Түркиядағы президент сайлауының екінші кезеңінде Режеп Тайип Ердоған жеңіске жетті. Осылайша, ол Түркияның 13-президенті атанды. Ал оның басты бәсекелесі болған Кемал Кылычдароглу сайлаудың әділетсіз өткенін айтып отыр.
Түркияның сайлау комиссиясы сайлаудың екінші турында қазіргі президент Режеп Тайип Ердоғанның жеңіске жеткенін ресми түрде жариялады. Жоғарғы сайлау комиссиясының мәліметінше, Ердоғанға – 52,14, ал оның қарсыласы Кемал Кылычдароглуға 47,86 пайыз дауыс берген. Екі кандидат арасында 2 153 473 дауыс алшақтығы байқалады. «Al Jazeera» арнасының хабарлауынша, дауыс беруге халықтың 85 пайыздан астамы қатысқан.
Саяси додадан кейін Ердоған Ыстанбұлда жақтастары алдында сөз сөйледі. «Президент сайлауының екінші кезеңі аяқталды. Халқымызға бізге сыйлаған демократия мерекесі үшін алғыс айтамын. Біз алдағы бес жылда елді басқарамыз», деді ол. Сондай-ақ Режеп Тайип Ердоған жиналған халық алдында «Duyanlara duymayanlara» («Естігендер мен естімейтіндерге») әнін шырқаған. Режеп Тайип Ердоған мен әйелі Эмине Ердоған Ыстанбұлдың Ускюдар ауданындағы «Саффет Чеби» бастауыш мектебінің сайлау учаскесінде дауыс берген болатын. Түркияның мемлекет басшысы №3279 бюллетеніне өз таңдауын жасап, дауыс берді.
«Albright Stonebridge Group» ұйымының аға кеңесшісі Хакан Акбас Ердоғанның сайлауда «жеке тұлғаға табынушылықтың арқасында жеңіске жеткеніне» сенімді. «Оның жемісі гүлденген науқаны бар, ол сайлауда қатарынан бірнеше рет жеңіске жетті. Менің ойымша, бұл Ердоғанның ерекше тұлғасына көп қатысы бар, ол керемет спикер және оның халыққа берген уәдесі қарапайым, ақылға қонымды, сайлау округіне сенім ұялатады. Ол – тәжірибелі, шебер саясаткер», деді Хакан Акбас «Al Jazeera» арнасына берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, ол – саяси данышпан. Сондай-ақ оның пікірінше, Ердоған жеңісінен кейін «мейлінше инклюзивті» болуы керек, өйткені дауыстардың көпшілігі сайып келгенде билеуші партия қалағандай көп болмады.
«Бұл өте поляризацияланған ел, шамамен 50/50. Жеңіс межесі 52-48-ге неғұрлым жақын болса, соғұрлым Ердоған инклюзивті болуы қажет. Бұл оның парламенттегі оппозициямен одақ құруы керек дегенді білдіреді. Дауыс беру нәтижелері билікке «қатаң ескерту», деді Хакан Ақбас.
Сонымен қатар «Hürriyet» газеті Реджеп Тайип Ердоғанның қазіргі жеңісін бұрынғы сайлаудағы жеңістерімен салыстырғанда «маңыздырақ және қиынырақ» деп жазды. «Экономиканың жағдайы, жер сілкінісі, пандемия. Ердоған тағы да жеңіске жетті. Мұндай қиын кезде жеңіске жету – үлкен жетістік. Бұл жеңіс бұрынғы жеңістерден маңыздырақ», деп жазады «Hürriyet» баспасөзі.
Ал Түркия оппозициясының ортақ кандидаты Кемал Кылычдароглу Анкарада сөз сөйледі. Ол «бұл сайлау Түркия тарихындағы ең әділетсіз сайлау болды» деп мәлімдеп, жақтастарына демократия жолында күресе беретінін айтты.
«Reuters» ақпарат агенттігінің мәліметінше, 14 мамырда өткен бірінші турда Кылычдароглуға Анкара мен Ыстанбұл қалаларының халқы көбірек дауыс берген. Онда сайлаушылардың 85 пайыздан астамы дауыс беруге келген. Шетелдердегі сайлаушылардың жартысынан көбі, Кылычдароглуды таңдаған. Түркия оппозициясының ортақ кандидаты Кемал Кылычдароглу – 2002 жылдан бері Түркия парламентінің депутаты. 2010 жылдан бастап республикалық халық партиясын басқарады.
«Hürriyet» газетінің жазуынша, Түркия оппозициясы президенттік сайлаудың екінші турында өз кандидаты жеңілгеннен кейін партия басшылығын, сондай-ақ көзқарастарын өзгертуі керек. Басылым шолушысының айтуынша, оппозицияның тығырықтан шығаратын екі жол бар. «Біріншіден, олар партия басшылығын өзгертуі керек, содан кейін «соқыр ойдан» арылуы керек», делінген мақалада.
Еске салсақ, 14 мамырда өткен сайлаудың бірінші турында кандидаттардың ешбірі 50 пайыз дауыс жинай алмаған еді. Ол кезде Ердоған – 49,5, Кылычдароглу 45 пайызға жуық сайлаушылардың қолдауына ие болды. Ал күні кеше жеңіске жеткен Режеп Тайип Ердоғанды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарқын жеңісімен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дами беретінін жеткізді.