтың сан түрлі жұмы­сының басы-қасында жүріп, тиісті шараларды ұйымдастыру оңай шаруа емес.

Үкіметтің ауылға қатысты  қазіргі нақты қадамын құптай отырып, Ауыл кеңесі ескерілуі маңызды құрылым екенін айтқымыз келеді.

 

Ғазиз Құнапия,

«Ғазез» шаруа қожалығының төрағасы

 

Павлодар облысы,

М.Омаров ауылдық округі