• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Шілде, 2014

Құрманғазыны көрген Савичев

651 рет
көрсетілді

Исатай мен Махамбет туралы да қалам тартып еді Орал шаһарының қақ орта­сындағы өзінің атындағы көшеде орналасқан гүлзарда (бұл да өзінің атымен аталады) Никита Савичевке ескерткіш қойылды. Бұл өнер туындысының авторы жергілікті мүсінші Дмитрий Бай­мұқашев. Оған арналған кеу­демүсін халықтар достығының дәнекері, дәстүр сабақтастығының белгісі ретінде ашылды десек, артық болмайды. Оралдықтар төбесіне көтеріп, қаланың қақ ортасына ескерткішін орнатқан Никита Савичев кім еді? Ол осы Оралда 1820 жылы казак офицерінің отбасында дүниеге келіпті. 19 жасында Оралдың әскери училищесін тәмамдап, содан 50 жасқа толып, доғарысқа шық­қанға дейінгі өмірін әскерге арнаған азамат. Никита Федорович әскери қызметтегі жылдарында талай жердің дәмін татып, суын ішкен. Украина, Мәскеу қалаларының әскери казармаларында да талай жылдары өтсе керек. Әскерде жүрсе де сөз сиқырына ерте шал­дығып, журналист ретінде талай жауһар тәмсілдер қалдырған. Никита Савичев журналистік қабілеті өз алдына, проза мен поэзияда да Орал өңірінде жеке жортып, 100-ден астам көркем дүние қалдырған. Қылқаламның құдіретін де қоса ұғып игерген ол талай суреттер салса, бүгінде туындылары құнды дүниелер қатарында. Екі ғасырға жуық уақыт бұ­рын өзінің түп атасы казактар жөнінде жаза бермей, арасын­да қырды жайлаған қазақтар жайлы да талай жылы лебіздер, әңгімелер қалдырыпты, қысқасы, қазаққа деген арғы жағы ақ айдын азамат екені айқын аңға­рылады. Әсіресе, Никита Федоровичтің бір күні қызмет бабында осы күнгі Жаңақаланың Фокейіне бара қалғанын тарихи оқиға демеске амалың жоқ. Сонда өнерде қазақтың асып ту­ған асылы Құрманғазыны көріп, танысып, дидарласып, сағат­тап отырып күйін тыңдайды. Құр тыңдап кетпейді: «Әттең, Құр­манғазының еуропалық білімі бол­ғанда, оған музыка әлемінде тең ке­летін ешкім болмас еді-ау», деген әрі таңданысқа, әрі өкі­­нішке толы кейін қазақ бала­сы біткен мақтанып, айтып жү­ре­тін ескірмейтін естелік жазып қалдырған да осы Савичев. Ма­хамбет пен Исатай туралы төгіл­діріп жазған зерттеу очеркі де халқымыздың көңіл төрінде әмәнда қала беретін баға жетпес дүние. Ендеше, қазаққа түзу көңілмен қарап, ол жайлы талай тарихи дүниелер жазып қалдырған Никита Савичевтің ескерткішінің қаланың қақ ортасынан еңселеніп тұрғаны орынды болды деп тарқасты салтанатқа жиналғандар. Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ, журналист. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.