• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Шілде, 2014

Семейдің серісі

483 рет
көрсетілді

Семей өңірін ән мен күйге бөлеп жүрген Оразғали деген сері бар. Сері болғанда сұңғыла сазды әнші, бармағынан бал тамған күйші, қобызшы, дирижер, оркестр ұйымдастырушысы, композитор, педагог, тағысын тағы. Ол меңгерген өнер түрлері осылайша тізбектеле береді. «Сегіз қырлы, бір сырлы» десе дегендей. Қолымызға қалам алып жазуға себепкер болған да оның осындай сан түрлі өнер қырларын әңгімелеу. Қазақтың қара қобызы – қасиетті музыкалық аспап. Ораз­ғали ес білгелі әкесі Жүнісбек ұстаған қобыз үніне тебірене, тербеле, құлақтана жүріп есейе келе үйренуге талпыныпты. 1965 жылы Қарқаралыдан Қарағандыға келіп, Тәттімбет атындағы музыкалық училищеге оқуға қабылданып, қобызшы Сайлау Нокиннен білім алады. Ол кездері Қарағандыда әйгілі Әміремен үзеңгілес, көзі тірі әнші Қали Байжанов, Жаңыл Қартабаева, Қазақстанның халық әртісі Жәмила Шашкина, жазушы Жайық Бектұров, күй орындаушы Тұңғышбай Игенбеков, сондай-ақ, әлем жұртына танымал ғалым Ебіней Бөкетов тәрізді қалыптасқан зиялы орта болған. Оразғали қолындағы қобызын ойнатып солардың көзіне түседі. Үлкендерден бата алып қобызшы жігіт атанады. Оразғали музыкалық учили­щені бітірген соң Қарқаралы мен Қара­ғандыда өткен бозбалалық шағын артта қалдырып 1969 жылы Алма­тыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсіп, жоғары музыкалық білім алуға талпынады. Білім ордасын бітірген соң Семей қаласының дәм-тұзы бұйырады. Ондағы Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінде тапжылмас­тан 27 жыл бойы ұстаздық етті. Одан соң педагогикалық институтта студент жастарды өнерге тәрбиеледі. Институт профессоры атанды. Біраз жылдар Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның директоры қызметін де атқарды. «Қазына» ансамблін ұйымдастырды. Бүгінгі күндері ол филармония жанындағы «Бибігүл» халық аспаптары оркестрінде он жылдан астам уақыт бойы бас дирижер, 2006 жылы Оразғали басқарған оркестрдің Астана қаласында өткен І халықаралық «Сарыарқа» фестиваліне қатысып жүлде алуы, оркестрдің үлкен жетістігі болды. Оразғали – көптеген шетелдерде де өнер көрсеткен азамат. Ол «Киелі қобыз құдіреті» деген кітап жазды. Онда қобыз жайлы тарих көшіндегі ұмыт қалған беймәлім деректерді ортаға салып, қызықты дәлелдермен айшық­тады. Әбу Насыр әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұ­лан, Ахмет Жұбанов, Болат Сары­баевтардың қобыз жайлы айт­қандарын қорытындылай келе, тың мәліметтер келтірген Оразғалидың бұл кітабы музыка сүйер ортада құнды оқу құралы болып отыр. Оразғали шәкірттерін зерттеу­шілікпен қатар, шешендік сөзге де, білімдарлыққа да, іскерлікке де баулып келеді. Мұндай қасиет оған консерватория қабырғасында жүргенде Ықылас қобызшыны пір тұтқан ұстазы, қазақтың маң­дайалды қобызшысы атанған Дәулет Мықтыбаев пен Фатима Балғаевадан және халқымыздың көне музыкалық аспаптарын зерттеу ғылымының негізін салған Болат Сарыбаев ілімінен дарыған. Дәулеттен қылқобыз, Бөкеңнен сыбызғы үйренеді. 1969 жылы Болат Сарыбаев ұйымдастырған қазақтың тұңғыш көне музыкалық аспаптары ансамбліне қатысып білімін шыңдайды. Осылайша, қазақтың түптегі саналатын түркі дүниесінің күмбірлеген көне күйі оның құлағына студенттік шағынан үйірілген. Консерватория қабырғасында қазақтың кәсіби дәрежесі жоғары дирижері Тұр­ғыт Османовтан, атақты ком­позитор Латиф Хамидиден үл­гі-өнеге, білім алады. Есімі Еуро­паға танылған әйгілі дирижер Төлепберген Әбдірашевпен қы­зықты студенттік шақтарын бірге өткізгені, дирижерлік өнерге қатар қанат қаққаны тағы бар. Тегінде Семей жері: Абай, Шәкәрім, Ақтайлақ би, Ақтамберді жырау, Дулат Бабатайұлы, Әріп, Көкбай тәрізді шашасына шаң жұқпаған небір дүлдүл ақындар елі ғой. Бұл елдің қай өнерпазы да бабалар рухымен қанаттанған. Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Болат Сыбанов, Кел­денбай Өлмесеков тәрізді әншілер, Теміржан Базарбаев, Тұрсынғазы Рахимов секілді елге танылған композиторлар осы өңірдің мақ­танышы. Бұл орайда композитор Ораз­ғалидың да өз биігі бар. Орекең ес білгелі ыңылды әуенімен, ырғақты әнімен, жан тербетер композитор ретінде де өз жанынан авторлық ән шығарумен айналысып келеді. Ол – қазақтың халық, үрмелі аспаптар оркестріне, сондай-ақ, хор мен жеке аспаптарға арналған бірнеше шығарманың, он күйдің, жүзге тарта ән авторы. Бұған қоса 300-дей шығарманы халық аспаптары оркестріне өңдеп түсірді. Әндері «Қазақстаным менің» және «Кел, билейік, сәу­лешім» атты 2 жинаққа еніп, 2013 жылы «Балабақша әндері» және «Мектеп әндері» деген екі хрес­томатиялық кітабы жарық көрді. Әйгілі композитор Темір­жан Базарбаев: «Оразғали Сейіт­қазының композиторлығы жайында қорыта келе айтарым, бүгінгі күні ол өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан дарынды сазгер. Сазгер музыкасының ерек­шелігі, ұлттық ән нақышының Еуропаның классикалық музыка на­қышымен және ұлты­мыз­дың аспаптық музыка жанры­ның ерекшеліктерімен біте қай­насуында», деп әділ бағасын берген болатын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегі шәкірт­терімен де бағаланады. Ораз­ғалидың қолынан қанаттанып, Уфа кон­серваториясының сыбызғы класын бітіріп келген шәкірті Тал­ғат Мұқышев бұл күндері білім мекемесінде еңбек етеді. К.Жаман­шалова, Ж.Жайлаубаева, Н.Бекжанов, Ж.Қожахметова, М.Көш­кінбаева, С.Шәріпова, К.Елу­­баева, Ш.Бошанова тәрізді шәкірт­­­тері республика көлеміне танымал. Қадау-қадау еңбектерімен танылған өнер жұлдызы, ұстаз, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразғали Сейітқазы бүгіндері ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, жеті немере сүйіп отырған өнегелі отбасының ота­ғасы. Бойындағы тұнған өнері­мен, қарапайым мінезімен жүрген ортасына қадірлі. Семей өңірінің мақтанышы. «Еңбек ширатады, өмір үйретеді», деп өзі айтқандай, ширатқан еңбектің, үйреткен өмірдің жақсы жемісі, әдемі көрінісі деп білеміз.   Жарқын ШӘКӘРІМ.