• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қылмыс 13 Маусым, 2023

«Үй тирандары» жауапқа тартылады

428 рет
көрсетілді

Еліміздегі қылмыс деңгейі жыл басынан бері 19 пайызға төмендеген, ал Түркістан облысы республика бойынша қылмысы ең аз өңірлер қатарында. Дегенмен қылмыстың жасалуына әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсері басым. Сондықтан оған ықпал ететін себеп пен жағдайды жою маңызды. Осы орайда Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздікті жұртшылықпен серіктестікте қамтамасыз етудің тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.

Өңірге іссапармен келген Ішкі істер министрі Марат Ах­мет­жанов тұрғындармен кез­де­суде тұжырымдамада аза­мат­тардың сұранысы ескеріліп, құқық бұзушылықтар профи­лактикасы бойынша басқа да мем­лекеттік органдардың жа­уап­кершілігі бекітілетінін айт­ты. Жұртты алаңдататын не­гізгі мәселелердің бірі – тұр­мыс­та­ғы зорлық-зомбылық. Соңғы 5 жылда мұндай фактілер ел бойынша 3 есе өскен. 60 пайыз жағдайда жәбірленушілер полицияға арыз жазудан бас тартады, сол себепті «үй тирандарын» жауапқа тарту қиынға соғатын. Енді заңға түзетулер енгізіледі, яғни «өтініш беру» форматынан «анықтау» форматына көшу заң бұзған адамды арызсыз-ақ жауапқа тарту­ға мүмкіндік береді. Сондай-ақ министр қылмыстардың ба­­сым көпшілігі мас күйдегі адамдармен жасалатынын айтты. Бес жылда мас қылмыскерлер­дің қолынан 2 360 адам қаза болған.

Өңірде ішімдіктен бас тарт­қан ауылдар да бар. Еліміздегі 380 ауылда 5 жыл ішінде бірде-бір қылмыс жасалмаған. Оның үшеуі – Төреарық, Жусансай, Аққойлы ауылдары Түркістан облысында. Есірткі қылмысы өңірде алаңдарлық жағдайда. Облыста биыл 111 кило есірткі тәркіленген. Бұл 21 мың бір рет­тік дозаға тең. Оның қара на­рықтағы құны 327 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ облыс бо­йынша 5 ай ішінде 149 интернет-алаяқтық қылмысы, 455 ұрлық және 88 мал ұрлығы жасалған.

Түркістан облысында 21 мың бейнебақылау камерасы бар. Осы құрылғылардың кө­ме­гімен биыл 65 қылмыс ашылып, 36 мың әкімшілік құқық бұзу­шылықтың жолы кесіліпті. Аймақтың қоғамдық жерлерін­де 12 дабыл батырмасы қойыл­ған. «Қорғау» жүйесі іске қосыл­ған бір жылдың ішінде облыста ­341 қауіпті жүргізуші куәлігі­нен айы­­рылып, жалған мемлекет­­тік нөмірмен жүрген 28 автокө­лік анықталған. Бұл орайда министр жергілікті атқарушы орган­дарды жол инфрақұрылымы­на, жол белгілерінің орнаты­луына назар аударуға шақыр­ды. Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің айтуынша, өткен жылы полиция қызметкерлері­не 252 жаңа көлік табысталса, биыл тағы да 30 автокөлік алынды. Облыс аумағында жалпы 12 стационарлық полиция бекеті орнатылған. Президенттің полицияны сервистік моделге кө­­шіру туралы тапсырмасына сәй­­кес 2021 жылдан бастап облыста салааралық топтар құрылып, жұмыс атқарып келе­ді. Құқықтық статистика және ар­найы есепке алу жөніндегі ко­митеттің Түркістан облысы бо­йынша басқармасының мә­лі­метінше, алғашқы тоқ­сан­да қылмыстық құқық бұзушы­лық­тардың тіркелу саны 12 па­йызға төмендеген. Алайда қыл­мыстың тіркелуі Отырар ауда­нында – 42,9, Сарыағашта – 16,9, Төлебиде – 13,6, Жетісайда 7,3 пайызға өскен. Кәмелетке толмағандармен жасалған қыл­мыс саны бірқатар ауданда өсім көрсетіп отыр. Полиция депар­таментінің мәліметінше, жалпы қабылданып жатқан шара­лар­дың нәтижесінде өңірде аса ауыр және ауыр қылмыстардың саны –14,3, ауыр қылмыстар – 15,1, орта және ауыр емес қыл­мыс­тар 8,1 пайызға төмендеген. Сондай-ақ қасақана кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, зорлау, қарақшылық шабуыл жасау, тонау, бұзақылық пен есірткі қылмыстары бойынша ашылым 100%-ды құраған. Қоғамдық орында жасалған қыл­мыстар 28%-ға төмендеген. Облыста жол-көлік оқиғалар саны 4,5%-ға, жарақат алғандар саны 16,8 пайызға төмендеген, ал жол апаттарынан қаза болғандар саны 66 пайызға өскен. Үш айда 150 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 2 млрд теңгеге жуық айыппұл салынған.

Айта кетелік, Ішкі істер ми­нистрі Марат Ахметжанов об­лыстық полиция департаменті жаңа ғимаратының ашылу рәсі­міне қатысып, көпқабатты нысанды аралап шықты. Жаңа ғи­маратта тәртіп сақшыларының алаң­сыз жұмыс істеуіне қа­жет­ті құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етіліп, барлық жағдай жасалған. Одан бөлек полиция департаментіне тиесілі соңғы заманауи үлгідегі көліктер мо­бильді кешендер және қару-жа­рақтар таныстырылды. Жаңа ғи­маратта соңғы үлгідегі 126 мо­ниторы бар жедел басқару ор­талығы орналасқан. Бұл орталық арқылы облыстағы көшелер мен жолдар, барлық білім ошақтары тәулік бойы қадағаланады.

 

Түркістан облысы