• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Мамыр, 2023

Кавендиш – жеңімпаз

209 рет
көрсетілді

«Astana Qazaqstan Team» командасының ұлыбританиялық ардагер велошабандозы Марк Кавендиш Римде мәресіне жеткен әйгілі «Джиро д’Италия» жарысының соңғы кезеңінде жеңіс тұғырынан көрінді. «Астана» велоклубының қатарын жыл басында толықтырған 38 жастағы спортшы Италиядағы гранд-тур тарихында кезең жеңімпазы атанған ең егде велошабандоз атанып отыр. Бұған дейінгі рекорд кезінде «Астана» сапында бақ сынаған италиялық Паоло Тиралонгоға (37 жас) тиесілі еді.

Сонымен қатар Марк Ка­вен­диш «Джиро д’Италия» тари­хындағы тағы бір рекордты жа­ңартты. Яғни британиялық ве­лошабандоздың ең бірінші және соңғы жеңісінің арасын тұп-тура 15 жыл 15 күн бөліп тұр. Ол Италия гранд-турында алғаш рет 2008 жылдың 13 мамырында жеңіске жеткен болса, соңғы мәрте 2023 жылдың 29 мамырында дара шықты. Бұған дейінгі рекорд италиялық Джино Барталиге тиесілі болатын. Оның бірінші және соңғы жеңісінің арасы – 15 жыл 9 күн.

Апеннин түбегіндегі сәні мен салтанаты жарасқан ең көне шаһардың бірі саналатын Римнің орталық көшелерінде ұйым­дастырылған жарыстың 21-кезеңде «Астана» өкілі алдына жан салған жоқ. 126 шақырымға созылған соңғы кезеңдегі спринтерлер жарысында Марк мәре сызығын 2 сағат 48 минут 26 секунд ішінде кесіп өтіп, жалпы 17-мәрте кезең жеңімпазы атанды.

Ұлыбританиялық велошабандоз бұл кезеңде ұзақ уақыт бойы қалың топтың арасында жүріп, бар күшін соңғы шақырымдағы спринтерлердің сайысына сақтап отырды. Сөйтіп, мәреге санаулы метрлер қалғанда Кавендиш қалың топпен бірге шабуылға шы­ғып, ақыр соңында бәрін шаң қаптырып кетті. Кейінгі екі орынға Люксембург өкілі Алекс Кирш («Trek-Segafredo») пен ита­лиялық Филиппо Фиорелли («Green Project – Bardiani-CSF») ие болды.

106 мәрте ұйымдастырылған «Джиро д’Италия» жарысының биылғы маусымында 33 жастағы словениялық велошабандоз При­мож Роглич («Jumbo – Visma») топ жарды. Оның уа­қыт көрсеткіші – 85 сағат 29 минут 2 секунд. Екінші орын­ды 2018 жылғы «Тур де Франс» жарысының жеңімпазы 37 жас­тағы ұлыбританиялық Ге­райнт Томас («INEOS Grena­diers») иеленсе, үздік үштікті пор­туга­лиялық Джоау Альмейда («UAE Team Emirates») түйіндеді.

Жекелей аталымдағы жеңім­паздарға тоқталар болсақ, 22 жас­тағы италиялық Джонатан Милан («Bahrain Victorious») 217 ұпаймен спринтерлер сайы­сында үздік шықса, 101 ұпайы бар Марк Кавендиш төртінші орынға тұрақтады. «Groupama – FDJ» командасының франциялық өкілі Тибо Пинот таулы кезеңнің королі атанса, жас велошабандоздар арасында португалиялық Джоау Альмейда («UAE Team Emirates») үздік шықты. Ал ко­мандалық сайыста Бахрейннің «Bahrain Victorious» командасы бас жүлдеге ие болды. Олардың уақыт көрсеткіші – 256 сағат 21 минут 18 секунд. Көшбасшыдан 1 сағат 31 минут 44 секундқа қа­лып қойған «Астана» командасы жалпы есепте жетінші орынды қа­нағат тұтты.