• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Денсаулық 24 Мамыр, 2023

Дәрігер де, емхана да қажет

810 рет
көрсетілді

Денсаулықтан қымбат байлық жоқ. Қазақтың данагөй қариялары бірінші байлыққа балаған денсаулықтың қадірі артып-ақ тұр. Сол себептен биыл Атырау облысының медицина саласына қажетті жаңа нысандар салуға, білікті мамандарды жұмысқа тартуға баса мән беріліп отыр.

Бұл салада аталған мәселе әлі толық шешімін таппаған. Дегенмен облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, медицина нысандарын құрал-жабдықпен қамту көрсеткіші республика деңгейінен 9%-ға жоғары болып отыр. Түрлі операцияны жасайтын білікті дәрігерлер бар. Өткен жылы 846 дәрігер шетелде, оның ішінде 104 маман Израиль мен Германияда біліктілігін арттырған. Оған жергілікті бюджеттен 550 млн теңге бөлініпті. Бірақ соған қарамастан, науқастардың дені сырқатына байланыс­ты операция­ны басқа аймақтарда жасатуға мәжбүр.

– Атыраудағы дәрігерлердің кәсіби­лігіне күмән келтірген емеспін. Мәселен, жүрекке жасалатын операцияны өңірдегі кардиохирургтар да жасай алады. Емдеу мекемелерінде осы заманғы құрал-жабдық да жеткілікті. Аудандардағы кездесулерде  жеке қабылдау өткізгенде де тұрғындар денсаулық сақтау сала­сына қатысты мәселені қозғайды. Бұрын «ақ халат­тылар – біздің өмірімізді сақтап қалатын ең мейірім­ді жандар» деп айтушы едік. Науқастар әлі де басы ауырып, балтыры сыздаса, алдымен дәрігердің көмегіне жүгінеді. Демек, дәрігерлер тұрғындардың үніне құлақ асып, жанашырлықпен жұмыс істеуі керек. Тұрғындар медициналық көмекті дер шағында алғаны жөн. Әсіресе, жас мамандарды дайындап, оларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек, – дейді С.Шәпкенов.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Қайсар Абдалиевтің мәліметіне жүгінсек, өткен жылы 8 068 атыраулық өзге өңірлерде ем алған. Оның ішінде 5 924 пациент жоспарлы түрде емделіпті. Жалпы емделу шығыны – 5,1 млрд теңге.

– Атырау облысында 144 медицина­лық қызметтің тек 30 түрі ғана көрсе­тіледі. Былтыр бұл қызметтер бойынша 506 операция жасалған. Алайда 407 пациент операцияны Астана, Алматы, Ақтөбе және өзге облыстарда жасатуды қалады. Биылғы екінші жартыжылдықта отоларингология, урология, нейрохирургия, эндоскопия, онкология бойынша 5 бейінді операция түрін енгізу жоспарланып отыр, – деп хабарлады Қ.Абдалиев.

Қазір облысты кешенді дамыту жоспары бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшы­сының айтуынша «Ауылдық денсаулық сақтау­ды жаңғырту» ұлттық жоба аясында жаңа типтік жобадағы медициналық нысандар құрылысы салынып жатыр. Өңірде 2025 жылға дейін осындай 30-ға жуық жаңа нысанды пайдалануға беру көзделген. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанын салуға басымдық беріледі. Бастапқыда 5 елді мекенде осындай нысан салынады. Бұл нысандардың жобалық-сметалық құжаты жасақталып, сараптамадан өткен. Қазір аталған нысандардың құрылысын жүргізу қолға алынды. Ал Атырау қаласындағы «Береке» шағын ауданында дәрігерлік амбулатория, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында аудандық аурухана салынып жатыр. Индер аудандық ауруханасына, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Елді мекендерде 11 медици­на­лық пункт, 1 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, сондай-ақ әрқайсысы 250 келушіге арналған 2 емхана, 250 төсектік психикалық-денсаулық орталығы, радиологиялық корпусы бар онкологиялық диспансер мен 3 қосалқы стансасымен қамтылатын жедел медициналық жәрдем стансасын салу жоспарланған.

– Биылғы үш айда туу көрсеткіші 1,6%-ға артқаны байқалды. Ал өлім-жітім 36,4%-ға төмендеді. Мәсе­лен, нәрес­­те өлімі – 21,5%-ға, туберкулезден қай­тыс болғандар – 25%-ға, жүрек-қан тамыр­­лары аурула­ры­нан өлім-жітім – 10,9%-ға, қатерлі ісіктен көз жұм­ғандар 8,8%-ға азайды, – дейді басқарма басшысы.

Ауруханаларда емделгендер қатары көбейіп отыр. Мәселен, облыстық бала­лар ауруханасының директоры Нұрға­был Айтмұханбетовтің айтуынша, жыл басынан бері 181 науқас емделген. Бұл – былтырғы көрсеткіштен 9 пайыз­ға көп.

Жақында денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы жедел жәрдем бригадасымен бірге екі шақыртуға барды. Мақсат – жедел жәрдем стансасының қызметкерлерінің жұмысын зерделеу. Өйткені тұрғындар жиі шағым айтады.

