• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 05 Маусым, 2023

Үздіктер ұпайдан шашау шығарған жоқ

242 рет
көрсетілді

Футболдан Еуропа мемлекеттерінің ішкі біріншіліктері аяқталған тұста Қазақстан Премьер-лигасының (ҚПЛ) ойындары бел ортасына таяды. Өткен сенбі-жексенбі күндері командалар ел чемпионатының 12-тур ойындарын өткізді. Турнир кестесінің көш басында келе жатқан «Астана», «Ордабасы», «Ақтөбе» сынды клубтар бұл турда да маңызды үш ұпайларына қол жеткізсе, «Қызылжар» қатарынан үшінші ойында жеңіліп, турнир кестесінде төртінші орынға түсіп қалды.

12-турдың шымылдығын «Қайрат» пен «Оқжетпес» клуб­тары ашып берді. Өткен тур­да чемпионат аутсайдері «Мақ­та­аралдан» сырт алаңда 3:1 есе­бімен жеңілген «Қайрат» бұл турда Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Алматының «Орталық» стадионда өткен бәсекенің тағдырын «Қайраттың» бразилиялық ша­буыл­шысы Жоао Паулоның жеке шеберлігі шешіп кетті. Ойынның сегізінші минутында ол пенальтиден гол соғып, командасын алға шығарса, 49-минутта есепті есе­лей түсті. Ал арада 30 минут өткенде қонақтар сапынан Рус­лан Болов 11 метрлік айып добын сәтті орындап, есеп айырма­сын қысқартты. Қатарынан екі ойында жеңіліп, үшінші матчта үш ұпайды еншілеген «Қайрат» тур­нир кестесінде бесінші орнын сақтап қалды.

Былтыр ел чемпионы атанған «Астананың» биылғы қарқыны әзірге көңіл қуантарлықтай емес. Келесі айда Чемпиондар лига­сының іріктеу кезеңіне қатысатын команда кейінгі бес тур бойы қарсыластарын тек бір доп айырмасымен ғана жеңуге шамалары жетіп жүр. Бұл турда олар Павлодардың «Ақ­суы­нан» 1:0 есебімен басым түсті. Ойын­дағы жалғыз голды – Марин Томасов соқты.

Турнир кестесінде «Астананы» өкшелеп келе жатқан «Ақтөбе» клубы 12-турда жанкүйерлеріне қос қуаныш сыйлады. Біріншісі, жөндеу жұмыстарына байланысты біраз уақытқа жабылған Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда «Ақтөбе» футболшылары 2023 жылғы алғашқы ойынын өткізсе, екіншісі – сол матч­та Андрей Карпович шәкірттері Қарағандыдан келген «Шахтер» клубын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Ойын­ның алтыншы минутында Арман Кеңесов «Ақтөбені» есеп­те алға шығарса, 71-минуттта Лука Гадрани жан­күйер­лерді шат­тыққа бөледі. Бұл жеңістен кейін «Ақтөбе» турнир кестесінде «Қы­зылжарды» бір саты төмен ығыс­тырып, үшінші орынға көтерілді.

Кейінгі бес турда бірде-бір ойын­да ұпайдан шашау шы­ғармаған Шымкенттің «Ордабасы» клубы бұл турда да үш ұпайын еш­кімге берген жоқ. Атыраудың «Аты­рау» клубын қабылдаған жер­гілікті ұжым 2:1 есебімен же­ң­іске жетті. Бірінші таймда Бобур Абдухоликов (25-минут) пен Сергей Малыйдың (30) соққан голдары «Ордабасыға» жеңіс сый­лады. Қонақтар сапынан екін­ші таймда Нгунгуси Эффионг мер­гендік танытты.

Ал турдың орталық ойы­ны саналған «Тобыл» мен «Қы­­зыл­жар» арасындағы матчта алаң иелері басымдық танытты. Қос­танайда өткен тартысты матч­тың тағдырын ойынның 75-минутында «Тобылдың» шабуылшысы Серж Дебле шешті – 1:0. Маңызды үш ұпайын қоржынға салған қос­танайлық ұжым 20 ұпаймен алтыншы орынға көтеріліп алды.

12-турда көшбасшылар соқ­паған голды турнир кестесінің екінші жартысында келе жатқан коман­далар соғып, жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Талды­қор­ғанда өткен «Жетісу» мен «Кас­­пий» арасындағы матчта жан­күйерлер бес голдың куәсі болды. Бірінші таймда 2:1 есебімен алда тұрған ақтаулық ұжым екінші таймда қақпасына екі гол өткізіп алып, қолда тұрған үш ұпайынан айырылып қалды. Ойындағы жеңіс голын екінші таймда «Жетісудың» сербиялық шабуылшысы Йован Стоянович соқты – 3:2.

Сондай-ақ турнир кестесінде соңғы орында келе жатқан «Мақта­арал» Қызылордаға қонаққа барып, жергілікті «Қайсар» клубын 10 ойыншымен жүріп 2:0 есебімен тізе бүктірді. Голдың автор­лары – Рамазан Кәрімов (42-минут) пен Секу Думбия (97). Осылайша, бас бапкерлік қыз­метке Қайрат Нұр­дәулетов кел­гелі бері қатарынан екінші ойында жеңіске жеткен «Мақтаарал» 9 ұпай­­мен турнир кестесінде 11-орынға көтерілді.

Енді ел біріншілігінің ойындары Еуропа чемпионатының іріктеу матчтарына байланысты уақытша тоқтатылып, 24 маусымда қайта жалғасады.