• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Мамыр, 2023

Сарайшық – сан ғасырдың куәсі

1318 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткен кеңесте өңірдегі тарихи орындардың танымалдығын арттыруды тапсырған еді. «Алтын Орда заманында маңызды рөл атқарған ежелгі Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы тегін емес. Бұл төл тарихымыздың тамыры терең екенін көрсетеді. Біздің бабаларымыз қала салып, жаңа мәдениетке жол ашқан. Әйгілі Сарайшық – соның айқын дәлелі», деді Мемлекет басшысы.

Шетелдік туристер де қызы­ғатын тарихи және археология­лық ескерткіштер қатарындағы ортағасырлық Сарайшық қала­сының орны Махамбет ауданын­да орналасқан. Жақында осындағы Сарайшық ауылында жаңа сапар орталығы ашылды. Мәдениет және спорт министрі Асхат Ора­ловтың пікірінше, сапар орталы­ғының бес жылдық даму жос­пары бекітілген. Енді тек бір орта­лықпен шектелмей, Жайық өзе­нінің жағасынан бірқатар ғи­марат салынатын болады. Өйт­кені ортағасырлық қала тарихы еліміздің ғана емес, шетелдік туристер көп келетін орынға айнал­ған. Мәселен, Сарайшық музей-қорығының тарихымен танысуға алдыңғы жылы 12 мың, былтыр 18,5 мыңнан аса адам келген.

Атырау облысы әкімінің орын­­­басары Жасұлан Бисем­биев­тің ­айтуынша, өңір тұрғындары тарихи қаланың тағдырына алаң­дай­ды. Мұнда 20 жыл бұрын мұра­жай ашылды. Ал жеті жыл бұрын Жайық өзенінің жаға­ла­уын нығайту жұмыстары бас­тал­ды. Жаңа сапар орталығы ежелгі қалашықты тари­хи және ғы­лы­ми тұрғыдан зерттеу­ге, қаз­ба жұ­мыстарын жалғастыру­ға серпін береді.

«Сарайшық» тарихи-мәдени мұ­ражай-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтардың де­ре­гіне сү­йен­сек, қазақ дала­сын­дағы ең көне тари­хи қала Ұлы Жібек жолын­дағы сауда орта­лықтарының бірі болған. Орта­ғасырлық қаланың тарихы тым тереңде жатыр. Жазба деректер де көп. Өйткені Сарайшық – Ұлық ұлыстың астанасы дәрежесіне ­жеткен қала.

«Ортағасырлық деректерге сү­йенсек, Сарайшықта Берке хан, Тоқты хан мұсылмандықты қа­былдады. Жәнібек хан, Бердібек хан таққа отырды, ел басқарды. Сарай-Бату тарихын зерттеуші ғалым Е.Пигарев 1242/43-1313 жылдары Еділ-Жайық ара­лы­ғын­да астана деңгейіне жеткен екі қа­ланы – Сарай ал-Махрус пен Сарайшықты көрсетеді. Ал өзіміз бұрыннан аңыз қылып айтатын әз-Жәнібек хан тарихы да Са­рай­­шықпен байланыс­тырылады. «Аққу көлі» мен «Алтын қайық» туралы аңыздар астарында үлкен тарих бар. Сарай­шық Еуропа мен Азияны бай­ланыстырған алтын көпір болды. Қаланың маңызды керуен жолында орналасқанын Ұлық ұлыс заманында-ақ Ибн Батута (1333-1334), Джованни Ма­­­риньол­ли (1338-1353), испан пірә­дары Пасхалия (1335-1339), аға­йынды көпестер Франциско мен Доминико Пици­ганилер (1367) атап өтеді. Осы­ған байланысты Алтын Орда кезеңін зерттеуші Р.По­чекаев «Са­райшықты керуен жол­дары­нан алым-салық жинайтын әкім­шілік орталық болды» деп есеп­тейді. Ал қазір Сарайшық ор­нын­­да жүргізілген археологиялық қаз­балар оның Ұлық ұлыстың бас­ты қалаларының бірі болға­нын айғақтайды. Қазба кезінде ашыл­ған кешенді сарай, тұрғын жай­лар, одан табылған қыш бұ­йым­дар, қытайлық селадон ыдысы, иран­дық сырлы қыш түрлері қаланың бай-қуатты болғанын дәлелдейді», дейді Әбілсейіт Мұхтар.

