1961 жылы Перу және АҚШ әншісі Има Сумак кеңес одағын аралау кезінде Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапаловамен танысады. Има Сумактың анасы инк тайпасының соңғы императоры – Атауальпының ұрпағы екен. Үндінің көмейден күмбірлеп шығатын қоңыр дауысын Еуропаның классикалық музыка стиліне салған әнші Нұрсұлу Тапалованы Перу елінің ән-биін үйреніп қайтуға шақырады. Алайда сол уақыттағы АҚШ пен кеңес одағының арасындағы сәл-пәл жылымыққа қарамастан, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті «халық жауының» қызы болғаны үшін Нұрсұлу Елубайқызына шетелге шығуға рұқсат етпейді. Бұл көпке мәлім болмаған деректі Нұрсұлу Тапалованың 100 жылдығына арналған «Би биігіндегі ғұмыр» атты Ақтөбеде өткен конференцияда бишінің қызы Тоты Шоқырқызы ортаға салды. Шетелге шығуға тыйым салынғанына биші аса қамықпай, «Мен үшін өнерімді халқымның бағалағаны маңыздырақ», деген екен қыздарына.
Қазақтың тұңғыш кәсіби балет бишісі, киноактриса, әнші, педагог, балетмейстер Нұрсұлу Елубайқызы 1998 жылдың қараша айында Алматыда 75 жасында өмірден өтті. Қазақтың тұңғыш боксшысы Шоқыр Бөлтекұлының жары, Ақсұлу, Тоты есімді қыздардың анасы 1923 жылы Ойыл ауданының Жетікөл деген жерінде дүниеге келген. 1934 жылы Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі Ойыл ауданына гастрольдік сапармен барғанда, көркемөнерпаздар үйірмесінің оқушылары да өнер көрсеткен. Оркестрдің дирижері әр көркемдік жетекшісі Ахмет Жұбановқа 11 жастағы Нұрсұлудың биі ұнайды. Ел ішіндегі өнерлі өрендерден болашақ әнші, күйші, бишіні көре білетін Ахмет Қуанұлы Нұрсұлудың әкесі Елубайға қолқа салып, қызын жетіжылдық мектепті аяқтаған соң Алматыға жіберуін сұрайды. Екі жылдан кейін шығармашылық конкурстан сәтті өткен Нұрсұлу Қазақ музыка театры жанындағы училищеге оқуға түсіп, осы өнер ордасына биші болып жұмысқа орналасады. Артынан бүкіл отбасы да Нұрсұлудың соңынан келеді. Музыка театрының көркемдік жетекшісі Қ.Жандарбеков пен балетмейстер А.Александров Нұрсұлуға Мәскеу не Ленинград хореографиялық училищелерінде білімін жалғастыруды ұсыныс еткенімен, қаршадай қыз отбасылық жағдайымен алысқа ұзай алмайды. Аштықтан кейінгі ашқұрсақ елдің ауыр тұрмысы, науқас әке, буыны қатпаған бауырлар, арқа бұрғызбайтын уақыт талантты қызды өз шеңберінен шығармайды. Ақтөбелік баспагер Нұрлан Жұмағалиевтың айтуынша, Нұрсұлудың әкесі Елубай Тапалов 1925 жылы Темір уезі Ойыл болысында аға милиционер болып қызмет атқарған. Ол кісінің өмірдерегі 1929 жылдан үзіледі. Кеңес өкіметіне қызмет еткен адам не себепті халық жауына айналды? Қалай болғанда да Елубай Тапалов кеңес өкіметінің алғашқы тазалауына іліккендердің бірі, сотталып, айдаудан денсаулығын құртып ауылға оралған кезі. Ахмет Жұбанов осы азаматтың қызына қамқорлық жасап үлкен өнерге қадамын ашты. Көп кешікпей 13 жастағы Нұрсұлудың соңынан әке-шешесі, аға-інісі Алматыға кетті. Бұл отбасының елден ертерек қол үзуіне де осы жағдайлар себеп болған сияқты.
«Нұрсұлу Тапалованың өнердегі бағын ашқан ұстазы А.Александров деп көп айтылса да, шын мәнінде балет бишісі ретінде елге танытқан балетмейстер А.П.Чекрыгин еді. Ол 1940 жылы И.Н.Надировтің «Көктем» балетін сахналағанда, Нұрсұлу апай Дариға партиясын орындады. Оған дейінгі қойылымдарда Шара Жиенқұлованы ауыстырып билеп жүріп, «Көктем» балетінде тұңғыш рет Алмас Бекбосыновпен бірге жұрт алдына шықты. Жалпы, Нұрсұлу апай қазақтың балет өнеріне жұптасып билеуді әкелген жан. Биші шығармашылығының биік шыңы – «Бақшасарай бұрқағы» балетіндегі жаужүрек Зарема рөлі. Сүю, опасыздық, адалдық, тұрақтылық, еріне деген суынған сезімді бейнелеген осы рөлде Нұрсұлу болмысы сығалайды», дейді Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Тойған Ізімова.
Нұрсұлу Елубайқызы 1933-1953 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының әртісі, прима балеринасы. Алайда 30 жасында балеттегі карьерасын аяқтаған. Содан кейін «Қазақконцерт» мекемесіне ауысып, ән-би миниатюраларын сомдап, әр халықтың билерін нақышына келтіріп орындап жүрді. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде әзербайжанның «Шөжелерім» биін тамаша орындағаны үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Кейін Жамбыл туралы киноға, «Ақ раушан» фильміне түскен. Халық әртісі Сара Көшербаева Нұрсұлу Тапалованы сахналық рөлге асқан жауапкершілікпен дайындалып, жан-тәнімен беріліп ойнайтынын айта отырып, оны өзін өзі өртеп жіберетін феникс құсқа теңейді. Қойылым аяқталғанда көрермендер бишіні қайта-қайта шақырып, сахнадан жібермейтін.
