• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 25 Мамыр, 2023

Көпен атындағы сыйлық

568 рет
көрсетілді

Тобыл қаласында сатирик жазушы, этнограф ғалым Сейіт Кенжеахметұлы атындағы республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі аяқталды. «Мірдің оғы» атты дәстүрлі байқауға биыл 12 ұжым қатысты. Оның тоғызы Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Павлодар облыстарынан келген қалалық және аудандық деңгейдегі театрлар.

Байқаудың алғашқы кезе­ңінде Сейіт Кенжеах­мет­ұлы­ның осыдан отыз-қырық жыл бұрын «Тамаша» ойын-сауық театрында қойылған шы­­ғармалары сахналанды. Осы­лайша, кезінде Уайыс Сұл­­танғазин, Мейірман Нұ­рекеев, Тоқсын Құлыбеков, Құдайберген Сұлтанбаев, Тұң­ғышбай Жаманқұлов сынды сахна саңлақтары сом­да­ған қисық кейіпкерлер «Мір­­­дің оғы» арқылы қайта ті­ріліп, қалың көрерменімен

қай­­­ы­ра қауышты. Байқаудың қорытынды кезе­ңінде театр­лардың бәріне бір­дей өз қалаулары бойынша дайындап әкелген қойылым­да­рын көрсетуге мүмкіндік бе­рілді.

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, аталған байқаудың, әсіресе, респуб­ликалық деңгейдегі сах­на­ларға шығуға мүмкіндігі аз, көбіне-көп аудан, ауыл кө­лемінде ғана өнер көрсетіп жүрген көр­­­кемөнерпаздар өкіл­дерінен құрылған қатар­дағы театрларға берері мол.

Биылғы фестивальдың ең басты жаңалығы – тұңғыш рет сатира сардары Көпен Әмір­бекұлы атындағы ар­найы сыйлықтың тағайын­да­луы.

– Осы байқаудың басында Көпен ағамыз жүруші еді. «Мірдің оғы» биыл бірінші рет Көпенсіз өтіп отыр, әрине, көңіл құлазытады. Ол кісінің Сейіт Кенжеахметұлына деген құрметі ерекше еді. Былтыр науқасына қарамастан, қайт­сем де барам деп осында келіп, үстелде көп отыра алмай, ди­ванға барып жантайып жатып жас театрлардың өнерін бағалап, ақыл-кеңесін айтып кетті. Көпен ағаның бір кө­рініп кеткенінің өзі неге тұрады? Былтыр осы байқауға келіп-кеткеннен кейін, бір же­тіден кейін қайтыс болды. Мұның өзі сатира сардарының Сейіт ағасына деген ықылас-құр­метінің ерекше болғанын көр­сетеді, – дейді қазылар алқа­сының мүшесі, ақын Абы­лай Мауданов.

Қазылар алқасының ұйға­руымен байқаудың бас жүл­десі Түркістан облысы Кентау қаласынан келген «Күлкі тера­пеясы» әзіл-сықақ театрына бұйыр­­ды. Ал Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауда­нының «Бас­қар Битанов» халық театр­ы бірінші орынды жеңіп ал­ды. Екінші орынды Жаңаөзен қала­сының «Бос­­тан» әзіл-сықақ театр­ы ен­шілесе, Қызылорда об­лы­­сы­ның Шиелі ауданынан кел­­ген «Жадыра» әзіл-сы­қақ театры үшінші орынды қанағат тұтты. Павлодар облысы Май ау­данының Мерзихан Шай­хин атындағы халық театры Көпен Әмірбек атындағы арнайы сыйлықты иеленді. Ал байқауға Қостанай ауданынан қатысқан «Күн мен Түн» әзіл-сықақ театры Ғұмар Ахметчин атындағы сыйлықты алды.

 

Қостанай облысы