• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 13 Маусым, 2023

Қаржы секторының келешегі – цифрлы шешімдер

201 рет
көрсетілді

Қаржы нарығындағы соңғы жаңалықтар мен шешімдерді қағып-сілкіген «Astana Finance Day» дәстүрлі конференциясы да өтті. Мұнда жаңа инвестициялық мүмкіндіктер, криптобиржа мен банктердің интеграциясы, қаржы секторының әлеуеті сияқты маңызды мәселелер талқыға салынып, сарапшылар пікірлері мен ұсыныстарын жолдады.

Конференцияны ұйымдас­тыр­ған «Астана» халықаралық қар­­жы орталығының басшысы Ренат Бектұровтың айтуынша, АХҚО алдағы жылдарда негізгі үш бағытта жұмыс істейді, олар – тікелей шетелдік инвес­тиция тарту, бағалы қағаз­дар нарығын дамыту және өңірлік қаржы орталығы ретінде АХҚО позиция­сын шетелдерде нығайта түсу. Кон­ференция аясында Astana International Exchange (АХҚО бир­жасы) және Abu Dhabi Securities Exchange (Әбу-Даби би­р­жасы) арасын­да серіктестік ны­ғай­туға бағытталған келісімге қол қо­йыл­ды. Келісімнің арқа­сын­да екі­ жақтың инвесторлары ADX әзір­леген «Tabadul» плат­фор­масы­ ар­қылы екі биржада жұмыс істеу­ге­ мүмкіндік алады.

«Қазақстан инвесторлары­ ADX листингіндегі бағалы қағаз­дар­ды брокерлік компаниялар арқы­лы сатып ала алады. Бұл өте қы­зық­ты құрал, өйткені соңғы уа­қытта әмірліктердегі IPO өсім көр­сетіп жатыр», деді Ренат Бек­тұ­ров.

«AIX» басқарма төрағасының мі­н­детін атқарушы Әсел Мұқа­жа­нованың сөзінше, «AIX»-тың стра­тегиялық мақсатының бірі – ха­лықаралық тәжірибе мен қор нарығы мәдениетін, сондай-ақ жаһан­дық инвесторларды Қазақ­стан­ға әкелу.

«Бұл қазақстандық инвес­тор­лардың жаңа мүмкіндіктер алуы­на, нарықтағы қолжетімді құрал­дар­ спектрінің кеңеюіне әсер етеді. Бөл­шек инвесторлар екі биржада да ли­цензиясы бар брокерлік ком­паниялар арқылы тікелей сау­да­ жасай алады. «ADX» пен «AIX» ара­сында сауданың дамуы «AIX» стра­тегиясына сәйкес келеді және Пар­сы шығанағындағы Араб ел­де­рі мен Қазақстан нарығының ара­сындағы байланыстың дамуы­на­ ықпал етеді», дейді.

«Visa» вице-президенті, Орта­лық Азия елдері мен Әзер­бай­жандағы өңірлік менеджері Крис­тина Дорош Қазақстанның техно­ло­­гиялық шешімдерді дамытуда әлем­­дік лидерге айналғанын мә­лім­­­­деді.

«Жыл сайын Қазақстандағы адамдар цифрлық экономикаға деген қолжетімділікке көптеп ие­ болып жатыр. Ең алдымен,­ бұл­ – тез, ыңғайлы және қауіп­сіз төлеуге мүмкіндік беретін ж­а­ңа технологиялар мен инно­ва­циялық қаржылық қызмет­тер­ге қолжетімділік. Visa серік­тес­термен бірлесіп, елде озық ше­шім­дер­ді енгізу арқылы осы үдеріске ық­пал етеді. Visa өкілі және тө­лем сервистерін пайдаланушы ре­тінде мен Қазақ­станды басқа на­рықтармен салыстыра аламын және төлем сервистерінің тамаша жұ­мысы біздің әріптестеріміздің, банк­тердің зор еңбегі екенін атап өткім келеді», деді.

Қаржылық-техникалық сала­да­ғы жаңалықтармен Halyk Bank бас­қарма төрағасының орынбасары Жұмабек Мамұтов та бөлісті.

«Цифрлық қызметтерді да­мыта отырып, біз әдеттегі қо­сым­шадан супер мобильді қо­сым­шаны – Halyk-ты жасай ал­дық, онда бүгінгі күнге дейін клиент­теріміздің қажеттіліктерін қанағат­тандыратын қаржылық және қаржылық емес қызметтер бар. Біз маркетплейс, саяхат, инвес­тиция және клиенттеріміз көп­теген түрлі бонус пен акция алатын Halyk Club-ты іс­ке­ қостық. Біз осының бәрін Halyk деп аталатын бір мобилді қосым­­шада біріктірдік. Қазір қосым­ша­мыз­дың­ бірегей қолданушы саны 6 млн­ 300 мыңнан асты», дейді ол.

«Freedom Bank» директорлар кеңе­сі төрағасының кеңесшісі Айдос Жұмағұловтың сөзінше, FinTech, GovTech және банкинг ком­б­инациясы инновациялық цифр­лық өнімдер құруға мүм­кін­дік­ береді.

