Экологиялық мәселелер елді екіұдай көңіл күйге түсіретіні белгілі. Бұл ретте табиғаты көркем Жетісу өңірінің де жайы басты назарда. Неге десеңіз, туризмнің тұтқасына айналған өңірді мұндай түйткілдің төңіректеп жүретіні даусыз. Дегенмен мамандар облыстағы экологиялық жағдай басқа өңірлермен салыстырғанда қолайлы екенін айтып жүр.
Жүргізілген экологиялық мониторинг нәтижесі бойынша экологиялық ахуалы нашар деп саналатын Талдықорған және Текелі қалаларының атмосфералық ауасының ластану деңгейі төмен екені анықталған. Демек, аймақтағы экологиялық ахуал қалыпты. Десе де, бұл мәселе әрқашан жіті қадағалауда болғаны абзал.
Жалпы, Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес жерүсті суларының ластануын, бітелуін болдырмау, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау мақсатында облыс аумағында жыл сайын су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу бойынша жұмыс жүргізіледі. 2006-2022 жылдар аралығында облыстың ірі өзені мен көлі, су қоймасында су қорғау аймағы мен белдеуі орнатылған. Биыл жоба бойынша «Жұмақ көлдері», Мельничная, Голубиновка, Тыныбас, Қоғалы, Сарыбұлақ өзендерінің су қорғау аймағы мен белдеуін орнату жоспарлануда. Оған 30,0 млн теңге қаржы қарастырылған.
Қоршаған ортаны бүлдіріп, экологиялық ахуалды қиындататын кәсіпорындардан шығарылатын ластаушы заттар қалдықтары екені де белгілі. Былтыр оның нақты көлемі шамамен 18,6 мың тоннаны құрады. Бүгінгі таңда коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеудің тиімсіз әдістері және ескірген кәріз тазарту жүйелері де негізгі экологиялық мәселеге айналды. Осыған орай облыс жұртшылығы, жергілікті атқарушы орган, Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесіп Жетісу облысының экология мәселесін кешенді шешудің жол картасы әзірленді.
Табысты жұмыстар атқарылып, тұрғындарға қоршаған ортаны қорғауға қатысты шаралар түсіндіріліп жатса да оны ескермейтіндер жетерлік. Өткен жылы экология департаменті 34 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Ол қатарда Талдықорған және Текелі қалалары, Сарқан, Қаратал, Кербұлақ және Панфилов аудандарының лауазымды қызметкерлері бар. Оларға жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты. Әрине, мәселенің бәрін айыппұлмен шешуге келмейді. Ең бастысы, адамдардың қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түсінігін тереңдету керек.
Аймақта қатты тұрмыстық қалдық төгілетін полигондардың жұмысын реттеп отырудың да маңызы жоғары. Алайда Талдықорған, Ескелді және Кербұлақ аудандарында 3 полигон рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп келеді. Ақсу, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін арнайы полигон жоқ. Жерді қашықтықтан зондтау (Геопортал) жүйесінің дерегі бойынша заңсыз қоқыс үйінділері анықталып, әрбір координаттарға жеке фототүсірілім жасалған. Анықталған фактілердің негізінде жергілікті әкімдікке заңсыз қоқыс үйінділерін арнайы орындарға шығару қажеттігі туралы тапсырма берілген.
Кейінгі жылдары Жетісу облысында жылыту қазандықтарын газға ауыстыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Талдықорған қаласы, Көксу және Ескелді аудандарының 6 қазандығы газға ауыстырылды. Ескелді ауданының кәріз желілерін жаңғырту жұмысы жүргізілді, Талдықорған қаласының LED-экрандарында Қазгидрометтен берген атмосфералық ауаның сапасы туралы ақпарат көрсетіліп, тұрғындарға түсіндіру жұмысы жиі жүргізілетінін де айта кеткен жөн.
Өткенде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысының хаттамасына сай рұқсат етілмеген барлық полигондарды жоюды қамтамасыз ету қажеттігі туралы тапсырмасы түскенін білеміз. Осыған орай «Жетісу облысының елді мекендерін көктемгі-күзгі санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру айлығын өткізу туралы» облыс әкімдігінің №46 қаулысы қабылданып, оның орындалуын қадағалау мақсатында құзырлы органдардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Олар елді мекендерді аралап, қордаланған мәселелерді зерттеп-зерделей бастады.
Жетісу облысы