Көбіміз Олимпия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлерінің ережесін жақсы білгенімізбен, спортшыларға төрт жылдықтың басты додасына жолдамалар қалай, қандай жарыстарда берілетінін біле бермеуіміз мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта Париж Олимпиадасында жүлделер сарапқа салынатын 32 спорт түрінің іріктеу жарыстары қалай және қашан өтетіні туралы егжей-тегжейлі жазуды жөн санап отырмыз. Алдымен, бүгінге дейін қай ел қанша жолдама алып үлгергені туралы аз-кем мәлімет бере кетсек.
Париждегі дүбірлі додаға жолдама беретін іріктеу сайыстарының дені биылға жоспарланғанымен, 2022 жылдың өзінде жер-жаһанның спортшылары спорттың 11 түрінен 2024 жылғы Олимпия ойындарына 120 жолдама жеңіп алған. Олардың ішінде ең көп жолдама нысана көздеу спортына тиесілі. Ал биыл спортшылар тағы 13 спорт түрінен жолдамаға таласады.
Жазғы Олимпия ойындарын өз тарихында осымен үшінші мәрте өткізгелі отырған Франция – жарысты ұйымдастырушы мемлекет болғандықтан, «үш жолақты» елдің спортшылары төртжылдықтың басты бәсекесінің бағдарламасына енген барлық спорт түрінен іріктеусіз-ақ жолдамаларға қол жеткізіп отырғанын айта кеткен жөн.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі таңда Париж Олимпиадасына ең көп жолдаманы (76!) нысана көздеу спортшылары жеңіп алды. Атап айтқанда, пневматикалық мылтықпен оқ ату (10 метр) бойынша әйелдерден АҚШ құрамасы 2 квота, Қытай, Польша, Корея спортшылары бір-бір жолдамаға иелік етсе, дәл осы санаттағы ерлер бәсекесінде Үндістан, Италия, Қытай, Чехия, АҚШ құрамалары әзірге бір ғана жолдаманы қанағат тұтқан.
Сонымен қатар мылтықпен үш қалыптан ату (50 метр), әйелдер: Дания, Чехия, Қытай, Норвегия, АҚШ (2 квота), Корея;
Мылтықпен үш қалыптан ату (50 метр), ерлер: Чехия, Норвегия, Украина, Польша, Үндістан, Қытай, АҚШ;
Пневматикалық тапанша (10 метр), әйелдер: Грекия, Қытай, Сербия, Армения, АҚШ;
Пневматикалық тапанша (10 метр), ерлер: Қытай, Пәкістан, Корея, Украина, Бразилия;
Тапанша (25 метр), әйелдер: Германия, Польша, Корея, Қытай, Болгария, Иран, АҚШ;
Тез ататын тапанша (25 метр), ерлер: Франция, Германия (2 квота), Корея, Пәкістан, Қытай, Куба;
Трап, әйелдер: Италия, Ұлыбритания, Франция, Испания, Словакия, Аустралия, АҚШ;
Трап, ерлер: Чехия, Швеция, АҚШ (2 квота), Ұлыбритания, Қытайлық Тайпей, Үндістан;
Скит, әйелдер: Ұлыбритания, Германия, АҚШ (2 квота), Италия, Словакия, Украина;
Скит, ерлер: Чехия, Италия, АҚШ (2 квота), Швеция, Мысыр, Қатар.
Нысана көздеу спортының ережесі бойынша Олимпия ойындарының іріктеуі спортшылардың әр жарыста жинаған рейтингтік ұпайларына қарай үлестіріледі.
Кейінгі ең көп жолдама ат үшсайысы спортшыларына тиесілі. Олардың еншісінде 7 жолдама бар. Мәселен, командалық іріктеу (3 адамнан) сайысы бойынша Германия, АҚШ, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Ирландия, Швеция, Швейцария, Франция (жарыс қожайыны) мемлекеттерінде бір жолдамадан бар. Бұл спорт түрінен Олимпиада жолдамалары 2023 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығындағы рейтингке қарап беріледі.
Спорттық гимнастика (6 жолдама) бойынша әйелдер командасынан (5 спортшы) АҚШ, Ұлыбритания, Канада және ерлер командасынан (5 спортшы) Қытай, Жапония, Ұлыбритания құрамалары Париж Олимпиадасына дайындықтарын бастап кетті.
Аталған алты елдің спортшылары Олимпиада жолдамасын былтыр Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында олжалағанын жанкүйерлер жақсы біледі. Ал биылғы жолдамалар осы жылдың 29 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында Бельгияның Антверпен қаласында жалауы желбірейтін кезекті әлем біріншілігінде сарапқа салынады.
Сонымен қатар көркем гимнастика өкілдері де бүгінге дейін 6 жолдама жеңіп алған. Атап айтқанда, жекелей іріктеу сайыстары бойынша Италия, Германия, Болгария, ал топтық іріктеу (5 спортшыдан) санатында Болгария, Израиль, Испания спортшылары жолдамаға иелік етті. Бұл спорт түрінен ең жақын олимпиадалық іріктеу 2023 жылдың 23-27 тамызында Испанияның Валенсия қаласында әлем чемпионаты аясында өтеді.
Ат спорты (6) бойынша командалық іріктеуден өткендер (әр командадан 3 спортшы): Дания, Ұлыбритания, Германия, Швеция, Нидерланд, АҚШ, Франция (жарыс қожайыны). Ат спортының жолдамалары 2022 жылдың 1 қыркүйегі мен 31 желтоқсаны аралығындағы нәтижелерге қарап беріледі.
Конкур (6) сайысы: Командалық іріктеу (3 адамнан): Швеция, Нидерланд, Ұлыбритания, Ирландия, Германия, Бельгия, Франция (жарыс қожайыны).
Ат үстінде әртүрлі кедергілерден өтетін конкурс сайысының олимпиадалық жолдамасы 2023 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығындағы рейтингке қарап беріледі.
Футбол (5). Әйелдер: Бразилия, Колумбия, АҚШ, Франция (жарыс қожайыны). Ерлер: Доминикан Республикасы, АҚШ, Франция (жарыс қожайыны).
Триатлон (4). Әйелдер: Ұлыбритания (2 квота), Франция (2 квота жарыс қожайыны ретінде берілді). Ерлер: Ұлыбритания (2 квота), Франция (2 квота жарыс қожайыны ретінде берілді). Спорттың бұл түрінен Олимпия ойындарының жолдамасы спортшылардың іріктеу сайыстарындағы нәтижелеріне қарап, рейтинг арқылы беріледі.
Гандбол (2 жолдама). Әйелдер: Норвегия, Франция (жарыс қожайыны). Ерлер: Дания, Франция (жарыс қожайыны).
Спорттың бұл түрінен ерлер арасындағы жолдаманы Дания құрамасы жыл басында Польша мен Швецияда өткен әлем чемпионатында жеңіп алған болса, Норвегия қыздары Олимпиада жолдамасын былтырғы Еуропа чемпионатында иеленген еді.
Серфинг (2). Әйелдерден – АҚШ, ерлерден – Жапония құрамалары.
Баскетбол (1). Әйелдерден – АҚШ және Франция (жарыс қожайыны), ерлерден – Франция (жарыс қожайыны) құрамасы. Баскетбол жарысынан ең жақын олимпиадалық іріктеу сайысы әйелдер арасындағы Еуропа чемпионаты болмақ. Бұл жарыс 15-25 маусым аралығында Израиль және Словенияда ұйымдастырылады.
Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында бірде-бір Олимпиада жолдамасы жоқ. Дегенмен іріктеу сайыстары енді-енді басталып жатқанын да ескере кеткен жөн.