Жақында белгілі режиссер Георгий Овашвилидің «Жүгері аралы» («Кукурузный остров») фильмі Карловы Вары халықаралық кинофестивалінің «Шыны глобус» жүлдесін иеленді.
Айта кету керек, бұл картинаны Қазақстан, Германия, Грузия, Франция және Чехия елдерінің кинематографистері бірігіп түсірген. Психологиялық драманың қысқаша мазмұны бойынша 16 жастағы бойжеткен мен қария Абхазия мен Грузия шекарасындағы жүгері аралына тап болады. Ал біз үшін аламан бәйгеде Қазақстан киносы даңқының асқақтауы үлкен мәнге ие десек, бұл ретте лента продюсерлерінің бірі, қазақстандық кинематографист Сайын Ғабдуллиннің еңбегін өз алдына атап өткен жөн сияқты. Чехиядағы айтулы өнер додасына қазақстандық киногерлер алғаш рет қатысып отырған жоқ. Мысалы, былтыр Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмі де Карловы Варыдағы кинофестивальдің негізгі бағдарламасынан орын алған еді. Ал биыл сонымен қатар, қазақстандық фильмдердің ішінен халықаралық бәйгеге қосуға лайық деп табылған тағы бір фильм бар. Бұл картина – Ф. Достоевскийдің «Ақ түндер» шығармасы желісімен түсірілген «Шытырман оқиға» деп аталатын туынды. Фильмдегі басты кейіпкерлерді «Еуразия» VIII халықаралық кинобайқауында «Конвой» лентасындағы ең үздік ер адам рөлі жүлдесін иеленген Азамат Нығманов пен жас әртіс Айнұр Ниязова сомдайды.
«Егемен-ақпарат».