Тоты Шоқырқызы былай деп еске алады: «Соғыс басталғанда Алматыға Мәскеуден көшіп келген Үлкен театр, «Мосфильм», «Ленфильм» қызметкерлері казармаларда, Опера театры ғимаратындағы бөлмелерде тұрған. Театр репетициясы өте кеш аяқталады. Анам қараңғы түсе шығып, жолда карточкамен азық-түлігін алып, үйге жеткенше асығады. Өйткені оны тоғыз адам күтіп отыр. Бір жолы қараңғыда келе жатып, соңынан қара киімді адамның өкшелеп келе жатқанын көріп, кілт тоқтап, артына бұрылғанда, әлгі жігіт «Бұл біздің Зарема ғой!» деп бас киімін шешіп амандасады. Сөйтсе, карточкамен азық-түлік алатын жерде анамды танып, соңынан еріп жүрген. Әлгі жігіт анама наны мен қантын ұстатып, ақшасын беріп, үйіне дейін шығарып салған. Анам ашық далада өнер көрсеткенді ұнатқан. Күй талғамайтын. Өте қарапайым болған. Көлік бұзылып қалса, жаяу кетеді, не жолшыбай кездескен атарбаға міне салатын. Бір жолы көліктің кузовына шығып билеп тұрғанда тайып құлап, аяғын сындырып алыпты. Анам: «Қойлы ауылда, жылқылы ауылда өнер көрсеткенде, ашық аспан астында жүздері күнге күйген адамдардың қуанышты көздерін көру, риясыз көңілмен соққан шапалағын есту – мен үшін зор қуаныш», дейтін. Әлемдегі бүкіл халық бірдей түсінетін тіл – бидің тілі деп бізге жиі айтып отыратын».
1975 жылы қазақ өнерінің сахнасынан біржолата кетті. Одан кейін кәсіби бишіні ешкім жұмысқа алмады. Балет бишісі карьерасының 30 жастан кейін аяқталатыны – көп таланттың жолына қойылған кедергі. Осы жағдай нәзік жанды күйретіп жіберді. Қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұрсұлу апай жағдайын айтып ешкімнің алдына жалынып бармайтын, атақ пен байлықты құндылық санамайтын Құдайына қараған жандар болғанын журналистер бұрын да көп жазды.
Тоты Шоқырқызы айтады: «Мамам ауырып қалғанда Шара апайдың бір шәкірті үйге жиі келіп тұрды. Шыны керек, үйімізге әртістердің көбі жоламады. Басымызға қиыншылық түскенде музыка зерттеушісі Петр Аравин, Бейімбет Майлиннің ұрпағы – педиатр Ғалия, Байқадамовтар отбасы, Валентина Ивановна, Галина Ивановна Панфиловалар қолұшын созды. Анамызды бір жолы Мәскеудегі Орталық телевизия «Здоровье» хабарына түсірген. Осы хабардан анамның түрін көрген әртіс Галина Уланова бірден Алматыға ұшып келді. Мәскеуден келген профессорға анамызды қараттық. Дәрігер «өмір бойы сахнада би билеген анаңыздың денсаулығы жақсы, жүрегі дұрыс соғып тұр. Бірақ өмірге құлықсыз», дейді. Осы жайттарға куә болған Галина Уланова кетерінде: «Анаң қандай сұлу болса, ішкі дүниесі де сондай аппақ жан. Бұл қиындықтан өзі шығады, қалқам, тек сабырлы бол», деп ақылын айтады. Мәскеуден анамның тағы бір құрбысы, актриса Л.Гурченко келді де, Л.Зыкинаның Мәскеуге емдетуге шақырып жатқанын айтты. Бірақ анам көнбеді. Көп сөйлемейтін жан іштей сынады. Бұлар іштегісін айтып жалпақ жұртқа шағына бермейді. Олар басқа әлемде өмір сүреді, оларды аялау керек».
Өнер саласындағы жастарға орта мектепті де аяқтамай, кәсіби білімсіз 13 жасында балет партияларын сомдаған Нұрсұлу Елубайқызы сияқты жандардың өмір жолы үлгі болуға тиіс. Жаратылысы бөлек сұлу жанның жұмысына жауапкершілікпен қарауы, көрерменге деген құрметі, сахнаны сыйлау мәдениеті өте жоғары болғанын Шара Жиенқұлованың шәкірттері де айтып кеткен. Белгілі балет әртісі Болат Аюханов Нұрсұлудың балеттен ертерек кеткеніне қапаланып, оның өнерге қайта оралуы қажеттігін талай рет көтерді. Нұрсұлу Тапалова репетицияға ертерек келіп дирижер, балетмейстерлермен үнемі ақылдасып отырған. Ол заманда әркім жеке-дара шешім қабылдай алмаған, ойдан ештеңе қоса алмаған. Қатал тәртіп пен кәсіби мамандардың жауапкершілігі арқасында өткен ғасырдың ортасында қазақтың классикалық би өнері жоғары деңгейге көтерілді.
Нұрсұлу Тапалованың 100 жылдық мерейтойын тойлау кезінде Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұрсұлу Тапалованың қызы, жасы жетпістен асқан Тоты Аққожаева өмірінде тұңғыш рет анасының туған жері – Ойыл ауданына барды. Облыстық мәдениет басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы Нұрсұлу Тапалова атындағы жас бишілер байқауын ұйымдастырып, онда тоғыз өңірден келген би ұжымы сайысқа түсті.
Ақтөбе облысы