Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық Комиссияның төрағасы лауазымына сайлануына байланысты Жан-Клод Юнкерге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Жеделхатта Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы және жеке өз атынан Ж.-К.Юнкерді Еуропалық Комиссияның төрағасы лауазымына сайлануымен құттықтаған.
Қазақстан Президенті Люксембург Премьер-министрі қызметіндегі және Еуропалық топтағы басшылығы кезінде жинаған Ж.-К.Юнкердің мол тәжірибесі, Еуропа мәселелеріне аса жетіктігі оған Еуропалық одақтың орнықты дамуына зор үлесін қосуына септігін тигізеді деп сенетінін айтады.
«Сіздің 2008 жылы Астанаға және менің 2010 жылы Брюссельге жасаған сапарларымыз барысында арамызда орныққан өзара түсіністік пен сенімге негізделген сындарлы диалогты жалғастыруға әзір екенімді білдіремін. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынастар кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісім аясында жаңа сапалы деңгейге көтеріледі деп үміт артамын», делінген жеделхатта.