Еуразия ұлттық университетінде Оңтүстік Африка мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 31 жыл толуына орай ресми іс-шара өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараға дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
«Мұндай іс-шараны ЕҰУ қабырғасында өткізу қос ел арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті дамытуда білім және ғылым саласының орасан зор рөлін айқындайды. Бүгін серіктестерімізбен бірге өзара ынтымақтастықты кеңейтудің және ғылыми-академиялық ынтымақтастық шеңберінде жаңа жобаларды іске асырудың тамаша мүмкіндігі туып отыр. Бүгінгі жиын ғылым мен білім саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға жаңа серпін береді деген сенімдемін», деп атап өтті Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Кездесу барысында Оңтүстік Африка Республикасы Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары Кандит Машего-Дламини Африка мен Қазақстанның дипломатиялық қатынастарының дамуы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Бұл шынымен де маңызды оқиға. Біз Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа қосқан үлесін және оның көпжақты мәселелердегі рөлін атап өткіміз келеді. Біз қазіргі жаһандық саяси және экономикалық архитектураның құндылықтары мен салыстырмалы көзқарастарын талқылап, жаңалықтарды бөлісеміз. Біз екі тарап арасындағы болашақ қарым-қатынастар бұдан да серпінді болатынына үміт артамыз, әсіресе біздің қарым-қатынастарымыздың экономикалық аспектілері ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін көрсетеді», деп қорытындылады Кандит Машего-Дламини.
Іс-шараға Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тұмыш та қатысып, шараның маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі іс-шараға ерекше көңіл бөліп, үлкен мән бергендеріңізге аса қуаныштымыз. Екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарының келесі 30 жылдығы біздің ынтымақтастығымыздың алтын кезеңі болатынына сенімдіміз. Оңтүстік Африканың ұлы көшбасшысы, алғашқы демократиялық президенті Нельсон Манделаның: «Егер сіз біздің планетамызды өзгерткіңіз келсе, білім – ең күшті қару» деген сөзі бар. Сондай-ақ ұлы философ Әл-Фараби: «Егер сіз ұлттың болашағын көргіңіз келсе, оның жастарына қараңыз», деп айтқан еді. Осы турбуленттілік кезеңінде біз бауырластық, махаббат, мейірімділік қасиеттерін сақтауымыз керек. Табысты ұрпағымыз үшін жақсы әлем құрайық», деді Қанат Тұмыш.
Оңтүстік Африканың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кийтуметци Мэттьюс бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында қолдау көрсеткені үшін ЕҰУ ректоры мен университет қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Ерлан КИІКБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті