• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Форум 09 Маусым, 2023

Сындарлы сыртқы саясат

300 рет
көрсетілді

Астана халықаралық форумында сарапшылар сыртқы саясат жә­не халықаралық қауіп­сіздік мәселесін жан-жақты талқылап жатыр. Олардың айтуын­ша, жаһандағы геосая­си тұрақсыздыққа соң­ғы 30 жыл ішінде әлемде 170 әскери қақты­ғыс себеп болыпты. Соңғы 10 жылда Ирак, Ливия, Сирия, Украина, Таулы Қарабақ, басқа аймақ­тардағы қанды қақтығыстар – соның куәсі. Тіпті технологиялық әлеуеті жоғары Корея, Жапония секілді мәдениетті елдердің де қарсыласы бар. «Орталық Азиядағы жетекші ел Қазақстан көпқырлы саясатының арқасында әлемде бейбітшілікті сақтап отыр», деді Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев.

Болат Нұрғалиевтің айтуынша, Қазақстанның ең бас­ты жетістігі – жақын көршісі болсын, шалғай жатқан Батыс немесе Шығыс, Еуропа, Азия немесе Таяу Шығыс болсын, ешбір мемлекетпен арада күрделі проблемалары мен қайшылығы жоқ.

«Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ұтымды әрі прагматикалық көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанған дұрыс екені тағы да дәлелденді. Біздің Еуразия ор­талығындағы геосаяси жағдайымызда маңызды экономикалық, энергетикалық, көлік-логистикалық әлеуе­­тімізге орай шектеулі аймақтық проблемаларға ғана назар аударып отыра алмаймыз. Сондықтан еліміздің сырт­қы саясатының көпвекторлылығы әлемдік және аймақ­тық істерде маңызды рөл атқаратын және біздің міндеттерімізді іске асыруда практикалық қызығушылық тудыратын барлық мемлекетпен көпқырлы, достық, өзара тиімді және болжамды қарым-қатынастарды дамытуға бағытталуын білдіреді», деді спикер.

Бұл іргелі мәселелер Президент Қасым-Жомарт То­қаевтың 2020 жылы наурызда бекіткен «Қазақстанның 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырым­дамасында» көрсетілген.

Қазіргі кезде халықаралық қатынастар жүйесіндегі трансформацияның жаһандану мен ұлтшылдық секілді үрдістері әлемді алаңдатып отыр. Бұл, әсіресе, орта державалар үшін қауіп тудырады.

«Қазіргі жүргізіліп жатқан қайта құрудың саяси және экономикалық қырлары туралы айтатын болсақ, онда бұл БҰҰ Жарғысының негізгі ережелерін, онда бекітілген қақтығыстар мен қайшылықтарды тек бейбіт, дипломатиялық жолмен шешу қағидатын елемей келеді. Сондықтан жаһандану және халықаралық сауда жүйесі, елдер мен аймақтар арасындағы экономикалық және технологиялық даму алшақтығының артуы, жаһандық қаржы жүйесінің осалдығы, сауда және валюталық соғыстардың күшеюі, санкциялық қарама-қайшылықтар орын алып отыр», деді Б.Нұрғалиев қайта құру кезеңінің шетін тұстары туралы.

Ал Қазақстан саяси-экономикалық ықпал ету және халықаралық нарықтар мен жоғары инвестицияларға қол жеткізу үшін күшейтілген мемлекетаралық бәсекенің қазіргі және келешектегі салдарын мұқият талдай отырып, әлемдік қауымдастықтағы жауапты қатысушы мәртебесін нығайту мақсатында прагматикалық және проактивті саясатты іске асыруды жалғастыруға ниетті. Сондықтан өзінің халықаралық міндеттемелерін анық және бұлжытпай орындайды. Бұл – мемлекетіміздің беделін айқындайтын көрсеткіш.

Ал Мәскеу Экономика жоғары мектебі әлемдік экономика кафедрасының доценті Александр Зайцев келесі жылы Азияның жаһандық экономикадағы рөлі арта түседі деген пікірде. Оның айтуынша, логистикалық мәселелерді әр аймақтың өзі шешіп, дамушы және дамыған елдер арасындағы технологияларды дамытуда бәсекелестік күшейе түспек. Осы орайда Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында көшбасшы екені белгілі. Алайда Болат Нұрғалиев: «Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық жағдайы мақтануға негіз емес, керісінше Орталық Азияны аймақтандырудың локомотиві рөлін атқарып отыр, Орталық Азияның бес республикасы енетін интеграциялық үдерістердің бастамашысы және демеушісі ретінде ерекше жауапкершілікке ие. Біз Орталық Азиядағы көршілеріміздің гүлденген, тұрақты және қарқынды дамуына тікелей мүдделіміз», дейді.

Сонымен қатар Сыртқы саяси зерттеулер институты­ басқарма төрағасының айтуынша, қиын кезеңде конс­труктивті өзара іс-қимыл үлгілері сұранысқа ие. «Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымын алсақ, оның шеңберінде жан-жақты және тең құқылы серіктестік құрылды, ол өзімшілдік, жеке мүдде және гегемонизм көріністері орын алып, күштінің әлсізден жоғары екендігі жиі байқалған өзге аймақтық ұйымдардан көп ерекшеленеді. Біз Қытайдың тату көршілердің ортақ тағдыры қоғамдастығын құру туралы тұжырымдамасын қолдап, ынтымақтастық құрдық. Бұл орайда Қазақстан белсене қатысатын 10 жылдық «Бір белдеу – бір жол» стратегиялық бастамасының маңызы ерекше. Ол отандық «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасымен тығыз байланысты», деді ол.

«Халықаралық қауіпсіздіктің ең өткір сын-қатерлері шектелген ойдан және халықаралық қоғамдастықтың жекелеген мүшелерінің басқа елдердің қауіпсіздігі есебінен өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрекеттерінен бас тарту арқылы шешілуі керек. Негізгі жол – БҰҰ-ның жетекші рөлімен көпжақтылық қағидаттарын қатаң сақтау негізінде қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешу жолдарын бірлесіп іздеу екені сөзсіз», деп түйіндеді сөзін Б.Нұрғалиев.