Өңірдегі елді мекендердің жартысына жуығында кәріз тазартатын қондырғы жоқ. Жағдай мүлдем мүшкіл күйде. Бұл тараптағы қиындық бүгін ғана туындап отырған жоқ. Әлденеше жылдан бері пайдаланғаннан кейін тазартылмаған лас су айдай әлемді былғап жатыр.
Өзгесі былай тұрсын, облыс орталығындағы кәріз тазартатын қондырғылар өткен ғасырдың сонау тоқсаныншы жылдары салынғандықтан, әбден тозығы жетіп, қаусаған. Тозығы жеткен қондырғы су тазалап қайдан оңдырсын?
Қазір облыста небәрі 13 кәріз тазарту қондырғысы бар. Щучинск, Державинск, Қосшы қаласы мен Ақмол кентінде биологиялық тазарту жүргізіледі. Бұл аймақтарда пайдаланылған суды ағын суға қосуға экологтер рұқсат берген. Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Ахметовтің айтуына қарағанда, облыс орталығындағы кәріз тазарту қондырғылары ескірген. Ал Степногор қаласындағы жағдай мүлдем мүшкіл. Бұл қаладағы екі стансаның бірі күрделі жөндеуді қажет етсе, екіншісі іске мүлдем жарамсыз. Демек жаңасын салу керек.
Ағын суға қосуға рұқсат етілген Ақкөл, Атбасар, Ерейментау, Макинск қалалары мен Шортанды кентіндегі кәріз тазарту қондырғылары тек механикалық жолмен тазартылатын болып шықты. Сондай-ақ Сандықтау ауданындағы Шаңтөбе кентінде де механикалық жолмен тазартылып, әрі қарай биотоғанда табиғи жолмен тазартылады. Осы арада бұдан басқа аймақтарда кәріз тазарту жүйесі мүлде жоқ екенін айтсақ, жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғаны түсінікті болар еді.
«8 аудан орталығында кәріз тазарту қондырғысы мүлдем жоқ. Осыған байланысты пайдаланылған суды ағын суға қосуға экология мекемелері тарапынан рұқсат етілмеген», дейді Е.Ахметов.
Сөз арасында кәріз жүйесі өндірістік корпустардан, коммуналдық ғимараттардан елді мекендердің аумағындағы ағынды суды бұруға, қабылдауға және тазартуға арналған жүйе екенін айта кетейік. Кәріз тазарту қондырғылары шаруашылық-тұрмыстық суларды және оларға жақын орналасқан ағынды суларды белгіленген нормаға сәйкес келтіріліп, тазартады. Механикалық тазалауға арналған құрылыстар ретінде қол торлары, құм тоқтатқыштар қолданылады. Ал тазарту мүлде жүргізілмеген аймақта экологияның қаншалықты зардап шегіп жатқанын көз алдыңа елестету қиын.
«2022-2023 жылдары Ақмола облысының бірқатар коммуналдық кәсіпорнының қызметін тексеру барысында мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорындардың кәріз тазарту қондырғыларынан лас заттардың белгіленген қалыптан асып кеткені анықталды. Қазіргі уақытта «Көкшетау су арнасы» мен «Ерейментау су арнасы» кәсіпорындары бойынша сот процесі жүргізіліп жатыр», дейді облыстық экология департаменті зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің басшысы Марат Шлымов.
Заманында жер жәннаты атанған өңірде кәріз суы тазартылмай, алдымен адамға, содан соң тамылжыған табиғатқа зардабын тигізіп жатыр. Кәріз суына көңіл аударатын ешкім жоқ әзірге.
Ақмола облысы