«Қазір отандастарымыз ипо­­­те­­каны, автонесиені, бизнес­ке­ арналған онлайн кредитті үй­ден шықпай-ақ, тәулік ішінде рәсім­дей алады. Ипотекалық несие­ні 24 сағат ішінде алу – тек Қазақ­стан­да бар сервис», дейді Айдос Жұма­ғұлов.

«Банк ЦентрКредит» прези­ден­ті Руслан Владимировтың пайым­дауынша, бизнестің басқа құры­лымдары секілді қаржы нарығы да клиенттер сұранысына бейімделуде.

«Ай сайын біздің мобильді қосым­шамызды 1 миллионнан астам клиент пайдаланады. Ал күн сайынғы пайдаланушы саны – 250 мыңға жуық және олар 14 млрд­ теңгедей төлемдер мен ауда­рым­дарды жүзеге асырады. Сонымен қатар қосымшада FX-айырбастау арқылы 11 валю­та­лық жұпты сатуға және сатып алуға болады. Бұл опцияның көмегімен ай сайы­н 200 мыңнан астам операция­ жаса­лады. KASE биржасының көле­мі­мен салыстырғанда банк үле­сі 15 пайызға жуықтайды. Соны­­мен қатар физикалық алтын сату бойынша БЦК-ның нарық­та­ғы үлесі 50 пайызды құрайды. Сол себепті біз құнды металдарды сатып алу-сату бойынша онлайн-сервисті белсенді дамытып жатырмыз және жақын арада қо­сым­шада құйманы брондау қыз­ме­ті­ пайда болады», дейді банк бас­шысы.

Конференцияда қозғалған маңызды тақырыптың бірі – крип­­то­биржа мен банктердің интег­рациясы. Сарапшылардың ай­туынша, «АХҚО-да тіркелген Қазақ­стан банктері мен крипто­бир­жа­лардың өзара іс-қимылы жөнін­дегі» қанатқақты жобасына 5 криптобиржа – Binance, Ataix, Intebix, Xignal и Upbit және 8 екінші деңгейлі банк – Halyk Bank, Altyn Bank, Zaman Bank, Freedom Bank, Eurasian Bank, Bereke Bank, Nurbank және CenterCredit қатысқан.

Жоба нәтижесінде криптобиржа екінші деңгейлі банктермен интеграцияланып, банктік шоттар аша алады, клиенттерден фиаттық валюта қабылдайды және оларды цифрлы активтерге айырбастай алады. Қазірдің өзінде жоба қатысушыларының бірі Intebix «Еуразиялық банкпен» бірлесіп криптокарта шыға­руға келісті.

«Биржа халықаралық бол­ған­­­­дық­тан клиенттердің 70 па­йы­­зы – шетелдіктер, 30 пайы­зы – жергілікті клиенттер. Заң­ды­ тұлға­лардың 35 пайызы – АХҚО қатысушылары, 65 па­йы­зы­ – шетелдік заңды тұлғалар. Инно­­ва­ция тұрғысынан бізде криптобир­жа­ны мобильді әмиян арқылы тол­тыруға мүмкіндік беретін GSM-операторымен интеграция бар. Интеграция жасалды, бірақ біз мақұлдауды күтіп отырмыз», дей­ді «ATAIX Eurasia» бас директоры­ Ару­тюн Погасян.

«Binance Kazakhstan» бас менед­жері Жаслан Мадиевтің ай­туынша, криптобиржаның банк секторымен интеграциясы эко­но­микалық-әлеуметтік дамуға да әсе­рін тигізеді.

«Қазақстан – заңнамалық ба­за­­­ны реттеу бойынша да, на­рық­­­­ты­ дамыту бойынша да алға оз­­ған посткеңестік кеңістіктегі жал­ғыз ел. Осы факторлардың (заң­на­малық, қадағалау және инсти­ту­ционалдық) барлығын ескере оты­рып Қазақстанның ойыншылар­ды және цифрлы индустрияны дамы­ту бойынша әлдеқайда дайын­ бол­ғанын аңғару қиын емес», дей­ді ол.

«Biteeu Eurasia Ltd.» бас дирек­то­ры­ Талғат Досанов та жоба­ның үл­кен артықшылыққа ие екенін атап өтті.

«Бұл нағыз клиентке бағ­дар­ланған қадағалаушы деп айтар едім. Осыған дейін бізде қада­ға­лау­шымен күн сайын телефонмен немесе поштамен байланысып отырған жағдай болған емес. Бұл – үлкен артықшылық. Жобаның дамуы үшін қада­ғалаушы барлығын істеп жатыр. Мемлекетіміздің бұл индустрия­ны қолдап отырғаны да көп көмегін тигізуде», дейді.

Қазір криптонарықтың капи­тал­дануы 1,17 трлн долларды құ­райды. Кей елдер криптовалютаны төлем құралы ретінде мойын­дап, кей елдер криптобизнесті қада­­ғалауға қатысты заңнамалық база қалыптастырып жатыр. Оның үстіне криптобиржаның құлдырап кетуіне байланысты цифрлық активтерді қадағалауды жақсартуға қойылатын талаптар да жоғарылап кетті.