• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2010

БАЙЛАНЫСТЫҢ БАРМАҒАН ЖЕРІ ЖОҚ

555 рет
көрсетілді

Бұрын телефон байланысында түйткілдер болып тұратын еліміздегі барлық елді мекендер қазір “Қазақтелекомның” арқасында мүлтіксіз қызмет ететін заманауи технологияларға қол жеткізе бастады. Мәселен, бүгінде Алматы облысының 50 мың абоненті сымсыз байланыс түрімен қамтамасыз етілген. Бұл WLL CDMA-450 және WLL CDMA-800 технологиясы арқылы Алматы облысының телекоммуникация желісін жаңғырту және дамыту жөніндегі серпінді жоба аясында атқарылып жатқан тірліктердің бір парасы ғана. Осынау жетістіктерге БАҚ өкіл­дері таяу күндері Алматы облысы Қарасай ау­данының Қырғауылды ауылында өткен пресс-турда куә болды. Соңғы үш жыл ішінде бұл ауданда WLL CDMA 450-дің 7 базалық станциясы, ал Қас­келең қа­ла­­­сында WLL CDMA 800-дің 1 ба­залық станциясы орнатылған. Оған то­лығымен 6875 абонент, оның ішінде Қыр­ғауылды ауылынан 988 абонент қо­сылған. Мінсіз қызмет көрсететін бай­ланыс технология­ларының игілігі тұр­ғындардың өмірінен игі көрініс тауып жатқаны қуантады. Осы ауылдың адамы Гүлнұран Шәріпова: – Байланыс қызметі өте жақсы жолға қойылған. Балаларымның өті­нішімен интернет желісін де қос­тырдық. Енді өзімізге де балаларға да керекті кез-келген материалды интер­неттен алып отырмыз”, – деп “Қазақтелекомға” шынайы алғысын білдірді. – Мен жаңа технологиямен те­лефон орнатылып жатқанын естіп, осы жүйе бойынша телефон орнату үшін өт­кен жылы аудандық бай­ла­ныс то­рабына өтініш бердім. Ма­ман­дар дереу орнатып берді. Сапасы өте жоғары екен. Бұрын телефо­ны­мыздың сым­да­ры жиі үзіліп, кейде байла­ныссыз қалатынбыз. Енді қазір осы байла­ныс­пен Алматы, Астана, Жамбыл жақтағы туыс­тарыммен емін-еркін сөйлесіп жүр­мін, – деген Әйтей ауылының тұр­ғыны Сәткүл Юсупова да сөзінің аяғын алғыспен аяқтады. Халықтың да көңілінен шыға­тын, за­ман талабына да сай шаралар “30 кор­по­ративті көшбасшы мем­ле­кеттік бағдар­ламасының шеңберінде ауылдық елді ме­кендерді телефон­дан­дыру туралы Елба­сының тапсыр­ма­сына және “Қазақ­те­леком” ком­паниясының “CDMA техно­логиясын пайдалану арқылы ауылдық теле­коммуникациялық желілерді жаңарту мен дамыту” жобасына сәйкес жүріп жатыр. Өз кезегінде “Қазақтелеком” АҚ тех­никалық дамыту жөніндегі бас­қарушы директоры Жексембай Жаманбаланов: – Бұрынғы технологияларға қа­ра­ғанда, CDMA сымсыз техноло­гия бол­ған­­дықтан, ауылды жерлердің мүмкін­ші­лік­­тері көбейді. Оның үс­тіне бұл техно­ло­гия жылдан жылға өзгеріп келеді, өрлеу үс­тінде. Сапасы да арта береді деп ойлай­мын, – дейді. Ж.Жаманбаланов атап өткендей, бұл жобаның өршіл сипаты, яғни ұсынылып отырған WLL CDMA тех­нологиясы ау­ылды жерлерде толық телефондандыру мә­селесін барынша жылдам шешуге негізделген. – Аталмыш технология елді ме­кен­дер үшін шығыны жағынан бол­сын, жобаны іске асыру мерзімі, сонымен қатар оны пайдаланудың ке­ле­шегі жағынан болсын барынша оң­тай­лы, – дейді Жексембай Жа­манбаланов. – CDMA (Code Dіvіsіon Multіple Ac­cess) стандарты сандық болып табылады. 450МГц диапазонындағы жиілік жола­ғын қолданады. CDMA-450 базалық стан­­ция­сының ауылдық жерлердегі қам­ту аймағы 25-35 шақырымды құрай­­ды. CDMA-800 қалалық жерде 10 шақы­рым­ды қамтиды. CDMA-450 станциясы 900 абонентке дейін, ал CDMA-800 2000 або­нент­ке дейін қызмет көрсете алады, – деді. Айтқандай, Алматы облысының бай­ланысшылары CDMA-450 базалық стан­циясының жабу аумағы 25-30 шақы­рым­ға есептелгеніне қарамастан, кейбір жер­лерде сымсыз байланыс 60-70 шақы­рым­ға дейін ұстап тұрғандығын осыдан екі жыл бұрын қуана мәлімдегені еске түседі. Осы арада аймақтарды телефон­дандыру 2008 жылы аса белсенді жүр­генін айта кетуге болар еді. Сол жылы Алматы облыстық телеком­муникациялар дирек­ция­сы облыс ауданының елді ме­кендерін қамт­и­тын 39 базалық станция орнатқанын кезінде баяндаған едік. Бұл бастама өткен жылы да игі жал­ғасын тапқан. Бұл туралы Ал­маты ОТД бас директоры Жексем­бай Мейрамбаев мәлімдеп: – Өткен жылы Алакөл, Жамбыл, Іле, Қарасай аудандарында, Қап­ша­ғай қала­сында WLL CDMA 450-дің 11 базалық стан­циясы және Талғар, Қарасай аудан­да­рында, Қапшағай қаласында WLL CDMA 800-дің 3 базалық станциясы орнатылды, – деп атап өтті. Қысқасы, 2007 жылдан бері жал­пы Ал­­маты облысында сымсыз ра­дио­қа­ты­нау арқылы ауылдық те­леко­му­никация желісін дамыту және жаңғырту жобасы ар­қылы облыстың 75 пайыз ауылдық ел­ді мекен­дерін қамтыған CDMA-450 стандартты 50 базалық станция және Талдықорған, Қап­шағай, Талғар, Қаске­лең қала­ларында 6 мың абонентті қам­тыған CDMA-800 стан­дартты 3 станция пайдалануға берілген. Алдағы уақытта да халықтың те­ле­коммуникациялық қызмет түр­ле­ріне деген сұранысын қанағаттан­ды­рып, бай­ланыс сапасын жақсартып, пайдалану шығын­дарын азайту мақ­сатында – WLL CDMA сымсыз ра­диоқатынау желісінің қолда­ныстағы сыйымдылығын кеңейту мен 21 жа­ңа базалық станция орнату көзде­лініп отыр. CDMA сымсыз байла­ны­сының құ­рал-жабдықтарын Бай­ланысты халық­ара­лық стандарттау жөніндегі ұйымы үшінші буынның желісін құрудағы ең болашағы зор технология ретінде ұсынады. CDMA технологиясын пайдалана оты­рып, ауылдарды сымсыз же­лі­лерге жалғау “Қазақтелекомның” өзіне де ти­імді екен­дігін айта кетелік. Бұл техно­логия әрбір абоненттің үйіне дейін сым жалғап, бағана орнатпай-ақ байланыс желісіне жалғауға мүмкіндік беріп отыр. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы облысы, Қарасай ауданы.