Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) Өзбекстанда ұйымдастырылған ерлер арасындағы әлем чемпионатынан кейін ұлттық құрамалардың жаңарған рейтингін жариялады.
Ташкент төрінде төрт алтын, бір күміс медаль олжалаған Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте Куба, Ресей, Өзбекстан секілді бокс державаларын артқа тастап, 81 000 ұпаймен бірінші орынға жайғасты. Екінші орынға Өзбекстан құрамасы (60 800) ие болса, үздік үштікті Ресей боксшылары (58 050) түйіндеп тұр. Кейінгі орындарға Үндістан (55 500), Куба (45 300), Бразилия (43 400), Италия (38 980), Түркия (38 450), Мексика (37 650) және АҚШ (34 950) боксшылары орналасқан.
Ташкенттегі әлем чемпионатында жалпыкомандалық есеп бойынша Өзбекстан құрамасы (5 алтын, 2 күміс, 2 қола) жеңімпаз атанған болса, біздің жігіттер екінші орынға ие болған еді.