Бұл күндері Ақтау қаласында Ғылым және жоғары білім министрлігі және Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен жоғары оқу орындарының студенттері арасында XII жазғы универсиада ойындары басталды. Студент спортшылардың байрақты бәсекесі 24 маусымға дейін жалғасады. Олар спорттың 17 түрінен сынға түсіп жатыр. Кеше жарыстың ресми ашылу салтанаты өтті.
Универсиаданың салтанатты ашылу рәсімінде Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев министр Саясат Нұрбектің арнайы құттықтауын оқып берді.
«Білімді, тәрбиелі, дені сау ұрпақ – еліміздің байлығы! Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге спорттық жарыстардың ықпалы зор деп есептеймін және осы бағытта жұмыс істеп жүрген жоғары оқу орындарына, оқытушыларға алғыс айтамын. Алдағы уақытта баршаңызға спортта ғана емес, оқуда да еліміздің игілігіне бағытталған табыстар мен жоғары жетістіктер, Универсиада сайыстарына әділ төрешілік, спортшыларға жеңіс, қатысушылар мен ұйымдастырушыларға сәттілік тілеймін» делінген құттықтауда.
Қуаныш Асылханұлы тоғызқұмалақ, футзал, шахматтан Универсиада жарыстарын тамашалады. Сондай-ақ баспасөз мәслихатына қатысып, бұл дода тек студенттер үшін ғана емес, бүкілхалықтық мәні зор іс-шара екенін айтты. Ұлт денсаулығын нығайту және бұқаралық спортты дамыту мәселелері мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін жеткізді.
Қазіргі таңда жарыс кестесі бойынша үстел теннисі, жүзу және жеңіл атлетикадан жеңімпаздар анықталып қойды. Медаль көрсеткіші бойынша жалпыкомандалық есепте М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті көш бастап тұр.
Жамбыл өңіріндегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында келесі, яғни 2025 жылғы ХІІІ жазғы универсиаданы өткізу кезегі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне берілді.
Айта кетейік, 28 шілде – 8 тамызда Дүниежүзілік жазғы универсиада Чэнду қаласында өтеді, сонымен қатар биыл елімізде Түркі студенттер ойыны өтеді деп жоспарланып отыр.