• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 31 Мамыр, 2023

Мейірімің қайда, құт-мекенім?

300 рет
көрсетілді

Мамыр мерекесінде ауылға ат ізін салғанбыз. Ымырт үйіріле ел шетіне іліктік. Кеше ғана жауын жауған. Үлкен жолдан түскен соң көлденең кездескен жыраға көліктің алдыңғы доңғалақтары асылып қалмасы бар ма? Әрі-бері ырғап көргенмен, шыға алар түріміз жоқ. Көлікті қинамайық дестік. Қазіргі машинаның автомат қорабы мұндай жұлқылауды көтере бермейді. Қолұшын беретін адам да көзге түсетін емес. Әлден уақытта асыға басқан бозбала кезікті. Айғайлап шақырып, демесіп жібер дестік.

– Қанша төлейсіңдер? деді әлгі. 

Бұрын мұндайды көрмеген біз аузы­мызға сөз түспей, аңырып қалсақ керек, жолда қалған жолаушыдан ақша дәмететін бозбала бұрылып та қараған жоқ. Лайсаң жерде толарсақтан саз кешіп, нағашымызға бардық. Баласы атқа жайдақ мініп шықты. Біздің көксау көлікті қыл арқанмен бестінің құйрығына байлап, суырып алды. Ес кетіп, жан шықты дегенде нағашымыздың дас­тарқанынан дәм татқанбыз. Балық асыпты. Іргедегі Қамысақты өзеніндегі бықыған балықты көрші селоның орыстары келіп аулап, біздің ауылдың тұрғындарына сатып  кетеді екен. Таңсық асқа жерік тұтынушы жыртылып айырылады. Балық сорпасын ішіп отырып, жаңа ғана ел шетінде көрген ерсі көріністі тілге тиек еткенбіз. Сол-ақ екен, әңгіменің аужайы көптен келмеген ауыл тынысына бағытталды. Ертедегі ауыл адамдарының ақ пейілі, көл-көсір ниеті тұздығы татымды тақырыпқа айналған. 

– Бұрын біздің ауылда әдемі дәстүр көп еді, дейді нағашымның көршісі Есенбай ақсақал, – ауылдағы адамның уайымы қысқа қамдану ғой. Көрші-қолаң отын-шөп әкелсе, бүкіл ел болып жұмыла кетіп, бар жұмысты әп-сәтте бітіруші еді. Әскерге кетіп бара жатқан балаларды ауылдың бар үйі кезек-кезек қонаққа шақырып, ақ баталарын беріп, аттандырып салатын. Үй салғанда да білектерін сыбанып, жұмыла кететін және осы істеріне ешкім ақы сұрамайтын.

Тіпті ауылдың үлкендері біреу отын әкеліп, біреу шөп әкеліп қарбаласып жатқанда ешкім көмекке шақырмаса да, бала-шағасының қолына айыр, балтасын ұстатып, барып көмектесіңдер деп жіберетін. Міне – тәрбиенің көкесі.

– Қой, жатыңдар, деді нағашым, – таңертең ерте тұру керек, қой қырқатын бригада келеді.

– Онысы несі?  деп таңырқадық біз бұрын-соңды естімеген жосыққа.

–Қазір, деді нағашым, – қой қырқудың өзі мәселеге айналған. Көрші орыс селосынан арнайы бригада келіп, бір қойды 800 теңгеге қырқып береді. Оны айтасың, қойды кезекпен бағамыз ғой. Үйінде қой бағуға жарайтын адамы жоқ отбасылар кісі жалдайды. Бір кезегі – он мың теңге. Бірақ ауылда жастар болғанымен, қойшы таба алмайсыз. Бұрынғыдай көрші-қолаң бірігіп, көктем мен күзде қой қырқу, қаз жұлу тәрізді шаруалар осылай атқарылатын болған.

Таңертең кері аттанғанбыз. Ауылдан шыға бере жүрегім сыздап қоя бергені. Бұрынғы ауыл қотаны мейірімге тұнып тұрушы еді.