Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Барыс» клубының шабуылшысы Никита Михайлис спорттық жолын Магнитогорскінің «Металлург» командасында жалғастыратын болды.
28 жастағы Қарағанды хоккей мектебінің түлегі «Барыста» 2011 жылдан бері өнер көрсетті. Осы уақыт аралығында ол Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) 411 кездесуде мұзайдынға шығып, 221 (99+122) ұпай жинады. 2021/22 жылы Никита Михайлис – Кёртис Волк – Якоб Лилья үштігі тұрақты біріншіліктің қорытындысы бойынша ең нәтижелі ойыншылар деп танылды. Ал 2022 жылы Михайлис «Барыстың» капитаны атанып, команданың нағыз көшбасшысына айналды. Ол өткен маусымда ҚХЛ-да 58 ойын өткізіп, 15 мәрте мергендігімен көзге түсті. Сондай-ақ 26 мәрте әріптестерінің гол соғуына жағдай жасады.
Никита Михайлис Магнитогорскінің «Металлург» командасымен бір маусымға келісімшартқа отырды.