Мемлекеттік рәміздер күніне орай елорда маңындағы «Қазанат» атшабарында республикалық деңгейде аламан бәйге жарысы ұйымдастырылды.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатына Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Қаналимов, Қазақ ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, шабандоздарға сәттілік тіледі.
«Баршаңызды ел тарихындағы айтулы мерекенің бірі – Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Әрдайым ел іші мерекелі де берекелі, елтаңбамыз – еңселі, туымыз – тұғырлы, әнұранымыз айбынды болсын деймін. Жылқы десе жүген ала жүгіретін қазақ үшін аламан бәйгенің алар орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Ұлттық спорт – ұлт рухының жаршысы. Оның дамуына қызмет ету баршамыздың міндетіміз», деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Елорда әкімдігінің қолдауымен Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының ұйымдастыруымен өткен бәйгеде шабандоздар «Құнан», «Жорға», «Топ» және «Аламан» түрлерінен сынға түсті. Бәйгенің жалпы жүлде қоры 20 000 000 теңгені құрады.
Жарыс қорытындысы бойынша, құнан бәйге (7 шақырым) сайысында ШҚО өкілі Сұлтан Төрехан бас жүлдемен қатар 2 млн теңгеге ие болса, жорға жарысында (7 шақырым) елордалық Шуак Жайлаубеков (2 млн теңге) мәреге бірінші жетті. Ал топ бәйгеде (12 шақырым) Алматы облысының өкілі Бекзат Ділдәхан (2 млн 200 мың теңге), аламан бәйгеде (18 шақырым) елордалық Абдыкал Асланбек (4 млн теңге) жеңімпаз атанды.