• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Дәстүр 25 Мамыр, 2023

Қымызмұрындық – ұлт қазынасы

496 рет
көрсетілді

Жалпы, қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан ұлттық мәдени рәсімінің бірі – Қымызмұрындық. Бұл да Наурыз мейрамы сияқты көнеден келе жатқан қазына. Дәлел ретінде келтірсек, Еуропа, Қытай, Парсы елдері тарихшылары мен саяхатшыларының, Геродоттың жазба деректерінде «Сақтардың ең жақсы сусыны – қымыз, ал үлкен тойы – Қымыз­мұрындық, деп жазылған. Мұндай деректер кейінгі ортағасырлық ғалымдардың еңбектерінде де көптеп кездеседі. Әсіресе Армения, Ресей тарихшыларының еңбектерінде көбірек айтылады. Бірақ бұл дәстүр кеңес кезеңінде дұрыс ­насихатталмады.

Осы мерекені «Ұлытау» ұлттық тари­хи-мәдени және табиғи қорық музе­йінің ұжымы Ұлытау ауданы әкімдігі мен «Ұлы тағзым» қоғамдық қорымен бірлесіп, көнеден сол дәстүрді сақтап келе жатқан «Терісаққан көктемі» этнофестивалі» деген атаумен қолға алған болатын.

Бұл ауылдың ерек­шелігі – ғасырлар бойы «Бие байлау», «Айғыр қосу» рәсі­­мін сақтап қана қоймай, оны ауыл тұр­ғындары бір кісідей ұйым­шылдықпен өткізіп келеді.

Сонымен қатар аталған іс-шара аудан­ның табиғаты қатал солтүстік аймағын­да орналасқан Терісаққан ауылына көп­тен күткен көктемнің алғашқы дәстүрлі мерекесіне айналған. Шынында да, осы уақытта әр үйдің маңында қазыққа желі тартылып, май жағылып, құлындары бай­ланып, биелер сауылады. Сол жерде кереге тұтылып, оның панасына немесе көк майсаға дастарқан жайылып, ет, қуырдақ, бауырсақ, май, балқаймақ, құрт, ірімшік және т.б. ұлттық тағамдар қойылып, келген қонақ­тарға ұсынылады. Келген кісілер дәм­нен ауыз тимес бұрын, үй иесіне «Бай­лар көбейсін!», «Ақ мол болсын!» деген жақсы ырымды сөздер айтып, дас­тарқанға жайғасады. Осының бәрі ұлтымыздың ырым-жоралғысы­ның ұмытылмай, сақталып келе жатқанын көр­сететін қуанышты жағдай емес пе...

Мерекеге еліміздің басқа өңірлерінен қызығып келушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Игілікті іс-шара «Бие байлау» рәсімін тамашалаумен басталып, шеберлік сабақтары, ұлттық ойын­дар, жылқы жығу, асау үйрету өнер­і­мен жал­ғасып, соңы кешкілік ауыл көр­кем­өнер­паздарының концерттік қойы­лы­мы­мен аяқталады.

Мерекені тамашалаған әрбір адам­ның жүрегінде өзінің ұлтына деген пат­риоттық сезімі ұялайды. Себебі қазақ­тың ұлттық өнерлері: киіз басу, ши тоқу, бау тоқу, арқан есу, сонымен қатар, күбі ыстау, т.б. ауыл шеберлерінің қолымен жасалып көрсетіледі.

Бұл мерекеге ауыл тұрғындары үлкен дайындықпен барады. Мерекені олар қысқы соғымның шұрайлы қазы-қарта, жал-жаясын, қарынға салынған сары ма­йын, құрт-ірімшігін сақтап күтеді. Сондай-ақ көршілес ауылдардан қонақтар келіп, киіз үйлерін тігіп, мерекенің жақсы өтуіне бір кісідей қолдау көрсетеді.

Терісаққан ауылынан бастау алған мереке 2012 жылдан 2016 жылға дейін аудан­дық деңгейде аталып өткен еді. Бірақ сол кездің өзінде аталған іс-шара облыс­тық, республикалық БАҚ-та насихатталып, өрісін кеңейте түскен-ді. Содан бұл мере­кеге еліміздің өзге өңірлерінен, тіпті АҚШ, Франция, Ресей, Украина, Польша, Бахрейн әмірлігі, т.б. мемлекеттерден туристер келе бастады. 2014 жылдан бастап, Терісаққанда ЮНЕСКО өкілдері – архитектор Елена Хорош, археолог Эмма Усманова, тарихшы-ғалым Ахмет Тоқтабайлар зерттеу жұмыстарын жүр­гізген.

Осы дәстүрлі мерекеге байланысты 2018 жылы «Ұлытау» қорық-музейі­нің ұйымдастыруымен «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау: халық­ара­лық тәжірибе және келешек» атты халық­аралық семинар өтіп, оған ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра коми­тетінің сарапшылары, еліміздің, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан­ның мәдениет саласының қызметкерлері қатысқан. Нәтижесінде, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Ұлы­тау» қорық-музейінің дайындауы­мен «Қасиетті Ұлытау: Терісаққан төс­кейі» атты кітап жарық көрді.

Бұл фестиваль кейін Ұлытау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан орталығында және басқа да ауылдарда «Көкмайса» атауымен жалғасын тапты.

Кейінгі кездері, яғни 2021 жылдан ­бастап осы мерекені республикалық және халық­аралық деңгейде атап өтуі үшін, елі­міздің өзге өңірлерінде, Түркия, Ресей мем­ле­кеттерінде насихаттау жұмыстары жүр­гізіліп келеді. Соның нәтижесінде, былтыр мереке Ақмола облысының Қор­ғалжың, Атбасар, Ерейментау аудандарында, Степногор қаласында және Павлодар облысының Шарбақты ауданында аталып өтті. Оны аталған өңірлерде биылғы маусым айында да өткізу жоспарланып отыр.

Тағы бір керемет жаңалық, жақында Түркияның Анкара қаласында ТүркСОЙ, Қазақстанның Мәдениет және спорт ми­нистрлігі және Анкарадағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен «Қы­мыз фестивалі» аталып өтті. Іс-шараға ТүркСОЙ ұйы­мы­ның бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақ­станның Түркиядағы елшісі Ерке­бұлан Сәпиев, Астана қала­сынан «Ұлы тағзым» қоғамдық ұйымы дирек­торының орынбасары Нұрлан Ома­ров, Дүниежүзі қа­зақтарын дамыту қо­рының төрағасы Ерлан Байын, қазақ диаспорасы мен зиялы қауым өкілдері, қазақ-түрік сту­денттері, Анкараның жергілікті халқы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Іс-шарада көрерменге қазақ халқы­ның ұлттық сусыны – қымызды әзірлеу, желі тартып, құлын байлау, бие сауу, саумалды күбіге құю сынды шаруашы­лық жұмыс таныстырылды. Сонымен қатар ұлттық тағамдар әзірленіп, қазақ­тың ән-күйі орындалды.

Ұлытаудан бастау алған осы дәстүрлі мерекенің республикамыздың түкпір-түкпірінде, тіпті шет мемлекеттерде ата­лып өтуі керемет жаңалық. Қымыз-мұрындықты республикалық деңгейдегі мерекеге айналдырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Ата-бабамыздан қал­ған салт-дәстүрімізді, мәдени-рухани құнды­лық­тарымызды жандандырып, сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу – асыл парызымыз.

 

Баян ШАЙГӨЗОВА,

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының бас қор сақтаушысы

 

Ұлытау облысы,

Ұлытау ауданы