Будапештте УЕФА Еуропа лигасының финалдық матчы өтті. Бас жүлде үшін өткен бәсекеде Испанияның «Севильясы» мен Италияның «Ромасы» кездесті.
70 мыңға жуық жанкүйерді сыйдыра алатын Ференц Пушкаш атындағы стадионда өткен финалдық бәсекенің есебін бірінші таймның 35-минутында «Рома» шабуылшысы Пауло Дибала ашып, командасына басымдық сыйлағанымен, екінші таймның 55-минутында Джанлука Манчини абайсызда өз қақпасына гол соғып алды – 1:1. Матч соңына дейін есеп өзгермеген соң, футболшылар тағы да қосымша 15 минуттан екі экстра-тайм ойнады. Бірақ бұл кезеңде де жеңімпаз анықталмады. Ал пенальти сериясында «Севильяның» бағы жанып, өз тарихында жетінші мәрте Еуропа лигасында топ жарды.
Еурокубок бәсекелерінің финалында бірде-бір мәрте жеңілмеген Жозе Моуриньо биыл алғаш рет (Суперкубок финалын айтпағанда) күміс жүлдені қанағат тұтты.