• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2010

ЖЕМІСІН БЕРГЕН ЖЕТІСТІК

471 рет
көрсетілді

Бұдан бұрын хабарлағанымыз­дай, Суоми еліне Парламент Мә­жілісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жа­новтың ресми сапары Елба­сы­ның кеңесі және фин парламент­шілерінің шақыруына байланысты жүзеге асырылды. Мұндағы мақсат өзінің сыртқы саясаты мен тиімді бей­бітшілік қызметімен озық эко­номикаға әлеуметтік бағытталған, сыбайлас жемқорлық деген атымен жоқ және саяси пәтуалық дәстүрге негізделген берік және тұрақты саяси жүйесі бар ел ретінде таны­лып отырған Финляндияның ин­но­вациялық-технологиялық тәжіри­бесін зерделеп, біліп, үйрену болып табылады. Бұл үшін қазақстандық делегация назарына әлемнің озық компанияларымен иық түйістіріп, алға шыққан фин елінің ағаш үйлерді тұрғызатын жетекші өндіріс орны “HONKA” концернінің, индустрия­лық-аграрлық саласында атағы жай­ылған “NOKІA” кор­пора­циясының, Швеция мен Фин­ляндиядағы ұялы байланыс рыно­гындағы көшбастаушы “Telіa­So­ne­ra” телекоммуникациялық компа­ния­сының, жоғары дамыған “SІTRA” инновациялық-техно­ло­гия­лық қорының қызметі мен бас­қа да озық ғылыми-техникалық жетістіктер көрсетілді. Бүгінде Еуропаның солтүстігін­дегі қалың қарға көмілген, ну ор­маны сыңсыған Финляндия Санта Клаус­тың отаны, атақты шаңғы­шы­лар мен бұғы өсірушілердің елі болып та­бы­лады. Экономикасы тұ­рақ­ты, хал­қы­ның әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайы жоғары елдің мұн­дай жетістігінің бір сыры қыл­мыстың мүлде жоқ бо­луын­да шы­ғар деп ойлаймыз. Соның ішін­де сыбайлас жемқорлық деген атымен жоқ көрінеді. Әрине, кейбір елдегі секілді әркім ортақ қазынадан өзі­нің қалтасын толтырып қалуды ғана мақ­сат етпей, керісінше, эко­номиканың өркендеуіне бір кісідей үн қатып әділдік пен адалдық сал­танат құрған, салығы жоғары елдің байлығы да шал­қып тұр. Әділдік пен теңдік бар­лық салада үстемдік құрған. Фин­лян­дия Еуропада ал­ғашқы болып ерлер мен әйелдердің тең құқылы сайлау жүйесін ен­гізген. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда үкімет мүшелерінің жар­ты­сынан көбін және парламент депу­таттарының 40 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Мемлекетті де әйел адам басқарып отырғаны белгілі. Қазақстандық делегация мүше­ле­рін ең алдымен таңғалдырғаны – Хель­синки қаласының тазалығы еді. Әрине, Еуропада таза қала бар­шы­лық. Бірақ мына шаhар көше­ле­рінен бірде-бір қылтанақ кездес­пеу нағыз көше мәдениетінің бел­гі­сі болса керек. Көше жолдары анау айтқандай кең емес, деген­мен, көлік кептелегі де жоқ. Көзі­міз үйреніп қалған өзіміздегі секілді ала таяғын қылыштап, ысқы­ры­ғымен жер жарып бұрыш-бұрышта тұратын жол инспекторлары да көрінбейді. Адамдар темірдей тәр­тіптің өзі үшін керек екенін жақсы біледі. Ауа райының тазалығы, қала­ның сәнділігі, тыныштық пен тұ­рақты­лық­тың, жоғары тұрмыс дең­гейінің қалыптасуы тұрғындардың денсау­лы­ғы­ның мықты болып, әдемі өмір сү­руі­нің кепілі. Сон­дық­тан да мұнда, ең алдымен, сапалы қызмет көрсетуге аса мән