• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 24 Мамыр, 2023

Ел егістен үмітті

315 рет
көрсетілді

Өңір диқандары бір күні жылға азық болатын, қарбаласы мол, қауырт, жауапкершілігі де жоғары көктемгі егіс науқанына кірісіп кетті. Көктемде жауған жауын алқап төсіне сіңірілген дәннен бұрын жерді емген диқандардың көңілін көктетіп тұр.

Ақмолалық диқандар биыл 5,2 миллион гектар алқапта дала жұмыстарын жүргізбек. Оның ішінде 4,7 миллион гектар жерге дәнді және бұршақты дақылдар егі­леді деп межеленуде. Соңғы жылдары сұра­ныс өсе түскен картоп алқаптары да мей­лінше ке­ңейтілмек. Бұл қадам әсіресе, көк­темде күрт қымбаттап кететін картоп баға­сын тұ­ра­қ­тандыруға септігін тигізуі мүм­кін. Кө­көністер де 2,5 мың гектар жерге отырғызылмақ.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін қажетті тұқыммен өңір диқандары толық қамтамасыз етілген. Бұл арада айта кететін бір жай, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары соңғы жылдары құрғақшылыққа шыдамды астық тұқымын көбірек отырғызуға ден қоя бас­тады. Әрі ерте пісетінін де ескеруде.

Қас-қағым сәті қымбат көктемгі нау­қан кезінде жұмыстың өнімді болуы ма­шина-трактор паркінің заман талабы­на сай жаңартылуына байланысты. Соң­ғы жылдары мемлекеттің тікелей қам­қор­лығының арқасында диқандар бұл тарап­тағы олқылықтың орнын толты­рып, жаңа заманғы, өнімді жұмыс істейтін техникалармен қарулана бастады. Ағымдағы жылдың егіс науқанына 15,1 мың трактор, 16,6 мың дән сепкіш, 1,5 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешені қатыстырылады. Шынтуайтында бұл жұмысты жапырып жіберетін зор күш. Материалдық-техникалық базаны нығайту әлі де жалғасуда. Жыл басынан бері өңір диқандары жалпы құны 16,7 миллиард теңге болатын 366 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде 83 трактор, 33 егіс кешені, 41 дән сепкіш және 209 өзге де ауыл шаруа­шылығы техникасы бар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының болжамына қарағанда, алдағы уақытта бұл тараптағы жұмыс үзіліссіз жалғаса түсетін болады. Демек, диқандар бұрынғыдай көнетоз техниканы жамап-жасқап, уақыт шығындамай, тұқымды дер кезінде сіңіре алады.

Ендігі бір мәселе – дизель отыны. Биылғы жылға Қазақстан Республи­касы­ның Энергетика министрлігі өңірге 74,3 мың тонна көлемінде кепілдендірілген дизель отынын бөліп отыр. Бөлінген көлемнің 77 пайызы жеткізілді. Қазіргі уақытта қалған көлемді тиеу және жеткізу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Диқандардың өнімді жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан қолдау көлемі жыл сайын артып келе жатқандығын әрі тиімді болып отырғандығын айта кетуіміз керек. Ағымдағы жылы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарына 46,6 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсе­тіл­мек. Бұл қаржы өсімдік шаруашылығын субсидиялауға, тұқым шаруашылығын қолдауға, тыңайтқыштар алуға бағытталмақ. Биыл ақмолалық диқандар қаржыдан қысылып қалуы әбден мүмкін деген жорамал да айтылған. Оған себеп, өткен күздегі зор еңбекпен жиналып алынған астық бағасының төмендеуі әрі уақытында сатылмауы. Шынында да бидай бағасы күрт түсіп кетті. Себебі де белгілі, қайталаудың реті жоқ. Жағдай осылай қалыптасқан кезде тәжірибелі диқандардың көңіліне алаң кірген. Қаржысыз қарыс қадам алға баса аларсың ба? Қаржы тапшылығы ең алдымен алқаптардың тозуына да әкелуі мүмкін. Себебі, тыңайтқыштарға қол жетімсіз болып қалады емес пе? Дәтке қуаты көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру «Азық-түлік корпорациясы» ҰК АҚ арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында жүзеге асырыла бастады. Сәл таратып айтатын болсақ, осы бағдарлама бойынша өңір диқандары 4 миллиард теңгеге несиелендірілді. Тауарлы несие беру бағдарламасы бойынша 56,2 мың тонна астық берілді. Көктемгі егіс жұмысын несиелендіруге «Аграрлық несие корпорациясы» да үлес қосып, барлығы 39,4 миллиард теңгеге 428 өтінімді қаржыландырып отыр.

Егіс жұмыстары алдында 1,2 миллион гектар алқаптың топырағы өңделді. Қазір ақмолалық диқандар көктемгі егісті бас­тап кетті. Әзірге 406 мың гектар алқапқа дән себілді. Күн ашық болса, жұмыс қар­қынды жүргізілмек. Шалғайдағы Жақсы ауданының диқандары да өзге өңірлердегідей жауапты науқанға жұмыла кіріскен. Биыл бұл ауданда 492,5 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар егілмек. Оның ішінде бидай-арпамен бірге, майлы дақылдар да бар. Аудан диқандары дәнді дақылдармен бірге мал азығын молынан қамтуға мейлінше мән беріп отыр.

 

Ақмола облысы