– Түнгі сағат 23.00-де жедел жәрдем қызметкер­лерімен бірге шақыртуға шықтым. Алғашқы қоңырау созылмалы холециститпен ауыратын пациенттен түсті. Эпигастрий пациенттің өміріне тікелей қауіп төндіретін, шұғыл медициналық көмекті талап ететін бірінші категорияға жататындықтан, мекенжайға 7 минутта жеттік. Алайда үйдің есігі құлыптаулы тұрды. Шақырту берген пациенттің телефон қоңырауына жауап беруін жарты сағатқа жуық күттік. Кейін бұл пациенттің алкагольді ішімдік ішкені анықталды. Пациент ауруханаға барудан бас тартты, – дейді Қ.Абдалиев.

Оның айтуынша, екінші шақыру жүктіліктің ерте мерзімінде қан кетумен байланысты болған. Бұл шақыр­туға барғанда жүкті әйел ес-түссіз жатқан. Бірден алғашқы көмек көрсе­тіліп, ауруханаға жеткізілген. Алайда науқастың дәрігерге уақытылы тексеріл­мегені белгілі болды.

– Жедел жәрдем қызметкерлері тәулігіне 500-ге жуық шақыртуға барады. Олар үшін адам ден­сау­лығын сақтауда әр минут маңызды екенін айтқым келеді. Кейде науқастар тарапынан келеңсіз оқиға­лар кездеседі. Жұртшылық өкілдері жедел жәрдем қызметіне көңілі толмайтынын айтады. Бірақ 103 медициналық қызмет түріне негізсіз жүгіне­тіндердің қата­ры да көп. Сол себептен жедел жәр­дем қызметкерлерінің жұмысына түсініс­тікпен қараған жөн болар еді, – деген ойымен бөлісті Қ.Абдалиев.

Басқарма басшысы бастаған дә­рігер­­лер тобы Құрманғазы ауда­ны­ның шал­ғай­дағы елді мекендерін ара­­лады. Топ құрамында акушер-гинеко­лог, лор, дерматолог, невропатолог, гастроэнтеролог, аллерго­лог, пе­диатр секілді бейінді дәрігерлер бар. Олар алдымен Үштаған ауылының тұрғындарын медициналық тек­серуден өткізді. Бұл ауылда 800-ден аса тұрғын тұрады. Дәрігерлердің консультациялық көмегі­не 30-ға жуық тұрғын жүгінді. Бейінді мамандар тиісті ем-домдарын жүргізіп, кей науқастарға қажетті талдау және өзге анықтамаларын тапсыруды ұсынды.

Дәрігерлер тобының жұмысы бұдан соң Асан ауылында жалғасты. Мұнда 500-ге жуық тұрғын тұрады. Тұрғындар бейінді мамандарға жолығып, денсау­лығын тексертті. Қосымша туындаған сауалдарына жауап алды. Асанда 40-тан аса, ал Сүйіндік ауылында бейінді мамандардан дәрігерлік кеңес алуға 80-ге жуық тұрғын жүгінген.

– Тұрғындар талап-тілегін тың­дадым. Олар эндокринолог, көз дәрі­герінің де ауылға келіп, медици­на­лық көмек көрсеткенін қалап отыр. Алдағы уа­қыт­та тұрғындар өтінішіне сәйкес атал­ған бейінді мамандар көмек көрсе­теді. Батырбек, Егінқұдық және Жал­ғызапан ауылдарына арнайы барып, тұрғындардың медициналық көмекті алу барысымен таныстым. Ал Егінқұдық ауылында ескі мектеп жанындағы жер теліміне жыл соңына дейін медициналық пунктің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Жалғызапан ауылында тұрғындардың тиісті ем-дом шараларын алуы үшін мектеп жанынан медициналық пункт ашылған. Алдағы уақытта бұл ауылда да медициналық пункт салу жоспарға енгізілді, – деді Қ.Абдалиев.

Саладағы ең басты мәселе – маман­дар­дың азды­ғы. Былтыр салаға 60-қа жуық маман келген. Алайда әлі де кадр тапшылығы өзекті күйінде қалып отыр. Қазір медицина мекемелерінде 185 дәрі­гер жетіспейді. Әсіресе, анестизиолог-реаниматолог, жалпы практика дә­рі­гері, акушер-гинеколог, пульмоно­лог және инфекционист дәрігерлер қажет-ақ.

– Осыған байланысты облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қолдауымен өңірге жұмыс істеуге келетін жас мамандарға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Атап айт­сақ, қалада орналасқан медицина мекемелеріне жұмысқа орналасқан маманға – 3 млн, ауданға барған дәрі­герлерге 5 млн теңге қаражат, қызмет­тік баспана немесе Отбасы банк арқылы несиелік тұрғын үй беріледі. Бұл – кадр тапшылығын төмендету мақсатында қолға алынған әлеуметтік қолдау. Жоғары медицина оқу орындарын бітіретін мамандарға осындай қолдау көрсетілетінін түсіндіру үшін Атырау облысындағы ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлерімен бірге Астана медицина университетінде интерн және резиденттермен кездесу өткіздік, – дейді ол.

Әрине, бұл – жоғары білімді маман тартудың тиімді тәсілі. Елорда университетіндегі кездесуден кейін 20-дан аса жас маман Атырау облысындағы медицина мекемелеріне жұмысқа келуге қызығушылық танытып отыр.

 

Атырау облысы