• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Маусым, 2023

«Qazaqstan barysy Grand Slam»: Бұл қандай жарыс?

385 рет
көрсетілді

Биылдан бастап дәл осындай атаумен Астана және Алматы қалаларында әлемнің ең таңдаулы дзюдо балуандарының басын қосатын «Grand Slam» турнирі өткізіле бастайды. Дзюдо әлеміндегі ең беделді жарыстардың бірі санатына енетін бұл дода – 16-18 маусым күндері елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылады. Жыл басында ғана Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енген айтулы турнирде келесі жылы Францияның бас шаһары – Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарына рейтингтік ұпай берілетінін айта кеткен жөн.

Жалпы, Халықаралық дзюдо федерациясы мұндай маңызды турнирлерді өткізуді кез келген елге сеніп тапсыра бермейді. Ол үшін жарысты өткізуге үмітті елдің өкілдері әлемдік додаларда өз мықтылығымен дараланып, Олимпия ойындары секілді абыройлы жарыстарда жүлде алуға тиіс. Сонымен қатар Азия және әлем чемпионаттарын өткізуде тәжірибесі болуы да маңызды. Ал бұл талаптардың барлығын еліміз әлдеқашан орындап қой­ғаны белгілі. Жерлестеріміз жыл сайын болмаса да, әр жылдары әлем чемпионаттарында жүл­де­герлер қатарынан көрініп, Азия біріншіліктерінде топ жарып жүр. Сондай-ақ бір жыл бедерінде ұйымдастырылатын бірнеше «Grand Slam», «Grand Prix» сияқты сериялы сайыстарда да жүлденің алдын бермей жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі.

Халықаралық жарыс ұйым­­­дастыруда еліміздің мол тә­­жі­рибесі бар екені баршаға белгілі. 2015 жылы Астанада алғаш рет дзюдодан әлем чемпионаты ұйымдастырылып, сала ма­ман­дарының оң бағасын алған. Былтыр тамыз айында сары құр­лық балуандары елордада бас қосып, түрлі-түсті жүлделерді са­рапқа салғанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ.

Елімізде жасалып жатқан елеулі істерден кейін жылдың ба­сында Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) әлемдік «Grand Slam» турнирлерін Қазақстанда да өткізу туралы төрт жылдық келі­сімшартқа қол қойған-ды.

Іс-шара кезінде Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер IJF үшін турнирді өткізу құқығын әлемдік жарыстарда жыл сайын топ жарып, үздік нәтиже көрсетіп жүрген Қазақстан сияқты мемлекетке беру үлкен мәртебе екенін жеткізген болатын.

«Кейінгі бірнеше жылда Қа­зақстанда дзюдо спорты қарқынды дамып келеді. «Үлкен дулыға», Гран-при жарыстары, әлем чемпионаттары мен Олимпия ойын­дарында қазақ балуандары ауыз толтырып айтарлықтай нә­ти­жеге қол жеткізіп жүргенін жақсы білеміз. Сондықтан «Grand Slam» турнирлерінің бір кезе­ңін Қазақстанда өткіземіз деп шеш­тік. Бұл тек бір жылға ғана емес, төрт жылға жоспарланған кешенді турнир екенін, Олимпия ойындарына рейтингтік ұпай бе­рілетін маңызды жарыстың бірі екенін айта кеткен жөн», деген еді Ха­лықаралық дзюдо феде­рация­сының президенті Ма­риус Визер.

Елімізде тұңғыш рет жалауы желбірейтін байрақты жарысқа бүгінге дейін әлемнің 44 елінің 310 балуаны қатысатындарын мә­лімдеді. Олардың қатарында Олимпия ойындары, әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар. Бұл сында ел намысын 51 спортшы (ерлер құрамасынан – 28, әйелдер құрамасынан 23 балуан) қорғайды. Халықаралық дзюдо федерациясының ережесі бойын­ша жарысты ұйымдастырушы мемлекет әр салмақта төрт ба­луан­ға дейін қоса алады.

Сондай-ақ Қазақстан астанасына ең көп баулан әкелетіндердің қатарында Франция (25), Өз­бекстан (22), Әзербайжан (16), Ис­пания секілді мемлекеттер бар. Ал Астанада белдесетін ең даңқты балуандардан кімдер бар деген сұраққа келер болсақ, 2022 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, ересектер арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері, «Grand Slam» жарыстарының жеңімпазы 21 жастағы италиялық Ассунта Скутто (48 кг), Токио Олим­пиадасының қола жүлдегері нидерландтық Санне ван Дейке (70 кг), 2018 жылғы әлем чем­пио­натының күміс жүлдегері әзер­байжандық Ушанги Кокаури және тағы басқаларды айтуға болады.

Бұл әлемдік дода барлық дзюдошы үшін 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпия ойындарына жолдама алуға жақсы мүмкіндік екенін жоғарыда айттық. Сонымен қатар «Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирі аяқталғаннан кейін елімізде дзюдодан халықаралық оқу-жаттығу лагерьде өткізіледі.

«Grand Slam» («Үлкен ду­лыға») – Халықаралық жарыс күнтізбесіне сәйкес «IJF World Tour» аясында өткізілетін әлем­дік жарыстар сериясы санатына енеді. IJF ережесі бойын­ша, жарыс жеңімпазы мен жүлдегер­лерінің әлем және Олимпиада рей­тингтеріне ұпай қосылады. Атап айтқанда, 1-орынға – 1000, 2-орынға – 700, ал 3-орынға 500 ұпайдан беріледі.

Айтпақшы, «Qazaqstan barysy Grand Slam» жарысына кіру тегін екенін айта кетейік.