Жетісу жері – сыртқы сауда айналымының бір ошағы. Сондықтан өңірге шетелдік мамандардың қызығушылығы күннен-күнге артып келеді. Осы ретте «Алтынкөл» стансасы мен «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің жұмысымен танысуға Қытай Халық Республикасынан арнайы делегация келді. Олар бекеттің инфрақұрылымына оң баға берді.
Делегация құрамында Бас консул Цзян Вэй, сауда-экономикалық мәселелер бойынша консул Люй Аньци, сондай-ақ еліміздің Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласы өкілдігі басшысының орынбасары Исламбек Раимов, министрдің кеңесшісі Руслан Искаков болды.
Кездесу барысында делегация мүшелерін «Қазақстан темір жолы» «Алматы» ЖШС филиалы жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы Нұрым Жаниязов пен «Алтынкөл» стансасының директоры Қуаныш Жақсыбек теміржол өткелінің перспективалық даму жоспарларымен таныстырса, Жетісу облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Баймулдинов пен «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің басшысы Арман Қожасбаев кедендік тексеру мен рәсімдеу шараларындағы интеграциялық үйлесім, электрондық декларациялау және тәуекелді басқару үдерістері туралы айтты.
«Жаркент жеріндегі «Алтынкөл» стансасы – еліміздің оңтүстік-шығысындағы Еуропа мен Азияның арасын жалғастырып тұрған ең үлкен темір жол өткелі. Себебі «Алтынкөл» стансасы құрылған он жылдан астам уақыт ішінде екі ел арасындағы көлік қатынасы мен тауар айналымы бірнеше есе артып отыр. Атап айтсақ, биылғы бес айда екі ел арасындағы көлік қозғалысы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда – 131, экспорттық әлеует – 279, транзиттік тауар тасымалы 20 пайызға артты», дейді Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары Бекен Нұрахметов.
Оның айтуынша, импортталған тауардың кедендік құны 466 миллион 492 мың (салмағы 131 752 т), экспортталған тауардың кедендік құны 4 млрд 325 млн (салмағы 1 849 840 т), транзиттік тауардың кедендік құны 10 млрд 410 млн доллардан (салмағы 2 168 459 т) асқан. Оған қоса аталған теміржол өткелі арқылы тауар тасымалдауға мүдделі елдердің саны қырықтан асқанын айта кеткеніміз артық болмас. Оның ішінде ТМД елдері ғана емес, дамыған Еуропа мен Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері де бар. Мысалы, экономикасы дамыған Швеция, Швейцария, Франция, Финляндия, Чехия, Словакия, Сингапур, Италия, Аустрия, Германия, Норвегия, Испания, Италия, т.б. елдерге жөнелтілетін транзиттік тасымал да күн сайын артып келеді.
Кездесуде болашақта екі ел арасындағы сыртқы экономикалық қатынастар негізінде транзиттік әлеуетті дамытуға, инвестициялық жобаларды көбейтуге және кейбір проблемалық мәселелерге байланысты өзекті әңгімелер қозғалды. Сондай-ақ делегация «Алтынкөл-жол» кеден бекетінен кейін «Нұр жолы» және шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы «Қорғас» кеден бекеттерінің де жұмысымен танысты.
Жетісу облысы