беріледі. Ол үшін білім мен ғылымды игеру бірінші кезекке қойылады. Сапалы қызмет көрсету мазмұны адам­дар­дың әл-ауқатты өмір сүруіне, әлеу­меттік-тұрмыстық жағ­дайларының жоғары болуына ғылыми негіз­делген. Сондықтан да Елбасы Қазақ­стан­ның Финляндиядан жоғары сапалы білім беру стандарттары мен ғылыми зерттеулерге бәсеке­лес­тік жағдайда қаржы бөлу сала­ларында, болашақ ұлттық инфра­құ­рылымды жүзеге асы­руда, мем­ле­кет­тің бірлігін күшейтуде, ғылым мен кәсіпкерлікті дамытуда үй­ре­нетін тәжірибелері көп екендігін айтты. Мұндай бағыт-бағдарды ай­қын­дау Қазақстанның “Еуропаға жол” бағдарламасымен және ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен бай­ланысты болып отыр. Себебі, жо­ғарыда айтып өт­кеніміздей, жаhан­дық даму кезеңін­де алдыңғы қатар­лы елдердің озық тәжірибелерін өзіне алуы, бірінші кезекте, қазақ­стандық азаматтар үшін өте пай­далы. Финляндияда экология­лық өлшемдер жоғары, жеке өндіріс саласы қарыштап дамыған, барлық жалпы білім беретін оқу орындары са­пасының деңгейі теңестірілген. Со­ған орай мұнда жеке меншік оқу орны деген атымен жоқ, бәрі тек мем­лекеттік болып табылады. Оның үстіне Финляндия қо­ғамын­да байлар мен кедейлерге бө­лінбейді. Оларда жоғары лауазым­ды қызметті халықтан биік тұру, бө­лектену деп есептемейді. Неғұр­лым жоғары дәрежелі шенеунік әрқашан халықпен тығыз, ашық жұмыс істейді. Шыны керек, осы сапарда қара­пай­ым­дылық пен жо­ғары мәдениетті­лік­тің, кішіпейіл­ді­лік пен адамгер­ші­лік­тің шыңын көрсетіп жүрген фин елі­нің жоғары лауазымды және қатар­дағы қызмет­ке­рін қайсысы кім екенін бір-бі­рі­нен ажырату оңайға түспеді. Қыл­мыстың, алдау-арбаудың, алаяқ­тық­тың жоқ бо­луы адамдардың, расында, адал­дықтың шыңына шы­ғуына мүмкіндік туғызған. Бай­қау­сызда ақшаға нығыз­далған әмия­ны­ңыз түсіп қалған жағ­дайда ізде­сеңіз, сол күйінде мұрты бұзылмай табылатындығына кепілдік береміз дейді. Сонда әлі де кейбір елде бер­сең қолыңнан, бермесең жо­лыңнан дейтін әдет қалмай тұрғанда мұнда тіпті абайсызда біреудің ұмытып, не жоғалтып алған бағалы дүниесін алып кету де жоқ. Міне, мұның бәрі Финлян­дия­ның көптеген салада, әсіресе, білім бе­ру­дің көшбасында тұрғандығын біл­ді­ре­ді. Оның бәрі – жаңаша ойлау, сапалы қызмет көрсету тиім­ділігіне қол жет­кізу секілді көп­те­ген ғылыми бағыт­тардың нәтижесі. Елбасы екі елдің экономикасы бірін-бірі толықтырып отыратынын айтқан болатын. Демек, бізге Суомидің инновациялық-техно­ло­гиялық тәжірибесінің өте қа­жет­тілігі секілді Қазақстанның қуатты ресурстық базасы Финляндияны қызықтыратыны да анық. Ендеше, финдерде қалыптасқан жүйе – мемлекет пен кәсіпкерлік­тің өзара қарым-қатынасы, ғалым­дар мен іскерлік ортаның ынты­мақ­тастығы, технологиялық парк­тер мен кластер­дің қызметтері ерек­ше назар аударуды қажет етеді. Бұл туралы Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамед­жанов сапар қорытын­ды­сында алған тәжірибені баянды ету барысында мемлекеттік органдар мен Үкімет керекті салада тиісті нәтиже шығаруы қажеттігін айтып өтті. Александр ТАСБОЛАТОВ.