Ертең АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында шахматтан әйелдер арасында Кэрнс кубогінің алауы жағылады. Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып жатқан жарысқа әлемнің ең таңдаулы деген 10 спортшысы қатысады.
Атап айтқанда, мұхиттың арғы бетіндегі ойлылар бәсекесінде ел намысын Жансая Әбдімәлік қорғайды. Сонымен қатар 2019 жылы жылдам шахматтан әйелдер арасындағы әлем чемпионы Конеру Хампи, Харика Дронавалли (Үндістан), 2008 жылғы шахмат олимпиадасының жеңімпазы Нана Дзагнидзе, Белла Хотенашвили (Грузия), Александра Костенюк (Швейцария), жастар және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Элизабет Пац (Германия), Гүнай Мәмедзада (Әзербайжан) және Ирина Круш (АҚШ) бақ сынайды.
Чемпионат айналма жүйе бойынша ұйымдастырылып, жарыс жеңімпазы 9 турдың нәтижесі бойынша анықталады. 2019 жылы алғаш рет өткізілген турнирде ресейлік Валентина Гунина топ жарса, одан кейінгі жарыста үндістандық Конеру Хампи қарсылас шақ келтірмеген болатын.