Ақындар көркін жырлап тауыса алмаған Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы көркем өңірде балаларды жаз бойы тынықтырып, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік мол. Мөлдір сулы айдын да, саясы жан жадырататын орман-тоғай да, топырағын табанымен басса өне бойына асқақ рух даритын киелі жерлер де бар.
Облыстық білім басқармасының бұл тараптағы жауапкершілігі жеңіл емес. Биыл өңірдегі білім ошақтарының 1-10 сыныптарында 131 045 оқушы білім алды. Енді осыншама баланы ата-аналарының, қала берді жеткіншектердің көңілінен шығатындай етіп ұтымды ұйымдастыру да оңай-оспақ шаруа емес. Бұл арада алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын ескеру қажет. Олардың саны – 17 508. Оған қоса, ювеналды полицияның және мектепішілік есепте тұрған қиын балалар да бар. Мұндай балаларды тамаша табиғаттың аясында тынықтырумен қатар, тәрбиесін де ширата түскен абзал. Облыстық білім басқармасының сараптамасына қарағанда, тәуекел аймағындағы балалар әсіресе, Бурабай, Қорғалжын, Целиноград, Шортанды аудандарында және облыс орталығында көп кездеседі екен. Демек, осы аудандар жас қайыңды игендей етіп жасы кезінде тәрбие беруді мықтап қолға алған дұрыс.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру биыл үш бағытта өрістетілмек. Оның ең маңыздысы – қала сыртындағы демалыс. Қанша жұтсаң көкірегің бір тоймайтын саф ауаны жұтып, балығы тайдай тулаған көк айдында алаңсыз шомылып, асыр салатын жер де осы. Қала сыртындағы демалысқа 13 балалар сауықтыру орталығы атсалыспақ. Мемлекеттік лагерьлер Атбасар, Ақкөл, Зеренді, Бурабай, Ерейментау, Сандықтау мен Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданында орналасқан. Жемекеншік лагерьлер Бурабай мен Зеренді аудандарында топтасыпты. Белгіленген тәртіпке сәйкес балалар лагерінің барлық нысанының жұмысына аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары мұқият тексергеннен кейін барып рұқсат беріледі. Сөз арасында, 13 саяжай лагерінің жалпы жобалық қуаты бір маусымда 2 150 орынды құрайтынын айта кетелік. Жаз бойы 6-7 ауысым ұйымдастырылады. Балалар демалысының ұзақтығы – 7-10 күн. Осы арада өткен жылдары түскен сұраныстың салмағы ескеріле келіп, бар жағдайы жасалған «Сұңқар» сауықтыру кешенінің жобалық қуаты биыл 250 орынға ұлғайтылғанын айта кетелік.
Балалардың жазғы демалысы кезінде ата-аналардың көңіл аударатын өзекті мәселесі – баға. Бұл орайда, осы жылы жолдаманың құны өткен жылмен салыстырғанда 20-25 пайызға өскенін айта кетуіміз керек. Бұл өсім, әрине, көптеген отбасының өкпе-ренішін де тудыруы мүмкін.
«Мемлекеттік лагерьлерге жолдаманың орташа құны 35-105 мың теңгені құрайды екен, – дейді қала тұрғыны Абай Нұрахметов. – Меніңше, қымбаттау. Егер отбасында 3-4 бала болса, қаншама қаражат керек әрі балалардың бірі барса, екіншісін де қалдыруға болмайды ғой. Оның үстіне қажетті киім-кешегін дайындау керек.
Жекеменшік лагерьлердегі баға тіпті шарықтап тұр. Ондағы баға 90-110 мың теңге аралығында. Ендігі бір мәселе – қайсыбірін пайдалануға бергелі жарты ғасырға жуықтап қалған лагерьлердің жағдайын жақсарту. Бұл орайда, қолға алынып жатқан шаруа бар. Мәселен, Ерейментау ауданындағы «Жұлдыз» балалар сауықтыру орталығын жөндеу үшін 50 млн теңге бөлінген. Тағы бір түйткіл – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру. Оған қажетті бюджеттің тапшылығы 1 280,6 млн теңгені құрап отыр. Өкінішке қарай, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларының 1,6 пайызы ғана қала сыртындағы демалыспен қамтылатын болады.
