Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы келесі жылы да элиталы дивизионның әлем чемпионатында өнер көрсететін болды. 57 жастағы отандық маман Ғалым Мәмбеталиев жетекшілік ететін біздің құрама Тампере (Финляндия) мен Ригада (Латвия) өтіп жатқан әлем біріншілігінің топтық кезеңінде тәуір нәтиже көрсетіп, 2024 жылы Чехияда жалауы желбірейтін жаһандық додаға қатысу мүмкіндігін сақтап қалды. Жерлестеріміз Ригадағы бәсекенің соңғы турында Словения хоккейшілерін 4:3 есебімен тізе бүктіріп, чемпионаттағы жетінші ұпайына қол жеткізді.
Кеше әлем біріншілігінің топтық кезеңдегі ойындары өз мәресіне жетіп, турнирдің плей-офф кезеңіне шыққан және бірінші дивизионға түсіп қалған құрамалар белгілі болды. Жер-жаһанның ең үздік 16 құрамасы жиналған дүниежүзілік додада жерлестеріміз жеті ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, қатарынан төртінші жыл жоғары топта ойнау мүмкіндігін сақтап қалды. Бұған дейін біздің жігіттер тек 2004 (Канада) және 2005 (Чехия) жылдары ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында қатарынан екі жыл тұрақты өнер көрсеткен болатын. Сонымен қатар отандастарымыз 1998, 2004, 2005, 2006, 2010, 2012, 2014, 2016, 2021 және 2022 жылдары да жоғары топта жүлделерге таласып көрген-ді. Бірақ әзірге жерлестеріміз бұл межені бағындыра алмай келеді. Қазақстан құрамасының 1998 жылдан бергі әлем чемпионаттарындағы ең үздік нәтижесі – 5-орын. Бұл жетістікке отандастарымыз 2021 жылы Ригадағы додада қол жеткізген еді.
Биылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы әр жылдары «қазақыландырылған» канадалық, америкалық және ресейлік легионерлердің көмегінен бас тартып, тек қана жергілікті хоккейшілерге сенім артты. Отандық хоккейшілерден жасақталған ұлттық құрама Рига төріндегі ойындарда сәтті өнер көрсетіп, жанкүйерлердің сенімін ақтай білді.
Жерлестеріміз әлем біріншілігінің тұсаукесер бәсекесінде Норвегия құрамасын буллит сериясында жеңіп, чемпионатты жап-жақсы бастағанымен, кейінгі үш ойында Чехия (5:1), Швейцария (5:0) және Канада (5:1) хоккейшілерінің алдында дәрменсіздік танытып, жеңіліп қалды. Ал бесінші турда Словакия құрамасын буллитте 4:3 есебімен тізе бүктіріп, алтыншы турда Латвияға есе жіберді – 7:0. Топтық кезеңнің соңғы турында Словения хоккейшілерімен шеберлік байқасып, тамаша камбэк жасады – 4:3. Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатындағы жеті ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, үш ретінде де қарсыластарын бірдей есеппен қапы қалдырды.
Топтық кезеңнің ойындары мәресіне жеткен соң ұлттық құраманың бас бапкері Ғалым Мәмбеталиев әлем чемпионатын қорытындылап, біріншілік туралы өз ойын ортаға салды. «Әр жеңілістен кейін қателіктерімізден сабақ алып, ойынымызды жақсартып отыруға тырыстық. Бірінші кездесуде жеңіске жетіп, кейінгі матчтарда қарсыластарымызға жол беріп қойғанымыз өте өкінішті. Бірақ ойынды көрген жанкүйерлер сол бәсекелерде жігіттеріміздің жеңіске деген жігерін анық байқаған болуы керек. Өздеріңіз білесіздер, біз бұл чемпионатта тек өзіміздің жергілікті хоккейшілерімізбен ғана ойнап шықтық. Көп ойыншымыз бірінші рет әлем чемпионатына қатысқан соң аздаған қобалжу болды. Сондай-ақ біразына халықаралық ойындардағы тәжірибе жетіспеді. Десе де жігіттер аз уақыттың ішінде жақсы ұжым қалыптастырып, мұзайдында бір-бірі үшін, Қазақстан үшін жанын беріп ойнады», деді Ғ.Мәмбеталиев.
Топтық кезеңдегі өзге де ойындарға тоқталар болсақ, «В» тобында Швейцария, Чехия және Канада құрамалары соңғы тур ойындарының нәтижесіне қарамай-ақ, турнирдің плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ал төртінші жолдаманы жарыс қожайыны Латвия мен Словакия құрамалары сарапқа салды. Кеше Латвия турнир кестесінің көшбасшысы Швейцария құрамасымен, Словакия Норвегия хоккейшілерімен кездесті.
«А» тобынан АҚШ, Швеция және былтырғы жеңімпаз – Финляндия хоккейшілері мерзімінен бұрын плей-офф жолдамасын иеленді. Бұл топтың соңғы жолдамасына кеше Германия мен Дания хоккейшілері талас жүргізді. Пхенчхан Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Германия соңғы турда Франциямен шеберлік байқасса, Дания хоккейшілері Финляндиядан ұпай алуға тырысып көрді. Ал алғашқы ойынында Францияны овертаймда тізе бүктіріп, кейін тағы бір ұпай олжалаған Мажарстан бірінші дивизионға түсіп қалды.
Шайбалы хоккейден 2024 жылғы әлем чемпионаты 10-26 мамыр аралығында Чехияның Прага және Острова қалаларында өтеді.