Алатау бөктерінде ұйымдастырылған стенд атудан Әлем кубогі кезеңі аяқталды. Жарыстың соңғы күнінде отандастарымыз – Виктор Хасянов пен Мария Дмитриенко бас жүлде жеңіп алды.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Виктор мен Мария трап бағдарламасында аралас жұптар арасындағы сайыста бақ сынап, ешкімге дес берген жоқ. Осылайша, жерлестеріміз Алматыда өткен Әлем кубогі кезеңін үш жүлдемен қорытындылады.
Бұған дейін Əсем Орынбай скит жаттығуында топ жарған болса, кейіннен Эдуард Ещенко екеуі жұптық сында күміс жүлдегер атанды. Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко жұбы былтыр Хорватияда өткен әлем чемпионатында аралас жұптық сында қола медаль жеңіп алған болатын.