«Негізінде баланың табиғат аясында дем алғанын қалаймыз, – дейді көп балалы ана Әсем Сейітова. – Өйткені онда толық демалуға мүмкіндік бар. Ал мектеп жанындағы лагерьлер толымды демалыс емес. Таза ауа жұтып, суға түспеген соң демалыс бола ма?»
Күні бүгінге дейін Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан халқы» қорының есебінен ауылдық жерде білім алған 5-8 сыныптың 640 оқушысын тегін демалдыру мәселесі пысықталды. Бұл балалар оқу үздіктері және шығармашылық, зияткерлік байқаулар мен фестивальдардың жеңімпаздары. Қала сыртындағы демалысқа қоса 5 маусымнан бастап 207 білім ошағының жанында 35 700 оқушының демалысы ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ 286 мектептің жанында демалыс алаңы жұмыс істейтін болады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған мектеп жанындағы лагерьде тамақтану мемлекеттік қызметтер арқылы ұсынылады, ал қалған балалар ақысын төлеп тамақтанады. Тәуекел тобындағы балаларды және әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтардағы балаларды толық қамту үшін осы жылы бірқатар жағымды жоспар жүзеге асырылады деп межеленіп отыр. Атап айтатын болсақ, бұл – өлкетану жорықтары. Өңірде өскелең ұрпақ тәлімді тәрбие алатын киелі, қасиетті жерлер аз емес. «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игенмен тең» демекші, балалардың жазғы демалысын тиімді пайдаланып, тылсым тарихтың тұңғиығына бойлатса, ғажап емес пе?! Міне, сондықтан өлкетану жорықтарының демалумен қатар, рухани байлықтың шүпілдеген шуағына шомылдыруына да кең жол ашылуы керек.
Жаз бойы 1 300 шығармашылық үйірме мен студия, 2 900 еңбек жасағы, көгалдандыру бригадалары, зияткерлік жұмыспен қамтудың 560 нысаны мен 549 спорт секциясы ұйымдастырылмақ. Мәдениет, спорт және білім беру саласындағы мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру шеңберінде үйірмелер мен секцияларға тегін қатысу мүмкіндігі бар.
«Балалардың демалғаны дұрыс, әйтсе де қала балаларын еңбекке тәрбиелеуді қолға алған ұтымды болар еді. – дейді ел ағасы Алпысбай Қапаров. – Мұндай тәрбие қала балалары үшін өте қажет. Егер демалыс пен еңбекке тәрбиелеуді шендестіре жүргізсе, екі жеп биге шығар едік. Ертеректе демалыс және еңбек лагерьлерінің жұмысы ұштастырыла жүргізілетін. Пайдасы да шашетектен. Балалар картоп, көкөніс өсіріп, құс бағып, еңбекпен шұғылданса, дастарқанға келетін астың қадірін білетін болады».
Қала сыртындағы балалар сауықтыру орталықтарының аясын кеңейту үшін 2026 жылдың соңына дейін үш лагерь ашу жоспарланып отыр. Бұл да үмітті дүние. Қазіргі күні Сандықтау ауданында бір маусымда 100 балаға қызмет көрсететін балаларды қолдау орталығының базасында лагерь ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іс сәтімен сабақталса, осы лагерьдің базасында он ауысым ұйымдастырылмақ.
Алда – алаңсыз ойын ойнап, тамаша табиғаттың аясында шат-шадыман шаттық лебі әлпештеген демалыс күндері. Жеткіншектердің жазғы демалысын ұйымдастыру – ел азаматтарына парыз. Өйткені болашақтың іргетасы осындай шаруамен бекітіледі.
Ақмола облысы