Жуырда білім жүйесіндегі бұрынғы «Kundelik.kz» «Bilim Land» атауымен қайта іске қосылды. «Мұғалім – оқушы – ата-ана» пирамадалық құрылымы негізінде жұмыс істейтін жобаның артықшылығы мен кемшілігі қандай?
Бұл сұрақтың жауабы «Egemen Qazaqstan» газетінің №110 (30589) санында жарық көрген «Білім реформалары хақында» мақаласында айтылған.
Мақала авторы Нұрғали Маханның пікірінше, «Bilim Land» арқылы оқушы күнделігінің жойылып, сынып журналының электронды нұсқаға көшуі педагогика-психологиялық тұрғыдан қате шешім болған. Мектеп ең кемі 5G интернетпен, оқушылар 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етілген жағдай болса, әңгіме бөлек болар еді. Орта есеппен 1 мың бала оқитын мектепте 170-250 оқушы ғана компьютермен қамтамасыз етілгені көңіл көншітпейді.
Осы тұста мақала авторы - жоғары санатты шебер-педагог «Bilim Land» арқылы оқушының білім деңгейін анықтау қаншалықты дұрыс деген сауалға жауап береді.
«Сыныпта журналдың болуы, сол журналдың соңғы парақтарындағы оқушы туралы толық мәлімет және оқушыға күнделікті баға қою мұғалімге оқушыларды психологиялық тұрғыдан толық зерттеп білуіне мүмкіндік тудыратын еді. Қазіргі мұғалім өз оқушыларын тұлға ретінде жеке зерттеуі былай тұрсын, оларды толық танып білмейді де. Оған мүмкіндігі де, уақыты да тапшы», дейді Нұрғали Махан.
Педагогтың айтуынша, сыныпта қарапайым, біз білетін дәстүрлі журнал болса, оқушы оған қойылған бағаны өз көзімен көріп, сабаққа қарай бет бұрар еді.
«Журнал қолымызда тұрғанда тоқсан соңында оқушыдан ауызша не жазбаша сынақ алып, «егер «4»-ке не «5»-ке шыққың келсе, мына тақырыпты оқып кел», деп тапсырма беретінбіз. Бұл әдіс баланың білімге деген ынтасына әсер ететін. Қазір ол жоқ. Бүкіл мектепте интернеттің 2-3 нүктесі ғана бар. Ол жердегі мұғалімдер арасындағы кезектің өзін айтпағанда, мектептегі интернет нүктелерінің өзі күндіз нашар, тек түнге қарай жақсы жұмыс істейді екен. Бұл жаңа электронды жүйе мұғалім мен оқушысы компьютермен толық қамтамасыз етілген, интернеті мүлтіксіз жұмыс істейтін елдерге қолайлы шығар. Ал біздің жағдайда бұл мұғалім психологиясына әсер етеді. Себебі мұғалім жалақысы «Kundelik.kz» арқылы толтырылған журнал бойынша есептеледі», деп түсіндірді автор.
Тағы да бір қызық жайт, мұнда оқушыға «2» деген баға қоюға болмайды екен. Егер мұндай баға қойылса, «Kundelik.kz» базасындағы тұтас аудан, қала берді облыстың білім деңгейінің көрсеткіші түсіп кетеді. Оқушыға қойған «2» деген баға үшін пән мұғалімінен бастап, мектеп әкімшілігі түгел «жоғарыдағылардың» алдында жауап береді. Оның үстіне «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша оқушыға «2» қою былай тұрсын, «сенікі қате», «дұрыс емес» деп те айтуға рұқсат жоқ.
«Ұстаздардың жүйкесін жұқартып отырған тағы бір мәселе - кәсіби біліктілігін анықтау мақсатында олардан алынатын тест-сынағы. Анығын айтқанда, мұғалімнің шын білім дәрежесін тест-сынақтары анықтап бере алмайды. Меніңше, қай заманда да мұғалімнің білім деңгейі оқытқан оқушыларының білім көрсеткіштерімен анықталған. Сондықтан мұғалімнің деңгейін оқытқан оқушыларының білім көрсеткішімен есептеу керек. Ол үшін мұғалімнің 2-3 жыл сабақ берген сыныбынан жазбаша және ауызша сынақ алу жөн болар еді», дейді маман.