• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Дәстүр 08 Маусым, 2023

Жолға қатысты ырым-тыйымдар 

7927 рет
көрсетілді

Әр халықтың дәстүр-салты мен діни наным-сеніміне байланысты ырым-тыйымдары бар. Оқырман назарына қазақ халқындағы жолға қатысты тыйымдарды ұсынуды жөн көрдік.

Жолға шыққан жолаушы өзімен бірге сары май, тұз алып шықпайды. Мұның мәнісі - жолымда сарғайып, зарықпайын, тұздай ашты азап тартпайын деп ниет еткені. Ұзақ жолға түстен кейін аттанбайды, түнде сапар бастамайды. Жолдың үстіне күл төгуге тыйым салынады. Жолға күл төккеннің жолы кесіледі, осы жолмен жүргендерге дерт жабысады деп сенген. Келе жатқан көш жолын немесе керуен жолын кесіп өтуге қатаң тыйым салынады. Себебі көштің немесе керуеннің жолы кесіледі деседі. Жолда кездескен адамнан «қайда барасың?» деп сұрамайды. Аттылы жолаушы келсе, атын қазыққа байлап, содан соң ғана үйдің алдына келіп, үй иелерімен сөйлеседі. Егер асыққан жолаушы болса, аттан түспестен, киіз үйдің сыртынан сөйлеседі. Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды. Мұны астамшылдық немесе күпірлік деп санайды. Жұма күні көшуге болмайды. Жұма - қасиетті күн. Бұл күні ата-баба әруақтары шаңыраққа келіп, дұға дәметеді деген ырым бар. Алыс жолға шыққанда жолаушылар қара шаңырақтан, яғни үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.