• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Мамыр, 2023

Тиімді несие түрі қайсы?

603 рет
көрсетілді

Жыл сайын халықтың өз қажеттілігін өтеу, кәсіп пен қызметін жетілдіру мақсатында алынатын несиеге сұраныс артып келеді. Бұл өз кезегінде халыққа несиенің түрлерін білудің маңызын айқындайды.

Елімізде несие алу және оны өтеу екі жолмен жүргізіледі. Оның біріншісі – аннуитеттік, екіншісі – дифференциялды, яғни бөліп төлеу. Ол «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның негізінде жүзеге асады.

Сіз несиені аннуитеттік төлем арқылы өтейтін болсаңыз, сіздің ай сайынғы төлемдеріңіздің мөлшері біркелкі болады. Бұл көптеген  тұтынушылардың несиені өтеуі кезінде қолданылады және банкке де, тұтынушыға да несиені есептеуге өте қолайлы. Алайда, осы төлем жүйесі арқылы несиені өтеу кезінде үстіне қосылатын пайыз көлемі де едәуір үлкен болады. Сондықтан да аннуитеттік төлем қаржылық тұрғыдан тиімсіздеу. Бірақ несиені бұл тұрғыда өтейтін болсаңыз, сіздің сұранысыңызды қабылдау мәселесі тез әрі ыңғайлы түрде жүзеге асады. Әр ай сайын жасайтын төлеміңіздің мөлшері біркелкі болады.

Ал дифференциялды төлем кезінде несие мөлшері әр айға өз мерзіміне қарай бөлінеді. Аталмыш төлем жүйесіндегі негізгі жүктеме несиені төлеудің алғашқы жартысында көбірек болады және ай сайын төлейтін ақшаңыздың мөлшері азая береді. Егер үлкен несиені ұзақ мерзімге  жоспарлаған болсаңыз, бұл әдіс өте қолайлы. Сонымен қатар аннуитетті төлем жүйесіне қарағанда артық жүктеме мөлшері де азырақ болады.

Ал осы екі несие түріндегі басты факторларды зерделейтін болсақ, бұл тұрғыда бірқатар ерекшелікті атап өтуге болады. Несие алатын кезде банк менеджері екі әдістің қай түрін таңдау керегін ұсынады, алайда көп тұтынушылар банктің сұранысты мақұлдағанын ғана қалайды. Көптеген банктерде аннуитетті төлем жүйесі қолданылады. Себебі тұтынушы дифференциялды төлем жүйесін таңдаған кезде банктің несие беру ықтималдығы төмен. Ал аннуитетті төлем жүйесі арқылы несиені өтеу әрі тиімді, әрі түсінікті. Сонымен қатар банктің мақұлдау мәселесі де жүйелі.

Сондай-ақ несие алар кезде оны қолма-қол немесе карта арқылы рәсімдеуді анықтап алған жөн. Несиені аларда банк менеджері тұтынушыдан қаражатты қандай мақсатта жұмсайтынын сұрайды. Бұл тұрғыда несиенің қандай мақсатта алынып, қандай мақсатта жұмсалынатыны жөнінде банк қызметінде мәліметтердің болуы шарт. Себебі өз тұтынушылары жайлы мәліметті ескермей, банк несие бере алмайды. Несиені рәсімдегеннен кейін тұтынушының қаншалықты дәрежеде бұл қаражатты өтей алатындығын айқындау маңызды.

Еліміздегі қаржылық сауаттылықты, несиенің мөлшерлік коэффициентін, пайыздық мөлшерлемесін айқындау барысында мемлекеттік саясат тарапынан бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қабылдаған 2020-2024 жылғы тұжырымдамасына сәйкес еліміздегі несиелік мөлшерлемені реттеу арқылы қаржылық сауаттылықты арттыру мәселесі жанданып келеді.

Дамушы мемлекеттердегі несиені өтеудің негізгі мақсатын айқындаудағы басты ерекшелік – тұтынушылардың банктің несиелік мөлшерлемесінің әсерінен кей жағдайда одан бас тартуы. Біріншіден, инфляцияға байланысты тұтынушылар аталмыш бағыттағы мәселені зерделеуде қаржылық сауаттылығы жетпей жатады. Екіншіден, банктегі несие пайызының көптігі тұтынушылардың қаржыны бірқалыпты өтеуіне мүмкіндік бермей жатады. Міне, осы мәселелер банк ісіндегі аннуитетті және дифференциялды төлем жүйелерін жандандыруды қажет етіп отыр. Сонымен қатар аннуитетті төлеу кезінде тұтынушылардың қосымша жүктемені байқағанда несие алуға деген ниетін саралауға кері әсерін тигізеді. Бұл көптеген тұтынушының банктің негізгі келісімшартын, несие алу кезіндегі бастапқы жарнаның қандай көлемде болатынын айқындауды білмегендіктен болатын жағдайлар. Сол себепті әрбір тұтынушы өзі алып отырған несие мөлшеріне қосылатын жүктемеақыны, пайыздық мөлшерлемені және банктің өзіндік ережелерін алдын-ала біліп алғаны жөн.

Соңғы жылдары елімізде түрлі бағыттағы шаруашылықтарды жандандыру мақсатында жаңадан несие түрлері пайда болып жатыр. Атар болсақ, қайтарымсыз несие ретінде аудан орталықтары мен шалғай аймақтардағы негізгі өндірісті ұйымдастыру мен шаруашылық салаларын жетілдіру жұмысы жүргізілуде. Бұл өз кезегінде еліміздегі негізгі мәселе болып саналатын шаруашылықты ілгерілетудегі басым бағыттардың қатарына жатады. Белгілі бір шаруашылықты алшаң бастыру үшін өзіндік қолдау мен көмек аса қажет. Осы мақсатта мемлекеттік бағдарламалар тарапынан кәсіпкерлерге, тұтынушыларға қайтарымсыз несиені ұсыну арқылы өзіндік негізгі базалық дүниені іске асыру аса маңызды болып отыр. 2020 жылы қабылданған қайтарымсыз несие жөніндегі заңнамада осы мәселе толығымен қамтылған.

Аружан НАҒАШЫБАЙ,

ЕҰУ, студенті