• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жоба 06 Маусым, 2023

«Террикон алқабының» өрендері

856 рет
көрсетілді

Былтырдан бастап Қара­ған­дыда IT-жобалар мен стартаптарды қолдауға арналған бірегей жоба – «Террикон алқабы» технологиялық IT-хабы іске қосылған болатын. Ұйымдастырушылар жергілікті IT және digital на­рықты дамытуды көздеп отыр.

Сондай-ақ мамандарға митап, дәріс, курс, конференция форматтарында, ал кәсіпкерлерге акселе­ратор және инкубатор арнайы бағ­дарламалар шеңберінде стартап негізіндегі оқыту іс-шараларын жү­зеге асыру үстінде. Мұның басы-қасында Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қыз­меттер көрсету және архивтер бас­қармасы тұр. Атқаралып жатқан ауқымды істер ақысыз негізде ұсы­нылады.

Қазірге дейін 300-ден астам оқы­ту іс-шарасы өтіп, 270 ком­па­ния инкубациялық және аксе­ле­рациялық бағдарламалардан сәт­ті өтті. Оның ішінде «Террикон алқабы» логистикалық қызмет­тер, медициналық технологиялар саласындағы жобаларға нөлден бастап 350 мың доллардан астам сомаға сатылым жасауға тікелей көмектесті. Өткізілген дәрістердің әрқайсысы жас мамандарға IT, мар­­кетинг және бизнес бағыттары туралы көбірек білуге, саланы тү­сінуге, қажетті дағдылар мен білім­ді үйренуге, сондай-ақ пай­далы бастамаларды құру үшін бизнес қауымдастық пен ық­пал­дастыққа тың мүмкіндік бер­ді. Мамандар өз кезегінде әріп­тес­терінің тәжірибесін қабылдап, түр­лі кейстерді зерттеп, серіктестер мен инвесторларды тауып, өз ком­панияларының өсуі мен ауқымы үшін жаңа мүмкіндіктерді игере алды. Болашақта алған білімінің арқа­сында іс-шараға қатысушы­лар Қарағандыда IT және кәсіпкер­лік саласын дербес дамытады. Осы­лайша, қалаға материалдық қара­жат тартып, ұлғайтады деген болжам бар.

«Террикон алқабының» тағы бір білім жобасы – «Terrikon school» бағдарламалау мектебі атап өту­ге тұрарлық. Мектептің айрық­ша ерекшелігі – курстарды тек қа­зір­гі бағдарламашылар ғана оқы­та­ды. Ал бағдарламаның өзі дағдылар­ды практикалық шоғырландыру­ға және мамандықты шындық­қа жақын жағдайда зерттеуге бағыт­талған. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар «Junior» дайындық деңгейін растайтын сертификаттар иеленеді.

IT-хабта коворкинг, подкос­терн, лекториялар, конференц-зал және келіссөз бөлмелері бар. Осы­ның бәрі резиденттерге жұмыс кү­нін сапалы ұйымдастыруға және шы­ғармашылық әлеуетін жүзеге асы­руға жол ашады.

«Террикон алқабының» соңғы жетістіктерінің бірі ретінде бағ­дарлама түлектерінің Кремний алқа­бындағы оқуға қатысуын айтуға болады. Қазақстан мен Дүниежүзі­лік банктің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркә­сі­бі министрлігінің бастамасымен, сондай-ақ «Astana Hub» және «Draper University» арасындағы ын­тымақтастықтың арқасында 15 стартаптың негізін қалаушы АҚШ-қа оқуға аттанды.

– Мұнда IT мамандардың дамуы үшін тегін іс-шаралар өт­кі­зумен ­айналысамыз. Әртүрлі кон­ференция, кездесу, мастер-класс­ және жаңа технологияға сай ма­­ман­дарды дайындау жұмысы жүр­гізіледі. Олардың бірі – акселератор және инкубатор жоба­сы. Қазіргі уақытта «Террикон ал­қабы» орталығында 60-70 орынды қамтитын екі дәрісхана бар. Сондай-ақ ақылы және тегін түр­де коворкинг және подкаст-студиялар жұмыс істейді. Біздің бас­ты мақсатымыз – 2025 жылға де­йін 10 мың IT маман даярлау. Ол үшін қаламыздың университеттері мен колледжері арасында өзара байланысты нығайтамыз, – дейді ­«Тер­­рикон алқабы» IT-хабының ди­рек­торы Сабыр Ниязов.

 

ҚАРАҒАНДЫ