Баян-Өлгей төрінде, Моңғолия жерінде белгілі ақын Қалқаман Сариннің «Жібек сезім – жүрек сөзім» атты жыр кеші өтті. Ақтан Бабиұлы атындағы кітапхана ұжымы ұйымдастырған рухани іс-шараға өлеңге шөлдеп, жырға сусаған өнерсүйер қауым жиналды.
Иә, бұл күні Өлгей көгінде өлең қалықтап, жыр төгілді, күй күмбірлеп, ән шырқалды. «Қалқаман келе жатыр» деп күні бұрын мәре-сәре болысқан ел залдан орын алып, кеш бойы ақынға құрмет, қошемет көрсетумен болды.
Ақынның айтуынша, Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапхана Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханамен әріптестік ынтымақтастықта тығыз жұмыс істеп келе жатқанына бірнеше жыл болған екен. Былтыр Моңғолиядағы кітапхана қызметкерлерімен Өскеменде өткен іскерлік кездесуде бірқатар мәселе айтылған. Атап өтсек, Баян-Өлгейдегі қандастарымыз қазақтың әдеби кітаптарына зәру екен. Бұл мәселені ескерген О.Бөкей кітапханасының әкімшілігі еліміздегі бірқатар кітап баспасына хабарласып, әдеби кітаптар керектігін жеткізген. Сөйтіп, 500-ге жуық әдеби кітап пен мектеп оқулығын Наурыз мейрамына орай алыстағы ағайынға жолдаған.
Сол жолғы кездесуде Ақтан Бабиұлы атындағы аймақтық орталық кітапхана директоры Алтынгүл Дәлелқызы ақын Қалқаман Саринді Баян-Өлгейге арнайы шақырған.
«Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Екі күннен бері киелі топырақты басып, түтінін иіскеп, суын ішіп, дәмін татып жатырмыз. Өмірдегі ең сәулелі, бақытты күндердің бірі», деп Қалқаман Сарин Бай өлкенің халқына өз ризашылығын білдірді.
Екі сағатқа жоспарланған жыр кеші үш сағатқа созылды. Өлгейліктер өлеңге әбден сусаған екен. Ұйып тыңдады. Аймақ басшылары да төбе көрсетіп кетіп қалған жоқ. Кеш соңына дейін тапжылмады. Әрине, мұндай кеш күнде бола бермесі анық. Көңілді кеште өлең оқылып, ақынның сөзіне жазылған әндер ғана шырқалып қойған жоқ, Қалқаман Саринге жергілікті жұрт көкейдегі сұрақтарын қойып, сұхбаттасты да. «Күз бен қыз туралы жаза бересіз» деп әзілге басқандары да болды. Алайда:
«Ауыл. Түнді жамылып ап,
Түгел тылсым көшке еретін.
...Біздің үйдің шамы бірақ,
Бәрінен де кеш сөнетін»,
деп «Арқаттағы біздің үй» атты өлеңін оқып, тыңдарманды тебірентті. Шығыстың белгілі күйшісі Шалқар Ырысхан сахнада Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйін орындап, Қалқаман Сарин күйге арнаған өлеңін және оқыды. Ақынның оқырмандары да жырдан шашу шашты. Кеш соңында Баян-Өлгей басшылығы мен кітапхана ұжымы қаламгерге құрмет көрсетіп, естелік сыйлық табыс етті. Кеудесіне «Баян-Өлгей аймағының құрмет медалін» тақты. Шығармашылық адамы үшін бұдан асқан құрмет-қошемет бар ма? Кеш соңында Қалқаман Сарин де шығармашылық кешті ұйымдастырған қандастарға алғысын жаудырды.
Өскемен – Баян-өлгей