• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Хоккей 29 Мамыр, 2023

Хоккей ойнауды Латвиядан үйренеміз бе?

291 рет
көрсетілді

Шайбалы хоккейден Тампере (Финляндия) мен Ригада (Латвия) ұйымдастырылған элиталы кезеңнің әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Екі аптадан аса уақытқа жалғасқан мұз үстіндегі бәсеке Үйеңкі жапырақтар елінің жеңісімен аяқталды. Канадалық хоккейшілер финалда Германияны 5:2 есебімен қапы қалдырды. Ал қола жүлдені жарыс қожайындарының бірі – Латвия жеңіп алды. Олар үшінші орын үшін өткен кездесуде әлем біріншілігінің сенсациясын жасап, талантты жастардан жасақталған АҚШ құрамасын овертаймда опық жегізді. Сөйтіп, мұзайдын иелері өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.

Балтық жағалауы өкіл­де­рінің бұл додадағы табысы кез­­­дейсоқ емес. Әлем чем­пио­­­нат­тарының тарихына көз жү­гіртер болсақ, кейінгі 10 жылда Латвия құрамасы элиталы кезеңде тұ­рақты өнер көр­се­тіп келеді. Ал тұ­рақ­тылық қашанда нәтиже бе­ретіні белгілі. Латвиялықтар осыдан бес жыл бұрын да Да­ниядағы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шығып, тек ширек финалда Швециядан жеңіліп қалған-ды. Арада бес жыл өткенде жеребе Швеция мен Латвия хоккейшілерін тағы да ширек финалда кездестіріп, бұл жолы Латвия құрамасы есе қай­тарды.

Топтық кезеңде Қазақ­станмен бірге В тобында бақ сынаған Латвия құрамасы жос­парланған жеті ойынның бе­сеуінде жеңіс туын желбіретіп, үшінші орынмен чемпионаттың плей-офф кезеңіне жолдама ал­ды. Алғашқы екі турда олар бо­лашақ әлем чемпионы Канада (6:0) және Словакияға (2:1) жол берсе, кейінгі бес матчта Чехия (4:3), Норвегия (2:1), Сло­вения (3:2), Қазақстан (7:0) және Швейцарияны (4:3) қапы қал­дырды. Ал ширек финалда Шве­цияны 3:1 есебімен сүрін­дірсе, жартылай финалда тағы да Канада құрамасына жол беріп (4:2), үшінші орын үшін ойнау мүмкіндігіне ие болды.

Қола жүлде үшін болған матч­та Латвия ойыншылары мұ­з­­­айдында бір сәтке де аянып қалған жоқ. Нәтижесінде, мұ­хиттың арғы бетінен келген құ­раманы овертаймда жеңіп (4:3), тұңғыш рет әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.

Жартылай финалда АҚШ-тан басым түсіп, өз тарихында үшінші мәрте финалға шық­қан Германия құрамасы бұл жолы да бас жүлдеге бір қадам қал­ғанда сүрінді. Немістер 1930 жылғы алғашқы финалында Ка­надаға жол берген болса, 1953 жылғы бәсекеде Шве­ция­дан айласын асыра алмады. Ал үшінші мүмкіндігінде тағы да Канада құрамасының мық­тылығын мойындауға мәж­бүр болды. Ал 1920 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлем чем­пионатында Канада хоккей­шілері осымен 28-мәрте жеңіс тұғырынан көрініп, жеңіске жету жағынан әлем біріншілігінің ре­кор­дын орнатты. Сонымен қа­тар канадалықтар 16 мәрте кү­міс жүлдегер атанса, 9 рет қола жүл­дені қанжығаларына бай­лағанын айта кеткен жөн.

Енді шайбалы хоккейден келесі жылғы әлем чемпионаты 10-26 мамыр аралығында Чехияның Прага және Острова қала­ларында өтеді. Ғалым Мәм­бет­әлиев жетекшілік ететін Қа­зақстан құрамасы биылғы бірін­шілікте В тобында – алтыншы, ал жалпыкомандалық есепте 11-орынды иеленіп, келесі жылы да элиталы кезеңде ойнау мүм­кіндігін сақтап қалды.

Сонымен қатар Финляндия мен Латвиядағы әлем чемпио­натының аясында Халық­ара­лық шайбалы хоккей феде­рация­сының кезекті жиыны өтіп, 2027 жылғы чемпио­натты қа­был­дайтын елді анық­тады. Төрт жыл­дан кейінгі доданы өткізуге Қа­зақстан мен Германия қатар таласып, дауыс беру нәти­жесінде көпшілік қолдауына ие болған Германия же­ңіске жетті. Сөйтіп, 2027 жыл­ғы біріншілік Гер­м­а­нияда ұйымдастырылатын болды.