Махаббаттың ең тәттісі ауылда туады. Ақұлпа сезімнің әлдиіне тербелген қос жүректің соғысында ұлы ұяңдық бар. Сол бір мөлт еткен нәзіктік дүниенің тіреуіші секілді. Көңіл ішінде бейуақ лала гүл бүр жарады. Оның сүйеді не сүймейді деп әр күлтесін кезек-кезек үзген бала қиялың бәрінен биік. Тіпті бір ару үшін сол ауылдың құмырсқасы да сүйкімді көрінеді.
Мұныңыз өтірік деп айтыңызшы. Махаббат – парасаттылыққа бастайтын ғажайып жол. Адам өмірін нұрландырып, бақытқа бөлер шынайы сезімнің жемісі. Оның дәмін татқан адам ғана азап пен ләззаттың иісін сезеді. Шахановша айтсақ, «Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір, ал қалғаны жай күндер». Сіз бұған келісесіз бе?
Осы ретте біз ұсынған мына картинаға көз салыңызшы. Не байқадыңыз? Көз салсаңыз, судай кіршіксіз тазалықтың лебі еседі. Бұл – француз суретшісі Жюль Бастьен-Лепаждың бала махаббаты. Тұнған натурализм. Келбетті көркемөнерге көз тоймайды. Мүмкін өзі біз секілді шаруаның баласы болғандықтан ба шығармасының негізгі культі – ауыл өмірі. Әйтсе де ол ауылдағы күйбең тыныс-тіршілікті емес, түрлі-түсті романтиканы жырлайды. Содан да болар кенептегі сәбилік сезімі өңменіңізден өтеді. Оның алапат соғысты бастан кешкеніне сенбейсіз. Майданда жүріп ішкі мейірімін жоғалтпаған суреткердің туындысы дауылды күні теңіз бетінде мимырт қана тербелген алып кемедей.
Жас кезінде қылқалам шебері неміс-француз соғысын бастан өткеріп, ауыр жараланып еліне оралады. Дегенмен денесін билеген сырқатқа қарамастан қылқаламнан бас тартпаған. Қайта ұлы өнерге деген құштарлығы еселеніп, сағынышы жанартаудай жарылады. Ең өкініштісі, оның ажалына соғыста алған жарақаты емес, қапияда жолыққан қатерлі ісік жетті. Небәрі 36 жасында көз жұмды. Бірақ осы аз ғана уақыт аралығында оқырманға небір таңғажайып туынды сыйлай алды.
Ол көп саяхаттады, оның ішінде Англия мен Алжирдегі естеліктері ерекше. Бұл сапарлар оның шығармашылығына жаңа дем берді. Еуропалық кескіндемеге қатты қызықты, көптеген ресейлік суретшілермен дидарласты. Мәселен, атақты суретші В.Серов әр жексенбі сайын Третьяков галереясына барып, «Ауыл махаббатын» тамашалайтынын айтады. Одан бір сәтке болса да жалыққан емес. Біз де автордың осы картинасынан әлі көз алмай отырмыз.
Бастьен-Лепаж табиғатпен көп жұмыс істеді. Тіпті оның портреттік жұмысы көбінесе ашық кеңістікте жазылды. Неге десеңіз, суретші сол арқылы шығармасы табиғи, тері реңктері жарқын болады деп сенген. Ол жылдың әр мезгіліндегі аспанның ерекшеліктерін, жапырақ пен шөптің түс өзгертуін алуан бояумен әдептеген. Жер бетінің текстурасын шебер де нәзік жеткізді.
Автордың кез келген полотноларынан шаруа еңбегін көресіз. Бірақ сол ауыр жұмыста да суретші өзіндік поэтика табады. Ішінара нақты академиялық болғанымен, оның картиналары Париж өнер салонының атмосферасына жаңа ағын әкелді. Көп жағдайда суретші пейзаж бен портретті бір кенепте біріктіріп, оларға романтикалық, тіпті сентименталды сипаттарды берді. Бақсаңыз, композициядағы таза һәм табиғи түстер оның туындыларын фотосурет не фотосуреттердің көшірмесі секілді әсер береді.
«Ауыл махаббаты» картинасы – автордың сәтті туындыларының бірі. Суретте бір-біріне ессіз ғашық жігіт пен қыз бейнеленген. Олардың отбасыларына тиесілі жер телімдері ағаш қоршаумен бөлінген. Сол бөлінген ескі дуалда ғашықтар кездеседі. Олар үнемі кездейсоқ кездескен адамша ұяла тіл қатады. Жігіт көзін төмен салып, тартыншақтана әңгіме тақырыбын іздейді. Ал ару болса гүлден көзін алмай, балаң ойын мәпелейді.
Бойжеткеннің жіңішке өрілген бұрымы, үстіндегі сұр киімімен үйлескен қоңыр юбкасы шаруа қызының қалпын сақтап тұр. Тіпті кішкентай аяқкиімі де сондай сәнді. Ғашығына әдемірек көріну үшін орамалын шешіп, қоршауға іліп қойған болса керек. Жас жігіт не айтарын білмей саусақтарын айқастыруға көшкен. Бұдан қобалжығаны анық байқалады. Шалбарының сыртынан арнайы алжапқыш жапқан. Ол қызға қарай сәл еңкейе, құлақ түреді.
Табиғаттың идиллиялық суреті көріністі толықтырып тұр. Алыстағы кішкентай шіркеудің қараңғы сұлбасы, сүйіспеншілікпен боялған шаруа ғимараттары, ғашықтардың аяғымен қатарласқан ашық сарғыш настурция гүлдері сондай шебер берілген. Шығарма тым жұмсақ әрі таусылмайтын романтикаға толы.