Әйелдер арасындағы еліміздің бірінші және екінші ракеткалары – Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты.
Елена Рыбакина бұл кезеңде Чехия теннисінің жас жұлдызы, қазіргі таңда әлемдік рейтингте 50-орында тұрған 18 жастағы Линда Носковамен шеберлік байқасты. Бірінші партияда отандасымыз екі брейк жасап, алғашқы сетті 6:3 есебімен өз пайдасына аяқтады. Соңғы, тоғызыншы геймді теннисшілер он минуттан аса уақыт ойнап, Рыбакина тек алтыншы сет-пойнтта ғана қарсыласын қапы қалдырды.
Екінші сетте қарсыластар өздері допты ойынға қосқан геймінде сауатты ойнап, ұзақ уақыт бойы таразы басы теңселіп тұрды. Сегізінші геймге келгенде Рыбакина 40:15 есебімен брейк жасап, тоғызыншы геймде ойынның нүктесін қойды – 6:3. Елена үшінші айналымда испаниялық Сара Соррибес-Тормо немесе хорватиялық Петра Мартичпен кездеседі.
Ал Юлия Путинцева екінші айналымда әлемнің 19-ракеткасы қытайлық Чжэн Циньвэньмен кездесіп, үш сетке жалғасқан матчта – 6:3, 4:6, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Енді Путинцева төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 30-ракеткасы америкалық Слоан Стивенспен шеберлік байқасады.