Директордың айтуынша, зерт­теушілер Сарайшықтың тарихы ХІІІ ғасырдан бұрынғы кезең­нен басталатынына тоқталған. Ең маңыздысы, Сарайшық Қазақ хандығының астанасы болған. Тарихи қаланың орнынан та­былған құнды жәдігерлер де аз емес. Енді сол жәдігердің бәрі сапар орталығының алты экспози­циялық залы мен көрме павильонына қойылады. Алтын Орда кезеңіндегі Сарайшықтың макетін жасауға ғалымдар көмектескен. Ал барлық экспозицияның муль­тимедиялық нұсқасы жасалған. Бұл сапар орталығына келетін қонақтардың қазақ, орыс және ағыл­шын тілдерінде ақпарат алу­ға мүмкіндік береді.

Ортағасырлық Сарайшық қа­ла­сының орнында жыл сайын­ ар­­хеологиялық қазба жұмы­сы жүр­гізіледі. Мәселен, 2020 жы­лы Ал­тын Орда мен Но­ғай Орда­сы­ның, кейін Қазақ хан­­ды­­ғының бас шаһары атан­ған Са­райшық қала­сынан ерекше қабірхана табыл­ды. Тарихи дерек­терге сүйе­ніп, зерттеу жүр­гізген археологтер қабірхананың ұлтымыздың ұлы тұлғасы – Қасым ханның жерленген орны бо­луы мүмкін екенін жоқ­қа шы­ғар­майды.

«Сарайшық» тарихи-мәдени мұражай-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтардың айтуына қа­рағанда, бұған қатысты бірнеше дәлелді дерек бар. Біріншіден, 1840 жылдары Жәңгір хан Бөкейхан­ұлы Сарайшыққа келгенде ұлы атасының басына белгі қойып, «Хан моласы» аталатын аумақты қоршатқан екен. Кейін бұл белгі жоғалған.

Екіншіден, атыраулық ға­лым­дар 2019 жылы Ресей мұрағаты­нан Сарайшық қаласының көне естелік-сызбасын тауып әкел­ген. Орыстың зерттеуші-ғалымы Алексей Алексеев 1861 жылғы еңбегінде хан зираты орнын анық көрсетіп, оны «әулие-склеп» деп белгілепті. Ол өзі көрген «Хан моласын» күмбезді әрі еңселі кесене болғанына сипаттама беріпті. Ғалым күмбездің үш жағында терезесі, ал шығысында есігі бол­ғанын жазған.

Үшіншіден, жергілікті археологтер де Сарайшықтың тереңге жасырылған көмбедей шежірелі тарихын ұдайы зерттеп келеді. Сол зерттеулерге қарағанда, Алексей Алексеев келтірген деректер ашылып жатқан кесененің сұлбасымен сәйкес келетіні анық­талыпты.

«Кейінгі жылдары табылған тарихи деректер де Сарайшықта Қасым ханның жерленгенін то­лықтай айғақтайды. Ханның жер­ленген орнын анықтау мақ­са­тын­дағы экспедициямыз же­місті болды деуге негіз бар. А.Алек­сеев­­­тің жаз­басында айтылған мә­лі­­мет­тер мен қабірхананың сәй­кес­тігі 99 па­йызға расталып отыр», дейді тарих ғылымдарының докторы, про­фессор Әбілсейіт Мұхтар.

Сол жылы «Хан моласы» қаз­басындағы сағанадан қызғылт ма­таның қалдығы табылған. Рес­тавратор Тетяна Крупа жүргіз­ген зерттеудің нәтижесінде бұл өрнектер салынған қызыл барқыт мата екені анықталды. Тоқыма өнімі – тек жібектен тоқылған, алтын жалатылған күміс жіптері бар өте сапалы мата. Оның шық­қан жері Осман империясы болуы мүмкін, ал кезеңі бойынша XV-XVI ғасырларға сәйкес келеді. Бедерлі барқыт матадан тігілген киімдер сол кезде сәнге айнал­ған. Сол себептен, бай, беделді адам­дар осындай матадан киім тіктірген.

 

Атырау облысы