«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының тарихы тереңде. Тұлпарының дүбірі дүниені кезген бабалар мұрасы бай шежіремізден ақпар береді.
Былтыр Ұлттық қолжазба орталығы қызметкерлері Үндістанның Нью-Дели ұлттық мұрағатынан қазақтарға қатысты Қытай арқылы Үндістан асқан 3 мыңнан астам деректі тапқан болатын.
Делегация құрамындағылардың айтуынша, бабаларымыз Локпала мен Карабат қалаларының маңында өмір сүрген. Мұнан соң қазір қазақтар өмір сүретін Түркия жеріне ауған. Үндістаннан әкелінген суреттер мен хаттар Астанадағы мұрағаттық құжаттар көрмесінде көпшілікке ұсынылды.
– Үндістанға 3 200 адам барған. Олардың өздерімен бірге 2 000 қой, 500 шақты жылқысы болған. Өкінішке қарай, Гималай тауы ауасының қысымы, климаттық жағдайы салдарынан мыңдаған отандасымыз опат болған. Егер Үндістанға барған қазақтардың тарихын тереңірек қаза түссек, мұнан да көп деректерге кезігеріміз сөзсіз, – деді Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының директоры Жандос Болдықов.