• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Маусым, 2023

Академиялық ескек есу: Олимпиада жолдамасы қалай бөлінеді?

1752 рет
көрсетілді

Бұған дейін уәде еткеніміздей, ал­дағы Париж Олимпиадасының бағдарламасына енген спорт түр­лерінің жолдамасы қалай және қан­дай жарыстарда берілетіні туралы мақалаларымыздың легін бастаймыз. Алғашқы материалымыз академиялық ескек есу туралы болмақ. Спорттың бұл түрінен Париждегі Олимпия ойындарының сайыстары жаңадан бой көтеріп жатқан Вер-сюр-Марне спорт кешенінде өтеді.

Ескек есу спорты 1900 жылдан бері Олимпия ойындары­­ның ажырамас бір бөлігіне айналып үлгерді. Парижде бұл спорт түрін ұнататын жанкүйерлер спортшылардың тартысты сайыс­тарын ғана емес, сонымен қатар жоғарыда айтып өткеніміздей, осы спорт түріне арнайы салы­нып жатқан Вер-сюр-Марне спорт кешенінің керемет көрінісін де бай­қай алады. 2024 жылғы Олим­пия ойындарындағы ескек есу жарысының тағы бір ерекшелігі – Олимпиада тарихында екінші рет ерлер мен әйелдер арасындағы сайыстар бірдей жағдайда өтпек.

 

Парижде қанша ескекші өнер көрсетеді?

Ұйымдастырушылар әуелгі жоспары бойынша Париж­де­гі Олимпия ойындарында 502 ­спорт­шы түрлі-түсті жүлделерді са­рапқа салады. Яғни ерлерден ­­– 251, әйелдерден де 251 спорт­шы бақ сынайды. Деген­мен Токиодағы Олимпиадаға қара­­ған­да Париждегі додада спорт­шы­лар саны 24-ке дейін азай­ған. Токиода 526 спортшы бақ сы­наған еді. Сонымен қатар алты жолдама жарыс қожайындары ретінде Франция спортшыларына беріледі.

Ал қалған 496 спортшы (248 ер және 248 әйел) жеті сайыс бойынша жолдамаларды өзара сарапқа салады. Яғни 58 спортшы (әр жыныс бойынша 29 жолдама) жекелей сында, 52 спортшы (әр жынысқа 26 жолдама) – жұптық, 52 спортшы (әр жынысқа 26 жолдама) – екілік жұптық, 72 спортшы (әр жынысқа 36 жолдама) – төрттік жұптық, 72 спортшы (әр жыныс­қа 36 жолдама) – жұптасқан төрттік, 126 спортшы (әр жынысқа 63 жолдама) – сегіздік жұп және 64 спортшы (әр жынысқа 32 жолдама) екілік жұпта жолдамаларға иелік етеді.

 

Жолдамалар қалай таратылады?

Халықаралық ескек есу феде­рациясы (FISA) академиялық ес­кек есушілерге Париж Олим­пиа­дасына жолдама жеңіп алу үшін төмендегідей үш мүмкіндік береді.

Біріншісі: академиялық ес­кек есу бойынша әлем чем­пионаты. 3-10 қыркүйек күн­дері Сербияда өтетін әлем чемпионатында 336 жолдама (әр жынысқа 168 жолдамадан) сарапқа салынады. Бұл сайысқа ХОК құрамына енетін барлық ұлттық Олим­пиа­да комитеттері, Халықара­лық ескек есу федерациясының (FISA) құрамына енген федера­циялардың өкілдері қатыса алады. Ал Олимпиада жолдамасы тек жоғары орындардан көрінген спортшыларға ғана бұйырады.

Екінші: аймақтық ірік­теу­лер. Яғни әлем чемпиона­тында сәтсіз өнер көрсетіп, жол­дамадан қағылған немесе әлем біріншілігіне қатыса алма­ған ұлттық құрамалар аймақ­тық іріктеу жарыстарында олимпиадалық квотаны иеленіп көруге тырысады. Екінші мүм­кін­дікте Азия және Мұхит аймағы, Африка, Америка және Еуропа мемлекетінің өкілдері 64 жолдаманы (әр жынысқа 32 квотадан) өз құрлықтарының іріктеу сайыстары арқылы сарапқа салады.

Үшінші: олимпиадалық ірік­теу. Алдыңғы екі іріктеу сайыс­та­рында жолдама ала алмаған спорт­шыларға ХОК тағы бір мүм­кіндік беріп, 2024 жылдың мамыр айында Швейцарияның Лю­церн қаласындағы олимпиа­далық іріктеуде соңғы 96 жолдаманы (әр жынысқа 48 жолдама) таратады.

Осылайша, Олимпия ойындарына қатысатын 502 спортшы іріктеледі. Ал Париж Олим­пиадасындағы академиялық ескек есу сайыстары 2024 жылдың 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.