Елордада «Astana Venture Club»-тың болашағы зор технологиялық кәсіпкерлерге инвестиция құйып, қолдау көрсететін «бизнес-періште» қауымдастығының ресми ашылуы өтті. Оған инвесторлар, бизнес-қауымдастықтардың жетекшілері, венчурлық және инвестиция саласының мамандары, меценаттар мен еліміздегі IT-қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Клубтың миссиясы – «Astana Hub» базасында венчурлық инвестиция мәдениеті мен экожүйені дамыту. Бұл қаржылық әлеуетін арттырғысы келетін отандық кәсіпкерлерді баламалы инвестициялық мүмкіндікпен таныстыру мақсатында құрылған.
«Еліміздегі «бизнес-періштелерді» қауымдастықтың бір бөлігі болуға шақырамыз. Бұл – мемлекетіміздегі және шетелдік әлеуетті жобаларға инвестиция салу арқылы инвестициялық портфелін кеңейтуге ұмтылғандарға тамаша мүмкіндік. Платформамызда іскер «періштелер» өздерінің инвестициясын барынша ұлғайтуға ең жақсы инвестициялық стратегия мен тәсілдерді үйреніп, әлемнің әр түкпірінен келген әріптестерімен білім мен тәжірибе алмасады», дейді «Astana Venture Club» негізін қалаушы әрі жетекшісі Нұрасыл Жарбасов.
Кірісі мен қарқыны жоғары әлеуетті стартаптарды анықтап, оны инвестициялау мақсатында құрылған клуб инвесторлар, кеңесшілер, сарапшылар мен тәлімгерлер үшін өзара көмек пен қолдау ортасын қалыптастыруға күш салмақ.
«Тамаша идеяларды жүзеге асыру үшін жобаның әлеуетін бағамдай алатын «бизнес-періште» қажет. Сондықтан венчурлық экожүйе үшін стартаптар мен корпорациялар ғана емес, инвесторлар да аса маңызды. Бұл – басты мәселенің бірі. Өйткені онсыз ешқандай даму, нарықты жаңғырта алатын жаңа шешім және инновациялар мен компаниялар да болмайды. Бір сөзбен айтқанда, инвесторлар клубын құру елдің венчурлық экожүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам», деді «INVESTORO» халықаралық инвесторлар ұйымының президенті Виталий Полехин.
«Astana Venture Club» қызметі әлеуетті инвесторлардан «бизнес-періштелер» пулын құруға, халықаралық деңгейде бизнестің жаңа мүмкіндіктерін іздеуге, желіні дамытуға, компаниялардың портфолиосын қолдауға, тәжірибе алмасуға, ауыртпалықтарды бірге көтеруге, инвестициялық табысты арттыруға бағытталған.
«Венчурлық капитал нарығын дамытуға бағытталған «Astana Venture Club»-тың мақсаты «Astana Hub» міндеттерімен сәйкес келеді. Сондықтан біздің технопарк «бизнес-періштелерге» венчурлық инвестиция әлеміне ену мүмкіндігін ұсынатын және инновациялық шешімдерін енгізуде дарынды IT-кәсіпкерлерге қолдау көрсететін қоғамдастық құру бастамасын толығымен қолдайды», дейді «Astana Hub» халықаралық технопаркінің басқарушы директоры Абай Әбсамет.
Жақында «бизнес-періштелер» мектебінің алғашқы тегін итерациясы өтеді. Сондай-ақ клуб аясында тұрақты түрде әртүрлі іс-шара, соның ішінде мықты сарапшылардың қатысуымен стартаптардың питчингі ұйымдастырылады.