Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының биылғы маусымы өз мәресіне жетті. Түркияның Ыстанбұл қаласында ұйымдастырылған финалда Англияның «Манчестер Ситиі» мен Италияның «Интер» командалары кездесті.
76 мың жанкүйерді сыйдыра алатын Ататүрік атындағы Олимпиада стадионында өткен финалдық матчта ағылшындық команданың бағы жанып, өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының қос құлақты кубогін жеңіп алды. Ойындағы жалғыз әрі жеңіс голын матчтың 68-минутында «Манчестер Ситидің» испаниялық жартылай қорғаушысы Родри салды.
Осылайша, «Манчестер Сити» өзінің 32-трофейін еншіледі. Олар тоғыз мәрте Ағылшын Премьер-лигасында, жеті рет Англия кубогінде, сегіз мәрте Лига кубогінде, алты рет Англия суперкубогінде, бір рет кубок иегерлерінің кубогінде топ жарған. Сонымен қатар Пеп Гвардиола шәкірттері биылғы маусымда АПЛ және Англия кубогінде де жеңімпаз атанып, требл жасады.