• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Мамыр, 2023

Қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етті

526 рет
көрсетілді

Бүгін Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты, Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг өтті. Іс-шараға солақай саясаттың құрбанына айналған тұлғалардың ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері шақырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми зерттеу орталығының директоры Райхан Имахамбет, қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Мұхаметжан Тынышбайұлының немересі Тынышпаева Нұршекен, қоғам және мемлекет қайраткері Ыдырыс Көшкіновтың шөбересі Ыдырыс Дархан, шет елден келген тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Байділдеев Жұмагүл, Қырғыз Республикасының «Ата – бейит» ұлттық тарихи мемориалдық комплекс директоры Боромбаев Рыскул, тарихшылар әрі мемлекеттік комиссия мүшелері Әбжанов Хангелді мен Қойгелдиев Мәмбет және өңірлік саяси құғын-сүргін комиссиясының мүшелері қатысты.

Тағзым етушілер ескерткішке гүл шоқтарын қойып, марқұмдарға құран бағыштады. Жиында сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев еске алу шарасының маңызды әрі келешек ұрпақ үшін құндылығы жоғары екенін атап өтті.

«Қасіретті жылдардың құрбандарын ақтау жұмысы жалғасуда. Бұл ретте облысымызда арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия мүшелері азаматтарды ақтау үшін архив құжаттарымен жұмыс істеп, «Қастек көтерілісі. 1928 жыл», «Империялық-полицейлік қадағалаудың тарихы», «Алатау өңірі: Алаш қайраткерлері», «1928: Мүлікті тәркілеу тарихынан – Балқаш ауданы» сияқты құжаттар жинақтарын шығарды. Тарихтағы осындай қиын кезең бірлігімізді берік, бүгінгі тірлігімізді тату ететін фактор екені сөзсіз», деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар, іс-шара барысында 2018  жылы жұмысын бастаған музей ұжымы түрлі тарихи экспонаттарды қонақтар назарына ұсынды. Сондай-ақ «1928: Мүлікті тәркілеу тарихынан – Балқаш ауданы»  және «Алатау өңірі: Алаш қайраткерлері» атты кітаптарының презентациясы өтті.

Тұсаукесер сөз алған репрессия құрбандарын ақтау бойынша арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның мүшесі, профессор М.Қойгелдиев: «Президенттің жарлығымен құрбандарды ақтау бойынша үлкен жұмыс істеліп жатыр. Атап айтсақ, қазір 12 томдық құжаттар жинағы дайын болды. Бұл өте ауқымды жұмыс. Қазақтың 20-ғасырдағы қасіретін тарих бетінде айқын қалдырамыз», деді.

Жалпы Алматы облысының аумағында 250 мың адам саяси репрессияның құрбаны болып, 15 мың адам атуға кесілген. Ал жазықсыз жазаланған адамдардың көпшілігі осы Жаңалық ауылында, Қандысай деп аталатын жерде жерленген.